Биыл Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының құрылғанына жиырма жыл толғалы отыр. 2003 жылы наурыз айында бой көтерген іргелі өнер ордасы бүгінде еліміздегі маңдайалды театрлардың қатарынан көріне алды. Биыл жиырмасыншы маусымы ашылған өнер ұжымы көрерменге жыл сайын жаңа спектакльдер ұсынып келеді. Одан бөлек елімізде және шетелдерде өткен театр фестивальдерінде бірнеше рет жүлде алды. Театрдың директоры Гүлсина Мирғалиевамен облыстағы өнер ұжымының тыныс-тіршілігі туралы сұхбат құрған едік.
- Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театры еліміздегі ең жас театрлардың бірі. Ашылғалы өнер ұжымы діттеген мақсатына жете алды деп есептейсіз бе?
- Өткен жылдың қыркүйек айында біздің театрдың жиырмасыншы маусымы ашылды. Көзді ашып-жұмғанша жиырма жыл да өте шығыпты. Бұйырса, сәуір-мамыр айында республикалық деңгейде басқа театрларды шақырып, мерейтойымызды атап өтпекпіз. Осы жылдар ішінде фестивальге арналған спектакльдер қойдық. Көптеген актерлеріміз тұлға ретінде өсті. Әр фестивальге барған сайын біз жүлдесіз қайтқан емеспіз. Сондай-ақ репертуарымыздың қатарында өзге өнер ұжымдары қоймаған спектакльдер жеткілікті. Басқа театрлар қоймаған дүниелерді көрермен ерекше қабылдайды. Мәселен, репертуарымызда қазақтың тұңғыш бард әншісі Табылды Досымов туралы драма бар. Жалпы заманауи дүниені көрермен жылы қабылдады ғой. Қазақтың алғашқы бард әншісі болғандықтан сұраныс та ерекше болды деуге болады. «Шекспирді» барлық театр қойып жүр. Біз де одан айналып өтпедік. М.Әуезов, М.Мағауиннің сахналанбаған туындыларын театрда сахналадық. Бізге осы қадамдарымыз үшін өз уақытында белгілі театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығай, Еркін Жуасбек сынды мамандар лайықты бағасын берді.
- Жалпы еліміздегі қай театр ұжымын ерекше атап өтесіз?
- Алматы мен Астананың театрларын айтпай қалмау мүмкін емес. Астаналық театрлар үнемі алда жүруі керек. Алайда Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры ғана көшбасшы болып тұр. Себебі, онда екі мықты режиссер бар. Астанада театр көп. Бұрын бір-екі театр ғана еді, қазір олардың қатары толыға түсті. Олардың арасында жас көрермендер театры мен музыкалық жастар театрының орны ерекше. Бұлардың аяқ алысы өте жақсы.
Солармен қатар Н.Жантөрин театрының аты қатар аталады. Біз олармен бәсекеге түсіп жатқан жоқпыз. Тек өнер жолындағы жұмысымызды лайықты атқарып жатырмыз. Актерлер құрамы да өз міндетін адал да таза атқарып келеді. Бізде осы жылдар ішінде білікті актерлер құрамы жасақталды. Кино түсіруге бел буған режиссерлер Маңғыстау театрында қандай әртістер бар деп үнемі сұрайды. Кейде өзге өңірлерде театрдың атын білгенмен әртістің атын білмейді. Ал біздің актерлерді өңір халқынан бөлек республика жұртшылығы жақсы біледі. Медғад Өмірәлиевтің орны ерекше, ол театр және кино актері. Әлихан рөлі арқылы көпшіліктің жадында ұмытылмастай болып қалды. Рамазан Ақтаевты да танымайтын жан кемде-кем. Майра Бақбердиева бірнеше рет халықаралық және республикалық театр фестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымына лайық деп танылды. Соңғы рет желтоқсанда Қазақстан театрларының 2022 жылдың қорытынды нәтижесі бойынша театр сыншылары бірлестігінің жүлдесіне ие болды. Сол жолы "Менің атым Қожа" қойылымындағы Милат рөлі үшін "Екінші пландағы жыл актрисасы" номинациясымен «Мәдениет саласының үздігі» Майра Бақбердиева мерейімізді тасытты.
- Маңғыстаудағы театр музыкалық драма бағытында екені белгілі. Жас көрермендермен қатар орыстілді көрерменнің де талғамынан шығып келесіздер...
- Бізде әр сенбі сайын балалар үшін спектакль қойылады. Бейсенбі күні орыс тілді көрермендерге қойылым ұсынылады. Бұл кездері де көрермен залда лық толы болады. Өзге ұлттың өкілдері келетінін байқаймыз. Қазақша рөл ойнап жүрген актерлеріміз де орысша спектакльдерде ойнай береді. Қалған күндері барлық қойылымдар тек қазақ тілінде ұсынылады. Жоғарыда айтқанымдай, театрда өзгелерде жоқ спектакльдер жетерлік. «Әлиханның аманатын» арнайы тапсырыспен Нартай Сауданбекұлына жаздырдық. Алда тағы да осындай тапсырыспен жазылған спектакльдерді сахнаға шығаруды жоспарлап отырмыз.
- Театрдың көркі әртістер екені белгілі. Жалпы, театр труппасы қалай жасақталды?
- Бізде әртістер құрамы жеткілікті. Содан болар, биыл оқу бітірген жас әртістерді шақырмадық. Дегенмен, біздің театрға Маңғыстаудың Алматы мен Астанада оқыған көптеген түлектері оралды. Бойлары биік, еңселі, тұлғалығымен көпшіліктің есінде қала білді. Асанәлі Әшімовтің курсынан оқу бітіріп, бізге келді. Кеше ғана сахналаған М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» қойылымында тек жастар ғана ойнады. Сахнада Рамазан, Медғад, Майра мен Анар жүрсе көрермен өте жақсы көреді. Бірақ бізге жастарды да көрсету керек. Олардың да жанкүйерлері болуы керек. Танымал әртістеріміздің өз көрермені бар. Орта буынның да өз табынушылары бар. Еркебұлан, Ұлдана, Сағадат, Нұрсұлтан сынды жастарымыз жақсы өсіп келеді. Жалпы, біздің әртістердің құрамы өте мықты.
- Жиырма жылда көрерменге лайықты дүниелерді ұсына алдық деп есептейсіз бе?
- Театрдың 15 жылдығына орай әртістердің сомдаған рөлін топтастырып, ар-найы альбом шығарғанбыз. Биыл 20 жылдыққа тағы да шығаруды жоспарлап отырмыз. Осы жылдар ішінде көрерменіміз де қалыптасты. Қарап отырсақ, қойылымдар арқылы көрерменнің азаматтық позициясы да қалыптасты. Әлихан, Табылды сынды образдар сахнада сомдалғаннан кейін оның байқалуы заңдылық. Сондықтан театрға келген әрбір көрерменге белгілі деңгейде ой сала алдық деп есептеймін. Кейде театр ешкімге керек емес дейтіндер бар. Бірақ ол қате ұғым. Өнерді іздеп жүретін ел көп. Арасында қалталы азаматтар да аз емес.
Ерекше айтатыным, олар түгелдей бізге көмек қолын созып отырады. Олардың арасында театрға бару жақсы үрдіске айналған. Олардың бәрі руханиятқа ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев талай рет көмек қолын созып, әртістердің Семей, Астанаға гастрольге шығуына демеушілік жасады. Альбом шығаруға жәрдемін тигізді. Сол жолы Семейде Медғад Өмірәлиев «Ең үздік ер адам рөлі» аталымына лайық деп танылғаны бар.
- Қойылымдарға кімдер режиссерлік етіп жүр?
- Театрда екі режиссер бар. Біреуі өзім, екінші Әлия Исаева. Әлия режиссура бойынша магистратураны бітірді. Өте талғамы биік, білімді маман. Көптеген танымал режиссерлерді шақырып жүріп, Әлия ассистент ретінде мықты режиссер болып қалыптасты. Мәселен, Сергей Потапов, Фархад Молдағалиев, Асхат Маемеровтерге ассистент бола жүріп, үлкен мектептен өтті. Ол осылай өсе берді. Биыл қазақша қойылымдармен бірге орысша спектакльдерді де қояды.
Біздің ұжым үш театрдың жүгін арқалап отыр. Балалар мен жасөспірімдер үшін спектакль қойса, қазақ көрерменімен қатар орыс тілінде де қойылымдарды ұсынып келеді. Біз музыкалық драманы да қоямыз. Үнемі жан-жақты ізденістеміз. Күні-түні театрдамыз. Бұл жақсы ма, жаман ба, білмеймін (күлді). Біз театрдың шынайы жанкүйеріміз. Осы өнерде өмірім қатар өтіп жатыр. Әртістердің барлығы кәсіби білім алған. Арасында жастайынан өзім баулыған әртістер де жетерлік. Мысалы, Эльмира Керімбай өнер академиясында оқыған жоқ. Оның жоғары білімі бар. Оның кәсіби әртіс болып қалыптасқаны сонша, барлық театр сыншыларын өзінің интелектісі әрі сахнадағы ойынымен мойындата алды.
- Жантөрин театрының репертуарында қанша спектакль бар?
- Қазіргі уақытта жүзден астам қойылым бар. Олардың жетпістен астамы ар-найы жүлдеге ие болды. Бізде елеусіз қалған спектакль жоқ. Репертуар таңдау да үлкен жұмыс. Оның да өз саясаты бар. Ұзақ кеңесе келе, біреуіне тоқтаймыз. Балалардың да талғамын ескереміз. Ересектер үшін заманға сай дүниелерді ұсынуға тырысамыз. Мысалы, «Алғашқы махаббат» балалар үшін керемет қойылым болды. Біз мүмкіндігінше барлығын қамтуға тырысамыз. Бірінші рет театрға келген адамды ұстап қалу үшін керемет қойылым ұсынамыз. Мысалы, «Бір түп алма ағашы» сияқты. Мәселен, осы қойылымды фестивальдерге апарсаң сыншылардан бірден «таяқ жеп» шығасың. Ал бірақ бұл қойылым көрерменді бей-жай қалдырмайды. Ертең Әлия Исаева қойғалы отырған Жабал Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы» қойылымына бірден реакция байқалады деп ойлаймын.
- Дәстүрге айналған «Әбіш әлемі» фестивалі әртістерге не береді, осыған дейін не бере алды? Сізге не берді?
- Мен қалың орыстың ортасында туған қазақпын. Ресейдің Самар облысында туып-өстім. Сол жақта оқыдым. Кейін Алматыға аттанып, білім алып, күтпеген жерден Маңғыстауға жұмысқа келдім. Сол кезде алғаш рет Ә. Кекілбаев шығармаларымен таныстым. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мысалы, көп адамдар Әбішті оқымаған. Себебі, оны оқу үшін интеллект керек. Екіншіден, шыдам мен сабырлылық қажет. Бір әңгімесін оқу оңай емес. Оның «Абылайхан» қойылымы, аудармалары арасында «Король Лир», «Ромео мен Джулеттасын» сахнадан көрсеттік. Оның әңгімелерін оқып шыққан соң, «Бір шөкім бұлт» деген спектакльді қою туралы шешімге келдім. «Абылайханды» қойдық. «Күйді» де сахналадық. Оның ішінде «Аңыздың ақыры» мен «Күйді» тоғыстырдық.
Сергей Потапов аударған «Шыңырауды» да сахнаға шығардық. Әбіш Кекілбаевты сахналап жүріп байқағаным, рухани кемелдене бересің. Өзіңді ерекше сезініп, Әбіштің көптеген шетелдік танымал жазушылардан мықты екенін аңғарасың. Ол тереңдігігі жағынан көптеген жазушылардан биік тұрады. Беріде Нұрнияз Мұқанұлы «Әбіш әлемі» атты республикалық театр фестивалін өткізу туралы бастаманы қолға алды. Кейін халықаралық деңгейге көтердік. Ол кісі осы идеяны айтқанда алғаш естігендердің бірі болдым. Осы арқылы Кекілбаевты кеңінен насихаттау идеясы тұрды. Және оны жүйелі түрде жүзеге асыра алдық деп есептеймін. Театр арқылы кез келген нәрсе халыққа тез жетеді. Әбішті оқып, оны сахналағанда көптеген режиссерлер одан кете алмайды. Әсерінен көпке дейін арыла алмайтыны анық. Фестиваль өткізу барысында келген әртістерге кітаптарын тараттық. Шетелдіктерге де осы рәсімді жасадық. Келесі келгенде Әбіштің қойылымдарын сахналасын деген ниеттен туған дүние еді мұның бәрі. Былтырғы «Әбіш әлемі» халықаралық театр фестивалінде шетелдіктер өкінішке қарай Әбіш Кекілбаевтың туындыларын сахналамады. «Король Лирдің» аудармасын Маңғыстау театры қойды. Кейін «Ромео мен Джулеттаның» Алматыдан келген өнер ұжымдары қойды. Әбіштің шығармасы көптеген тілдерге аударылды ғой. Алда оның шығармасы аударылған елдердің әртістері сахналаса деген ой бар.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Заңғар Аманкелді