Ақтаудағы Абай атандағы мәдени-демалыс кешені өңірдегі іргелі өнер ордасының бірі. Қаладағы мәдениет ошағы талантты жастардың томағасын сыпырып, үлкен өнер жолына ұшырып келеді. Биыл Ақтау қаласының іргетасының қаланғанына 60 жыл толғалы отыр. Осынау торқалы тойдың қарсаңында ұлы ақынның есімін иеленген мәдени демалыс кешені бірқатар ауқымды іс-шараларды өткізгелі отыр. Осы ретте мекеме директоры Әмірхан Құлбаев mangystaumedia.kz-ке арнайы сұхбат берген болатын.
- Әмірхан аға, Абай атындағы мәдени-демалыс кешені өткен жылы қала тұрғындары мен қонақтарына естен кетпес рухани әсер сыйлағанына күмәніміз жоқ. Осы орайда 2022 жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап өтсеңіз...
- Абай атындағы мәдени-демалыс кешені өткен жылды рухани дүниелермен табысты өткізді. 2022 жылы Ақтауда ұзын саны 126 іс-шара өткізіппіз. Қала тұрғындары мен қонақтарына естен кетпес әсер сыйлап, саф өнерін көрсетті. Жыл бойы 136 800 адам біздің мекеме ұйымдастарған шараларға куә болған жайы бар. Сонымен бірге, бізде әр түрлі кездесулер өтеді. Үлкен және кіші залда өтетін іс-шараларыз бар. Тіпті, орталық фойесінде түрлі көрмелер ұйымдастырылып жатады. Қаладағы оқу орындарында оқитын студенттер, мектеп оқушылары келіп осының бәріне сан рет куә болды. Одан бөлек түрлі сайыстар да өтті. Жалпы, Абай атындағы мәдени-демалыс орталығында 39 шығармашылық ұжым табысты еңбек етіп жатыр. Онда 919 бала білікті мамандардан тәлім алады. Әр түрлі бағытта оқып жүргендердің дені өздерін талай рет топ алдында дәлелдей алды. Халықтық атаққа ие сегіз ұжымға ерекше назар аударғым келеді. Олардың барлығы кезінде халықтық атақ алды. Оның ішінде «Гвоздь» театры, орыс әндері хоры, «Альтайр» би ансамблі, соғыс және еңбек ардагерлерінің хоры, үрмелі аспаптар оркестрі, Ақтау сазды-фольклорлы ансамблі, «Аққу» би ансамблі секілді халықтық атаққа ие. Бұлар мәдениет саласына жауапты министрліктің арнайы комиссиясының қатысуымен атағын қорғаған өнер ұжымдары саналады. Мұнда түрлі ұжымдар өздерінің жоспарға сәйкес өнерін көрсетіп, шешім бойынша бекітіледі. Бұл ұжымдарға атақ берген кезде кадрлық бірлік береді. Сол арқылы мемлекеттің қамтуына өтеді. Жетекшілеріне айлық еңбекақы беріп, сол арқылы ұжымдар құрылады. Кейбір ұжымдарда ақылы топтар бар. Сол арқылы мамандар айлық табысын табады. Себебі, кейбір педагогтар сала бойынша атағы жоқ. Соған қарамастан олардың қарым-қабілетін жастарға үйретіп, жұмыс істейді.
- Үлгілі ұжым туралы айтып қалдыңыз. Олардың құрамына тоқтала кетсеңіз...
- Үлгілі жеті ұжымымыз бар. Олардың қатарында «Молодость» джаз ансамблін көпшілік жақсы біледі. Бес саксафоншы қыздарымыз өнерсүйер қауымның талай рет алғысын алды. «Радуга» балалар шығармашылық студиясы бар. Ол да үлгілі атақ алған. «Колибри-Арт» студиясы, «Ритм girls», «Настроение», «Меруерт», «Ақкербез» би ансамлдері бар. Бұлар алда халықтық атаққа қол жеткізуге жұмыс істеп жатыр. Биыл біздің ұжымдар дайындықтарын пысықтап, комиссия алдында Маңғыстау облысындағы мәдениет ошақтарындағы атақты қорғау үшін өнер көрсетеді. Комиссия олардың қандай жұмыс істеп жатқанын, репертуарын, тағы басқа жұмыстарын тексермек. Оқып жатқан тәлімгерлерді, олардың жетістігін, қанша жылдан бері оқып келе жатыр, осы секілді бағыттары сынға түспек.
- Өткен жылы өткен байқауларды ел ұмытпаған болар. Биыл жоспарға сай қандай шараларды өткізу көзделіп отыр? Өнерпаздарымыз үшін мұндай сынның қандай берер пайдасы болмақ?
- 2022 жылы бізде қалалық дәстүрлі байқаулар өтті. «Ақтау ханшайымы» атты кішкентай қыздардың сән сайысы ұйымдастырылды. Оларды сайысқа бір жыл бойы дайындағанбыз. «Ғасырлар үні» атты дәстүрлі аспаптар және жыр-терме байқауы бар. Жыл сайын дәстүрді ұлықтау мақсатында мұндай шараны өткізуді назардан тыс қалдырмаймыз. Жыл сайын оған мән беріп, қаржы қарастырылады. Әр түрлі бағыттағы жыр-терме, Ақтау қаласындағы өнер мектептері және жеке айналысып жүрген жастардың басын қосып, сайыста бақтарын сынаймыз. Сол сайыстарда оза шауып, олжа салғандарды марапаттап, қаржылай сыйлықтарды береміз. Сондай деңгейдегі түрлі шараларды ұйымдаруды біздің орталық жүзеге асырады. Одан басқа «Музыкальный вояж» деген әншілер сайысы бар. Биыл бұл сын отызыншы рет өткелі отыр. Мерейтойға орай Ақтау қаласының 60, Маңғыстау облысының құрылғанына 50 жыл толуына орай қалаға арнап ән жазған және орындап жүрген өнерпаздардың сайысын ұйымдастырғалы отырмыз. Композиторлар мен ақындар байқауы болады. Мысалы, ақын өлеңін жазып, сазгер әнін шығарса оларға қазылар баға беріп, деңгейіне қарай сұрыпталып, жүлде беріледі. Әншілердің өзі де Ақтау туралы жаңа әндерді 2022-2023 жылдары шыққандарын өткізеді. Бұл сайыста жүлдеге қомақты қаржы беріледі деп отырмыз. Ақын мен сазгерді қатар ұлықтаудың жөні бөлек. Оларға 250-500 мың теңге аралығында қаржылай сыйлық табысталады. Ынталандыру мақсатында, әр түрлі бағытта жазылған әндердің ары қарай танылуына үлес қоссақ деген ойдамыз. Бұл тек сайыспен шектелмей, барлығын жинап, қаланың мерейтойында үлкен сахнаға шығарсақ деген ойдамыз.
- 39 өнер ұжымы туралы айттыңыз. Олардың барлығын концерттерге қатыстырып отырасыздар ма?
- Біздегі 39 ұжымның ішіндегі бишілердің қатысуымен шоу өтеді. «Тан-цевальный рай» атты Серік Сариевтің қатысуымен өңірдегі барлық би ұжымдарының басын қосып, үш күндік сайыс өтеді. Сайыс аясында шеберлік сағаттары, Алматы мен Астанадан келген балетмейстерлер сабақ береді. Сайыста іріктеліп шыққан балалар білікті мамандардан осылай сабақ алады. Бұл да бишілер үшін таптырмайтын мүмкіндік болмақ. «Жыр-ғұмыр» атты термешілер байқауы бар. Термешілер арасында үздіктерін іріктеп, жыл бойы өтетін концерттерге қатыстыратын боламыз. Олар түрлі қоғамдық-саяси мерекелерге орай ұйымдастырылатын мәдение шараларда өнерін көрермендерге паш етеді. Біздің мұндағы мақсаты өнерліге өріс ашып, мүмкіндіктерін пайдалануға септігімізді тигізу болып отыр. Мәдениет сарайының сахнасында өтетін шараларда өнер көрсететін кез келген қатысушы өз талантын таныта алады. «Лига модели» деген сайыс бар. ол жерде түрлі сәнгерлер өздері дайындаған киім үлгісін ұсынып, жақсы бәсеке өтеді. Бұл сынды өткізу бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған.
- Бұдан басқа қандай шараларды мәдени демалыс орны атқарып отыр?
- Тек қана қала тұрғындарына ғана емес, жақын мандағы әскери бөлімдерде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарымыз да бар. «Сарбаздар ән салғанда» атты ерекше мәдени шара өткізгенбіз. Саптық жүріспен ән айту сайысының да өз көрермені жеткілікті. Оларды да қамтып отырып, мәдениет сарайы маңындағы алаңда жылда өнер көрсетеді. Биыл оның ауқымын көбейтіп, амфитеатрда өткізу жоспарланып отыр.
Бұған әскер қатарында өнерге таласы бар сарбаздар қатысады. Әрине, оны ұйымдастыру барысында олардың бос уақытын таңдаймыз. Себебі, әскери жұмыс күні-түні тоқтамайды. Олардың да өміріне назар аударып, мәдениетке тарту біздің орталықтың басты мақсатының бірі.
- Маңғыстаулық суретшілердің алды республикаға әйлігі. Сіздерде сурет өнеріне қандай маңыздылық беріліп отыр?
- Бұдан өзге қылқаламды серік еткен суретшілердің де аяқ алысы біздің назардан тыс қалған емес. Қалада суретшілер байқауы, түрлі көрмелер өтеді. Онда жергілікті суретшілерді теңіз, қала, өңірдің табиғаты туралы суреттері қойылып, көрермен бағасын алады. Көрме тек бір рет өтуімен шектелмейді. Түрлі концерт барысында орталық фойесінде көрермендер куә болады. Бейнелеу өнерімен шұғылданушыларға қолдау көрсетіп отырамыз. Кейде қала сыртына шығып, ақылдаса отырып, түрлі жерді таңдаймыз. Оның ішінде теңіз жағалауы, Айрақты, Шерқала секілді табиғаттың таңғажайып туындылары бар. Мұндай сапарлар шеберлік сағаттары секілді сипатта өтеді. танымал суретшілерді шақырып, жастарға тәлім береміз. Ақтаудағы 7 шағынауданда «Арт» галерея деген сурет көрмесі бар. Мұндай шеберлік сыныптары жиі ұйымдастырылады. Олардың да өнері ерекше. Қалай тез сурет салуға болады, қабілет деңгейін арттыру, қандай форматта жұмыс істеу деген секілді технология мен техниканы белгілі қылқалам шеберлері үйретеді. Бұл жастарға ерекше тың серпін береді. Себебі білікті ұстаздан тәлім алу қай кезде де оларды тек алға жетелеп, қарым-қабілетін ұштай түседі. Сурет салу деген уақытпен бірге дами түсетін үрдіс. Осы орайда жас суретшілердің қарымын аша түскеннің пайдасы орасан. Біздің мақсатымыз - жастарды баулып, қолға алған өнерді орта жолдан тастап кетпеуіне мұрындық болу. Көбі орта жолға жеткенде қиындығын көріп, сурет салуды қойып кетеді. Басқа суретшілердің туындыларын көру, олардан үйрену тек қана жастарымызды өсіре түседі.
- Айтыс өнеріне қаншалықты мән бересіздер?
- Біздің мәдениет сарайында дәстүрлі түрде айтыс өтеді. Былтыр Қаз дауысты Қазыбек биге арнап қала ақындарының айтысы өтті. Биыл да Ақтау қаласының 60 жылдығына орай айтыс аламанын ұйымдастырмақ ниеттеміз. Оған тек өлкенің ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен айтулы ақындарды шақырсақ деген ойдамыз. Оның барлығы қаржы мәселесінің шешілуімен тікелей байланысты болмақ. Қазір осының жоспарын жасап жатқан жайымыз бар. Алда қала мерекесіне орай қор құрылып, оған демеушілер есебімен қолдау болса айтқан жобаларымызды өткізуге мүмкіндік молынан туғалы отыр.
Былтыр өткен 126 шараның ішінде қоғамдық-саяси мерекелерде, оның ішінде наурыз, Амал мерекесі, Тәуелсіздік күні секілді атаулы күндерде біз концерттер ұйымдастырып, Ақтау тұрғындары мен қонақтарына тарту жасап келеміз. Онда да қаланың жас өнерпаздары өнерлерін паш етті.
- Жалпы шығармашылық кештерді өткізіп келе жатқандарыңыздан хабардармыз. Сол туралы да тарқата отырсаңыз?
- Біздің орталық қала әкімдігіне қарасты мекеме болғандықтан басқа да шаралар өтеді. Мұнда түрлі ақын-жазушылардың кештері де жиі өтеді. Оған біз техникалық қолдау көрсетіп, кештің өтуіне мұрындық болып келеміз. Кеше ғана белгілі ақын Светқали Нұржанның шығармашылық кеші дүрілдеп өтті.
Ақтөбе облыстық драма театры арнайы келді. Театр ұжымы өз қойылымын ұсынды. Көрермен ықыласына бөленіп, мәдениет үйі ұжымына алғысын айтып аттанды. Біздің өңірдің бірден бір мәдениет сарайы болғандықтан соған сай біз де мүмкіндігімізді толық пайдаландық.
жылдан жылға біздің техникалық жабдықтың мерзімі жетіп, тозығы жетіп келеді. Қаланың мерейтойы аясында толықтай жаңартып, қайта жаңғыртсақ деген үміттеміз. Концертке қатысатын бишілеріміз бен өзге де өнерпаздарымыздың киімдерін де жаңартсақ деген ойдамыз. Биылғы жылы жетпіске жуық мәдени іс-шараны өткізу жоспарланып отыр. Оның алды қазір басталып та кетті. Бұйырса, күзде, нақтылап айтсам, қыркүйек айында облыстағы барлық аудан өнерпаздарының қала мерейтойына тарту-концерті өтеді. Аудандардағы айтулы өнерпаздар осынау шарада өнер көрсетіп, теңіз жағасындағы сахнада қала тұрғындарын өнерлерімен сусындатады деген сенімдеміз. Айтпақшы, біздің өнерпаздар түрлі сайыстарға да қатысып келеді. «Жорға» би-ансамблі 2022 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы Бурса қаласында өткен мерекелік шарала Түрксойдың Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен марапатталды. Біздің өнерпаздарды Түрксойдың бас хатшысы Дүйсен Қасейнов құттықтап, сыйлықтар табыстады. Мұның барлығы түрік елінде өтті. Біздің «Жорға» би ансамблі сол сында өнер көрсетті.
- Әңгімеңізше рахмет!
Сұхбаттасқан – Заңғар АМАНКЕЛДІ