Маңғыстау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында интернетте өтетін заңсыз лотерея ойындарының салдары айтылған тікелей эфир өтті. Тақырып ай сайын дәстүрлі түрде өтетін «Халық заңгері» жобасы аясында талқыланды. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Эфирге Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің Штаб басшысы Халымгерей Кетебай мен Жедел басқарма басшысының орынбасары Ғабит Абуғалиев қатысып, облыс тұрғындарының интернетте өткізілетін заңсыз ойындарға қатысты сұрақтарына жауап берді.
Соңғы кездері әлеуметтік желіде оқырманы көп блогерлер мен әртістер лотерея ойындарын жиі ұйымдастырып, жарнамалайтынына куә болып жүрміз. Қымбат көлік, қаланың ортасынан бірнеше бөлмелі пәтер, шетелге жолдама ұтысқа қою арқылы халықты сыйлықтармен қызықтырып, билет бағасын бірнеше мыңға бағалап, сату жұмыстарын жүргізеді. Алайда, мамандар қазіргі кезде лотерея өткізетін жалғыз оператор – «Сәтті Жұлдыз» АҚ бар екенін, лотерея өткізу осы АҚ тиесілі екенін, ал жеке тұлғалар мен мекемелердің лотерея өткізуі заңсыз деп саналатынын атап өтті.
«Егер заңсыз ойындарға қатысқан жағдайда, салымдарын керу қайтару қиын, көп жағдайда мүмкін болмайды. Бұндай ойындардан аулақ болуға шақырамыз» дейді мамандар.
Айта кетейік, экономикалық тергеу департаментінің мамандары интернетте өткізілетін заңсыз лотереялармен қоса, кішігірім конкурстарды да қадағалау керектігін жеткізді. Әрбір өткізіліп отырған конкурстың өткізулі уақыты мен орны, қалай жүргізілетіні туралы ақпараттар ашық болуы тиіс екенін айтты.
Сонымен бірге облыс тұрғындарына қандай да бір экономикалық қылмыстарға тап болған жағдайда тәулік бойы 40-36-59 сенім телефонына хабарласуға болатынын айтты.