Бейнеуде автомобиль жолдарын орташа жөндеу, жаңа жолдар салу жұмыстары кезең-кезеңімен іске асады. Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Әзірханов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жол картасы бағдарламасына бөлінген қаржының үштен бір бөлігі автомобиль жолдарын жөндеуге бағытталған болатын. Сонымен қатар Ақжігіт, Есет ауылдарына электр желілерін тарту, аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратын жөндеу және Тәуелсіздік алаңын абаттандыру жұмыстары жоспарда бар.
«Өздеріңіз білетіндей келесі жылы Тәуелсіздік туының көтерілгеніне 30 жыл толмақ, соған орай аудан орталығындағы Тәуелсіздік алаңын абаттандыруды, брусчатка төсеу жұмыстары қосылған болатын. Айта кетейін, жол картасы бағдарламасы аясында орындалатын жобалар ішінде абаттандыру бағытына бағытталған тек осы жоба, ал қалған жобалар халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған», - дейді Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Әзірханов.
Қазіргі таңда барлық жоба бойынша жұмыстар басталды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА