©
Осыдан екі жыл бұрын қызмет аясы кеңейтілген облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы орман және аңшылық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту, ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырып келеді. Маңғыстау аумағында жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау бағытында жасалып жатқан жұмыстарды білмекке аталмыш инспекцияның басшысы Түменбай Қалжанұлымен сұхбаттасқан едік.
– Түменбай Қалжанұлы, алдымен оқырмандарымызды облыстағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы мәліметтерден хабардар етсеңіз...?
– Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар табиғи экожүйе мен биоалуантүрлілікті сақтау және қалпына келтіру, экологиялық тепе-теңдікті қалыпты ұстау мақсатында құрылады. Қаумалдар мен қорық облыс аумағын мекен ететін жабайы жануарларды, құстарды оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген, саны азайып бара жатқан түрлерін қорғап, сақтап қалу және өсімін молайту бағытында жұмыстанады. 2014 жылы жалпы аумағы 2 374,2 мың гектар 9 ерекше қорғалатын табиғи аумақтар облыс аумағының 14,3 пайызын құраса, 2015 жылы 3 («Манашы», «Есет», «Көлеңкелі») жергілікті маңыздағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мемлекеттік табиғи қаумалдар құрылды. Қазіргі уақытта облыс бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы жер көлемі – 2 807958,78 га. немесе облыс аумағының 16,9 пайызы. Оның ішінде республикалық маңыздағы ЕҚТА аумағы – 1 761 171 га., жергілікті маңызы бар ЕҚТА -ның аумағы – 1 046 787, 78 га. «Үстірт» мемлекеттік табиғи қорығының әкімшілік орталығы Жаңаөзен қаласында орналасқан. Қорықты қорғау жұмыстары вахталық әдіспен жүзеге асырылады. Инспекторларға 3 кардон үйі салынып, қызметтік қарумен, көлікпен қамтамсыз етілген. Облыс аумағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрылуы нәтижесінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген өсімдіктер мен жануарларды сақтап қалуға жол ашылды. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтарда, резервтік қорларда жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау шараларының нәтижесінде өткен жылы 39 құқықбұзушылық дерегі анықталып, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 11 тұлғаға 155,5 мың теңге айыппұл салынса, 28 тұлғаға ескерту берілді.
– Облыста мемлекеттік орман қорын қорғау және молайту бағытында қандай жұмыстар жасалуда?
– Маңғыстаудың орман жамылғысының негізі сексеуіл болып табылады. Облыстағы жергілікті атқарушы органға қарайтын мемлекеттік орман қорының жері- 241,5 мың га. Оның ішінде Бейнеу орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің орман қорының жері – 47089 га., Сам орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің орман қоры жері – 194509 га. Жыл сайын орман мекемелері 300 гектар жерге қара сексеуіл тұқымын сеуіп, өсіріп келеді. Сондай-ақ орман мекемелеріне орман өсіру, орманды қорғау және орман қорын пайдалану бағытында аумақтық инспекция тарапынан жоспарлы тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Жыл басында облыс бойынша Қазақстан Республикасы статистика агенттігімен бекітілген нысанға сәйкес, орман қорының есебі жүргізіледі. Орман шаруашылығы жұмыстары «Қазақ орман орналастыру кәсіпорны» РМҚК-ның орман орналастыру жобасына сәйкес жүргізіледі. Есеп бойынша орман өсіру үшін көрсетілген алаңқайға орман ағаштары (сексеуіл) өсіріліп, сол аумақ орманмен қамтылған жерлерге ауыстырылады. Құрғақшылықтың салдарынан соңғы жылдары сексеуіл екпелерінің шығымдылығы төмен болды. 2014 жылы аумақтық инспекция тарапынан орман мекемелері жаңа техникалар мен құрал-жабдықтар алғанының және жауынның мол түсуінің арқасында сексеуіл екпелерінің өсімталдығы артып, екпелер толықтай сақталды.
Орман қорын пайдалану ұзақ және қысқа мерзімді болып бөлінеді. Облыстағы орман қорын пайдаланушылар мал жаю мақсатында қысқа мерзімді пайдаланып келеді. Пайдаланушылар орман қорын қысқа мерзімді пайдалануда облыстық мәслихаттың «Маңғыстау облысы бойынша 2016-2018 жылдарға арналған мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі орманды пайдаланғаны үшін төлемдер ставкалары туралы» 2015 жылғы 10 желтоқсандағы №29/437 шешіміне сәйкес төлем жасайды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының 2015 жылғы 13 тамыздағы №211 бұйрығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл екпелерінде ағаш кесудің барлық түріне 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін тыйым салынған. Облыс аумағында табиғи өскен, есепке алынбаған сексеуіл ормандары бар. Бейнеу орманымен іргелес, аумағы 14 мың гектардың шамасында Айту, Қайдар және Маңғыстау ауданының аумағына қарасты Қызыластау, Есен -Қазақтың түлейлерін Бейнеу орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің аумағына қосу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Орман қорын күзету жұмыстары да жолға қойылып келеді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 15.03.2016 жылғы №80 бұйрығымен 2016 жылғы 1 сәуірден бастап облыстағы орман қорында өрт қауіпті маусым болып белгіленді. Қазіргі уақытта орман мекемелері өртке қарсы дайындығын жүргізіп, тиісті мекемелермен іс-шаралар жоспарын бекітті. Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде орман қоры жерлерінде өткен жылдары өрт болған жоқ. Сонымен бірге орман қоры аумағында заңсыз ағаш кесу дерегі де тіркелмеді. «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Заңының 15- бабына сәйкес жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн алуға айрықша жағдайларда, яғни аңшылықтың ұлттық түрлерін дамыту үшін жол беріледі. Осыған байланысты әкелінген құстардың белгілі бір пайызын аулауға рұқсат беріледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жек дуадақтарды аулау туралы» қаулысына сәйкес 2015 жылдың 4-14 қазанында Біріккен Араб Әмірлігінен келген өкілдер жек дуадақты аулауға шыққан. Алайда ауа-райының қолайсыздығынан құстар ауланған жоқ.
– Жалпы жануарлар, өсімдіктер дүниесін есепке алу қалай жүргізіледі? Жануарлар дүниесін өз мекен ететін ортасынан алу немесе аулау тәртібі қандай?
– Қазақстан Республикасы аумағында жануарлар түрлерін есепке алуды жүргізу нұсқаулығына сәйкес есепке алу бірнеше түрге бөлінеді. Олар: маршруттық, әуе есебі, автокөлікпен жүргізетін есеп және т.б. Жануарлардың есебін жүргізуді аңшылық шаруашылығы субъектілері, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жануарлар дүниесі объектілерінің мекендеу ортасы болып табылатын аумақтар мен акваторийлер белгіленген тәртіппен бекітіп берілген мемлекеттік мекемелер жүзеге асырады. Сонымен бірге, сирек және жойылу қаупі төнген жануарларды арнайы ғылыми- зерттеу зоологиялық институттарына тапсырыс беру арқылы да жүргізіледі. Мысалы, биыл «Охотзопром ӨБ» РМҚК-ы және ғылыми қызметкерлердің қатысуымен Үстірт архары, қарақұйрық, киік сияқты аңдардың әуе есебін, яғни ұшақ арқылы санағын жүргізбекпіз.
Сондай-ақ, жыл сайын аңшылық шаруашылығын пайдаланушылар тарапынан аң аулау алқаптарында мекен ететін жануарлардың барлық түрлері және саны есепке алынады. Осыдан кейін «Аң аулау объектісі болып табылатын жануарлар түрлерін алу нұсқаулығына» сәйкес әр аңды алу нормативі бекітіліп, осы норматив бойынша аңның жалпы санының белгілі бір пайызынан аспайтын мөлшерде алу белгіленеді. Мысалы, 2015 жылы қоянға 4700 бас, үйрекке 20000 бас, қазға 610 бас, түлкіге 170 бас, кекілікке 3500 бас мөлшерінде аулау лимиттері бөлінді.
Жануарлар дүниесін пайдалануға арналған биологиялық негіздемені ғылыми-техникалық және (немесе) ғылыми субъектілері ретінде аккредиттелген тиісті ғылыми ұйымдар бір жыл ішінде жануарлардың өткен жылдағы санының есеп материалдары, жануарлар дүниесі объектілерінің және олар мекендейтін ортаның мониторингі, ғылыми зерттеулер негізінде дайындайды. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту мен пайдалану саласындағы басқару және бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органға ұсынады. Балық және басқа да су жануарларын алып қоюдың жол берілетін шекті көлемін айқындау мақсатында биологиялық негіздеме түр құрамын көрсете отырып, алдағы 2 жылға дайындалады. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес, 2015 жылы Каспий теңізі бойынша 20887,365 тонна көлемінде балық аулауға лимит бөлінді. «Казахрыбхоз» балықшылардың қоғамдық бірлестіктері мен балық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігі аймақтың табиғат пайдаланушыларына 1658,5 тонна квота бөлді. Өткен жылы 1076,082 тонна балық ауланып, бұл лимиттің 65 % құрады. 2016 жылы 4273,8 тонна балық аулауға квота бөлінді. Көп жылдардан бері ұмыт қалған қарапайым шабақ (килька) аулауды «Ақтау балық компани» ЖШС қолға алуда.
- Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз?
- Маңғыстау облысы әкімшілік шекарасының шегіндегі Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарының (су қорғау белдеуі мен аймағын, жағалау жиегін және санитарлық қорғау аймағын қоса алғанда) қызметін бақылау мен қадағалауды, сондай-ақ үйлестіруді жүзеге асыруға уәкілеттіміз. Балық шаруашылық қоры Прорва жерінен Сүйе аймағына дейін 1350 шақырымды аумақты бақылап, қадағалайтын «Бозашы» және «Түпқараған» балық инспекциясы бөлімдері бар. Екі бөлім теңізде «Байда» жүзбе құралымен, ал жағалауда автокөліктерімен қорғау шараларын жүргізеді. Жануарлар дүниесін пайдаланушыларының қызметін тексеру, балық аулауға тыйым салынған уылдырық шашу кезеңінде, су айдындарында және учаскелерде кеме жүргізу режиміне келісім беру, Каспий су айдынында іздестіру және жобалау жұмыстарының техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттамаларын келісімдеу жұмыстарын жүргізеді. 2015 жылы 13 жобалау -сметалық құжаттамаларға келісім берілсе, 81 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Өткен жылы балық аулау ережесін бұзу бойынша 12 қылмыстық, 57 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркелді. Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 57 тұлғаға Инспекция тарапынан 663 970 теңге, сот тарапынан 2 тұлғаға 79 280 теңге айыппұлы салынды. Тексеру кезінде 964,6 келі бекіре тұқымдас, 157,4 келі қара балық және 17 балық аулау құралдары тәркіленді. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп 100-ден аса рейдтік шаралар өткізілді. Ағымдағы жылы табиғат пайдаланушылардың балық шаруашылығын жүргізу келісім-шарты бойынша алған міндеттерін орындалуына бақылау жұмыстары күшейтілетін болады.
Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және учаскелерін бекітіп беру жөніндегі конкурс өткізу қағидасына сәйкес екі және одан да көп облыстың аумағында орналасқан халықаралық және республикалық маңызы бар су айдындары және учаскелері бойынша конкурс өткізу шараларын жергілікті атқарушы органның ұсынысы бойынша ведомство жүзеге асырады. Балық шаруашылығы су айдындарын және учаскелерін бекітіп беру бойынша жеңімпазды анықтауды конкурстық комиссия қатысушының рейтингтік бағасы негізінде жүргізеді. Жергілікті атқарушы орган конкурс жеңімпазына қаулы шығарып, учаскені бекітіп береді. Табиғат пайдаланушы жергілікті атқарушы органмен (Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы) балық шаруашылығын жүргізуге және балық аулауға келісім-шарт жасасады. Рұқсат алуға жануарлар дүниесін пайдалану түріне байланысты жергілікті атқарушы органға «электронды үкімет» веб-порталы арқылы электрондық нысанда немесе қағаз түрінде өтінім береді. Конкурстан өтпей қалған немесе басқа да жеке және заңды тұлғалар табиғат пайдаланушылармен келісім- шартқа отырып, балық аулаумен айналыса алады. Кәсіпшілік балық аулаумен айналысқысы келетін тұлғаларға Инспекцияның балық шаруашылығы бөлімінен кеңес алуына болады. Балық аулау қағидаларының 20-тармағы бойынша балық шаруашылығы су айдындарының және учаскелерінің резервтік қорында әуесқойлық (спорттық) балық аулау бір балықшыға бір шыққанда бес келіге дейін ақысыз қандай да бір рұқсатсыз жүзеге асырылады. Балық шаруашылығы су айдындарының және учаскелерінің резервтік қорында әуесқойлық (спорттық) балық аулау бір балықшыға бір шыққанда бес келіден астам ақылы түрде жергілікті атқарушы органдармен берілген рұқсат бойынша жүзеге асырылады. Балық аулау қағидаларының 21- тармағы бойынша бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және учаскелерінде әуесқойлық балық аулау жеке адамдарға жануарлар дүниесін пайдаланушымен берілген жолдамасына сәйкес олардың ауызша және жазбаша өтініштері бойынша жүзеге асырылады.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ