8 маусым күні Түпқараған ауданында теңізге түскен 5 адамды итбалық тістеп алған. Бұл туралы Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оқиға сағат 19:40 шамасында болған. Суда шомылып жүрген 1999, 2003, 2007 және 2013 жылы туған ұлдар мен 2013 жылы туған қызды итбалық тістеген. Олардың үлкені – 20 жаста, ал кішісі 7 жасқа толмаған.
Жедел жәрдем бригадасы жараланған екеуін Түпқараған аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізді, ал қалған зардап шегушілер ауруханаға өздері барған.
Дәрігерлердің айтуынша, олардың оң және сол жақ білектері тістелген.
«Науқастарға алғашқы хирургиялық өңдеулер мен құтырмаға қарсы вакцина егілді. Содан кейін үйлеріне қайтарған. Ауруханаға жатқызу қажеттілігі болған жоқ. Алдағы уақытта медициналық көмектің қажеттілігі болса, мекенжайы бойынша жалпы тәжірибелік дәрігерді үйге шақыртып, әрі қарай ем-дом шараларын ала алады», - дейді МО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Медицина қызметкерлері тұрғындардың суға шомылу маусымы кезінде сақтық шараларын қадағалауды сұрайды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА