Ақтауда коронавирус індетін жұқтырған әйел босанғаннан кейін, 21 күн емделіп, сауыққан соң үйіне жіберілді. Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
22 сәуірде жүкті әйелдің коронавирус жұқтырғаны белгілі болып, шұғыл түрде инфекциялық стационарға жеткізілген болатын.
Мамандар кесір тілігін жасап, өмірге салмағы 2,7 келі қыз бала келген еді. Сол кезде жаңа туған нәрестеден де коронавирусқа талдау алынған. Нәтижесі теріс екендігін көрсетті, өзін жақсы сезінген сәби алғашында провизорлық стационардың балалар палатасына ауыстырылып, соңынан үйіне жіберілген болатын. Ал анасы стационарда қалып емін жалғастырды және білікті медицина қызметкерлерінің үздіксіз қадағалауында болды.
Еске сала кетейік, провизорлық стационарға түскен науқас әйел жүктіліктің 36-аптасында болған. Одан коронавирус инфекциясы анықталып, босанған әйелдің жағдайы тұрақты деп бағаланды. Вирус жұқтырған әйелді босандыру облыстық перинаталдық орталықтың, акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының (Алматы), ахуалдық орталықтың (Нұр-Сұлтан) мамандарымен келісілген болатын.
Жас ана толық емдеу курсынан өткен соң ПЦР-анализ жасалып, оның нәтижесі теріс деген қорытынды көрсетті. Науқастың жағдайы қанағаттанарлық, ендігі жерде ол үй карантинін сақтауы тиіс. Қазір үйіне жіберілген ана 21 күн көрмеген сәбиін бауырына басты.