Ақтаулық режиссер Қанат Майлыбаев қазақ күресі туралы фильмнің түсіру жұмыстарын аяқтады. Бір айдан аз уақыт ішінде Маңғыстауда түсірілген кино қазақ күресіне арналған. Көркем фильм Маңғыстау облысында қазақ күресін дамытуға елеулі үлес қосқан марқұм Бейсенқұлы Темірханның рухына арналған. Сексенінші жылдары Бейнеуде күрес үйірмесін ашып, кейін Ақтауда ұлттық күресті ұлықтаған бапкердің құрметіне бағышталған фильмдегі рөлдерді кәсіби емес актерлер сомдаған. Осы орайда mangystaumedia.kz тілшісі «Күрес» фильмінің режиссері Қанат Майлыбаевпен арнайы сұхбаттасты.
- Фильмде тек қазақ күресін насихаттаймыз. Басында деректі кино етіп түсіру ойда болған. Алайда онымен жас көрермендерді қызықтыру қиын. Ал көркем фильмді барлығы мән беріп қарайды. “Спорт туралы кино түсіремін” деген ойға келгенде бастапқыда бокс, шығыс жекпе-жектері, тағы да басқа спорттар туралы ойладым. Соңында қазақ күресіне тоқтадым. Біріншіден, бұл біздің ұлттық күресіміз. Екіншіден, басқа спорт түрлері кеңінен насихатталып жатыр. Күрес туралы кино болғанымен екінші планда қалып қойған. Мен күресті бірінші планға шығарып, бапкерлермен сөйлесіп, Шоғы батыр атындағы қазақ күресі мектебіне барып түсірдік.
- Киноны түсіру қанша уақытқа созылды?
- 16 күн уақыт өтті. 50 минуттық фильм етіп дайындадық. Қазір жұмыстары толық аяқталып, алда Ақтау тұрғындарының назарына ұсынамыз.
- Білуімізше, киноны белгілі бапкер, қазақ күресінің марғасқасы Бейсенқұлы Темірхан ағамыздың рухына арнапсыз…
- Маңғыстау облысында сексенінші жылдардан бастап қазақ күресін ашып, насихаттаған еңбек сіңірген бапкер Бисенқұлы Темірхан деген адам болды. Сол кісінің құрметіне осы фильді арнадық. Кино соңынан Бейсенқұлы Темірхан деген кісі туралы аз ғана сюжет көрсетіледі. Бұл өсіп келе жатқан балалар үшін бұл таптырмайтын туынды болатын дүние болады деп үміттенемін. Кинода көптеген жайттарды қамтыдық. Кешегі наурыз тойында өткен қазақ күресінің бәсекелерін барлығын түсіріп алдық. Бұл фильмнің сюжеті жеңіл әрі рөлдерде кәсіби актерлер ойнаған жоқ.
- “Күрестен” бөлек қандай кино түсірдіңіз?
- Бұған дейін “Құдық” деген кино түсіргенмін. Кезінде резонанс тудырған дүние еді. Оның тарихы бөлек. Әрі ол туралы әңгіме ұзаққа созылып кетеді. Ал “Күрес” фильмі қазақ киносына қосылған аз ғана үлес деп ойлаймын. Қазір жастар арасында UFC спорты кеңінен танымал болып барады. Алайда қазақ күресіне мән беретіндер аз. Шетелдік жекпе-жек өнері адамды озбырлыққа тәрбиелейді. Оның жемісі біз болашақта көреміз деп ойлаймын. Ал қазақ күресі -бұл әр кезде насихатқа лайық. Қазіргі уақытта өазақ күресіне бес бала қатысса, UFC спортына жүз бала барады. Насихат қажет пе? Әрине, керек! Бұған дейін қазақ күресі туралы кино түсірілмеді. Сондықтан, біз осы қадамға именбей бардық.
- Ақтау тұрғындары «Күрес» фильмін қалай көре алады?
- Сәуір айының басында Абай атындағы мәдени демалыс орталығында көрсетеміз деген ойдамыз. Киноны өз қаржымызға түсірдік. Шағын ғана топпен кино аз күнде түсіріп шығу оңай емес. Бұл коммерциялық кино емес. Халықтың көңілінен шығып жатса, телеарналарға ұсынсақ деп отырмыз. Облыстық арналардан бөлек, республикалық телеарналарға берсек деген ойға бекіндік. Фильмнің тизерлерін көргендер жоғары бағасын беріп, спортшылар жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Олардың сөзінше, осыған дейін қазақ күресіне мұндай насихат болмап еді деп отыр.
- Кәсіби емес актерлерді камера алдында ойнату оңайға соқпаған болар?
- Рөлдерде ойнаған актерлердің дені спортқа жақын жастар. Солар арқылы күрестің табиғатын халыққа жеткізсек дейміз. Қиындықсыз сомдап шықты. Күресте жарақат алып, спортпен қоштасып, кейін қайта оралатын спортшы туралы сюжет өрбиді. Соңында бозкілемге шығып чемпион болады.