Бейнеу ауданында жалпы құны 2 млрд 48 млн 451 мың теңге болатын 13 жобаны орындау жоспарланды. Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Әзірханов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған жобалар жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы бағдарламасы аясында орындалады. Оның ішінде 12 жобаға жергілікті бюджеттен 2 млрд 38 млн 51 мың теңге бөлінді. Ал 1 жобаға облыстық бюджеттік бағдарламадан 10,4 млн теңге қарастырылған.
Нақтыласақ, жобалардың 5-еуі – инвестициялық, оның құны – 986,4 млн теңге. Ал 8 жоба орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына қатысты болмақ. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 62 млн теңге. Жобаларды орындау барысында Бейнеуде 551 жаңа жұмыс орны құрылады. Қазіргі таңда барлық жоба бойынша мемлекеттік сатып алу процедуралары аяқталып отыр. Әлеуетті өнім берушілердің 85% жергілікті шағын кәсіпкерлік өкілдері.
«Аудан орталығындағы көпқабатты үйлердің алғашқысы 40-45 жыл бұрын пайдалануға берілген. Осы уақыт аралығында көпқабатты үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Қазіргі уақытта көпқабатты үйлердің шатыры тозығы жеткен. Жауынды күндері су өту мәселесі бар. Қауіпсіздік және көше келбетін бұзу мәселелері де бар. Әкімнің есеп беру кездесулерінде де, әлеуметтік желілерде, жеке қабылдауда да халық тарапынан бұл мәселе жиі көтеріледі», - дейді Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Әзірханов.
Аудан әкімнің орынбасары Бекзат Әзірхановтың айтуынша, 4 жоба бойынша 32 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті жөнделеді. Аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары заманауи түрлі түсті темір шатырларға ауысады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА