Соңғы қоңырау үнінің сыңғырлар сәті де жақын қалды. Осыған орай аудан мектептерінің білім сапасы мен ҰБТ ға дайындық шаралары туралы аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Гүлзада Мурадалиевамен сұхбаттасқан едік. - Аудан мектептері туралы айта кетсеңіз, саны мен сапасы? - Мұнайлы ауданында 14 мектеп бар, оның 13-і күндізгі, біреуі кешкі мектеп. Қызылтөбе ауылында орналасқан бір лицейіміз бар, қалғандары орта мектеп санатында. Оның барлығында 22084 оқушы оқып жатыр. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша ауданның білім сапасы 42,76%, үлгерім 99,4%-ды құрады. Биылғы жылы да осы көрсеткіштен төмен болмайды деген үмітіміз бар. Оны алдағы Ұлттық біріыңғай тестілеу және емтихандардың нәтижесі көрсетеді. Білім сапасының негізгі көрсеткіші оқу жетістіктерін сырттай бағалау, ұлттық бірыңғай тестілеу және «Алтын белгі» белгісінің иегерлер санымен бағаланады. Биылғы жылы сәуірдің 27-сінде ҚР Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев өзінің онлайн есеп беруінде болашақта білім беру сапасын жаңартуда қандай өзгрістер бар екендігін айтып, ендігі оқу жылынан бастап, ҰБТ көрсеткішінің әкімдердің рейтингісінен алынып тасталатындығын мәлімдеген болатын. Еліміздегі білім беру жүйесіндегі жаңа реформа талқыға түсіп жатқаны белгілі. Білім саласындағы жаңа өзгерістерге қысқаша тоқтала кетсеңіз: 2016-2017 оқу жылында 1 сынып оқушылары 12 жылдық білім беруге негізделген жаңа стандарт бойынша оқитын болады. 2017-2018 оқу жылында 2,5,7 сыныптар, 2018-2019 оқу жылында 3,6,8,10 сыныптар, 2019-2020 оқу жылында 4,9,11 сыныптар жаңа бағдарламамен оқитын болады. Үштілде білім беруге көшу 2019-2020 оқу жылында жүзеге асатын болады және тек қана 10-11 сыныптарда таңдау арқылы информатика, физика, химия, биология пәндері ағылшын тілінде оқытылады. 2018-2019 оқу жылында 7 сыныптан бастап оқыту тіліне қарамастан «Қазақстан тарихы» пәні қазақ тілінде, «Дүниежүзі тарихы» пәні орыс тілінде оқытылады. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша дене тәрбиесі пәнін есепке алмағанда қазақ тілінде оқытылатын пәндердің үлесі 70%-ды құрайды. Ағылшын тілі және орыс тілі пәндері жеке пән ретінде жүреді. Математика пәні барлық сыныптарда (1-11 сынып аралығында) мектептің оқыту тілінде жүргізіледі (қазақ мектептерде қазақша, орыс мектептерде орысша). Биыл ауданда қанша жас түлек мектеп бітіргелі отыр, олардың ҰБТ - ға дайындығы қандай? Биыл аудан мектептерін 607 түлек бітіргелі отыр, оның ішінде 16 оқушы "Алтын белгі" белгісіне, 12 оқушы "Үздік аттестатқа" үміткер. Мектеп бітірушілердің 376 - сы ҰБТ тапсыруға өз арыздарын берді, қалғаны мектепте дәстүрлі емтихан тапсырады. Мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ-ға дайындығын жетілдіру мақсатында аудандық білім бөлімінің 26.08.2015ж №164-нқ бұйрығы негізінде іс-шаралар жоспары жасақталды. Аудандық білім бөлімінің іс-шаралар жоспарына сәйкес, ҰБТ-ге дайындық жұмыстары 2015 жылдың тамыз айында басталып кетті. Оқу жылының басынан мектептерде тестке қатысатын оқушылармен жауап парақтарын толтыру жөнінде нұсқаулықтар, мектеп директорлары, мектептердегі техникалық хатшылар, пән мұғалімдері, ата-аналар және 11 сынып оқушыларымен ҰБТ жайында жиындар, семинар-кеңестер өткізілді. Жоспарға сәйкес аптасына мектепішілік, айына аудандық және тоқсанына облыстық байқау сынақтары алынып отыр. Аудандық білім бөлімінің кеңес-отырыстарында білім сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар, ҰБТ-ға дайындықтің барысы күн тәртібінен түспейтін мәселе ретінде ай сайын алынған аудандық байқау сынақтарының қорытындылары бойынша талдау жүргізіліп отыр. Соңғы тестілеуде орта балымыз 93,5 болды, ең жоғары көрсеткіш көрсететін Қызылтөбе лицейі соңғы байқау сынағында 106,6 балл көрсетті. Жалпы 13 мектептің ішінде ай сайын жақсы көрсеткіш көрсетіп отырған Қызылтөбе лицейі, №5 орта мектеп, №1 орта мектеп, сонан соң №3, №8, №12 орта мектептер. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жақсы нәтиже көрсету үшін өзіміздің іс шаралар жоспарымызға сәйкес, психологиялық тұрғыдан балаларды дайындау мақсатында қаңтар айынан бастап, жүрмелі психологиялық тренингтер өткізіліп келе жатыр. Аудан мектептеріндегі ең мықты деген психологтардан топ құрып, сол топтар әр мектепке барып, айына екі - үш рет 11 сынып оқушыларына тренингтер жүргізеді. Сондай-ақ, әр пән бойынша семинарлар өткізіп жатырмыз. Мұғалімдер балаларды ҰБТ - ға даярлау бойынша үздік тәсілдерін ортаға тастап, өзара іс - тәжірибе алмасады. Биылғы оқу жылында ҰБТ форматында ешқандай өзгеріс жоқ. Ұлттық бірыңғай тестілеудің шектік деңгейі өткен оқу жылындағыдай – 50 балл. ҰБТ бір кезеңмен 1-15 маусым аралығында өтеді. Мемлекеттік емтихандар 1-20 маусым аралығында өткізіледі. Балаларды тестілеуге дайындап, меңгертуде үздік мектептер қандай әдістерге сүйенеді? ҰБТ ға дайындаудың ең жақсы үлгісі №5 мектепте бар деп айта аламыз, сол мектептегі оқу ісінің меңгерушісі Тұрбекова Гүлнар мектеп ашылғалы бері балаларды тестілеуге дайындауға жауапты маман. Жылда оқушылардың дайындығы нәтижесінен көрініп тұрады, лицейден кейін екінші орынды орта мекептің иеленуі бұл жақсы нәтиженің белгісі. Былтыр ол мектеп облыс мектептерінің ішіндегі ең алғашқы ондыққа енді. Ол мектептер балаларды тестілеуге даярлауды төменгі сыныптардан бастайды және оны жүйелі жолға қойған. Мәселен, Қызылтөбе лицейінде физика пәнінің мұғалімі - Е.Альбетов, ол ұстаздың методикасы өте жақсы, балаларды жалықтырмау және шәкірт санасына білімді құя білудің қыр сырын, тиімді жолдарын меңгере білген. Ол кісі семинарларда өзінің әдіс тәсілдерімен бөлісіп жүр. Тәжірибе алмасу семинарларын, біздер, үздік мұғалімдердің бір бірімен пікір алмасып, өздерінің балаға білім берудегі тиімді жолдарын бір біріне үйретуі үшін ұйымдастырамыз. №1 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Р.Фазылбаева «Сөйлеудің төрт дағдысын пайдалану арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру» тақырыбында коучинг өткізсе, Қызылтөбе лицейдің жоғары санатты физика пәнінің мұғалімі Е.Альбетов «Физика пәнін таңдаған оқушымен жұмыстың тиімді жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. №5 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі, ҰБТ-ға жауапты директордың орынбасары Г.Турбекова «Оқушыларды ҰБТ-ға дайындаудың тиімді жолдары» тақырыбындағы іс-тәжірибесін таратты. Сонымен қатар, аудан өткізілген семинарларға Қазақ түрік лицейінен арнайы математика пәнінің мұғалімі Атамуратова Розаны, Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің математика пәнінің мұғалімі Аджибаева Шолпанды, биология пәнінің мұғалімдері Балғалиева Айгүлді және Рысбекова Әлияны шақырттық, олар ҰБТ пәндеріне дайындау мәселелері бойынша аудан мұғалімдеріне өз тәжірибелерімен бөлісті. Осы оқу жылында қандай жетістіктерге жеттіңіздер? Білім беру ұйымдарынан танымдық сайыстарға, олимпиадаларға, ғылыми жобаларға, көптеген оқуларға оқушыларымыз қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр. Атап айтсам, 2015 ж «Ғылым әлемін ашамыз» атты ХІ халықаралық ғылыми жобада Қызылтөбе лицейінің 10-сынып оқушысы Қалдыбай Тәңірберген ІІІ орынды иеленіп, биыл 11 сыныпта ҚР Білім және ғылым минстрлігінің бұйрығымен ҰБТ-ден босатылып, жоғары оқу орнына түсуге мемлекеттік грант алуға мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар Өңірлік Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінде 11-сынып оқушысы Майлыбаев Арман ІІ орынды иеленсе, «Зерде» ғылыми жобалар сайысының республикалық кезеңінде Сәрсенғали Олжас пен Теңдесбаева Жадыра ІІІ орынды иеленді. №1 орта мектептің 10 сынып оқушысы Альясова Динара облыстық пәндік олимпиадада қазақ тілінен 2-орын, Республикалық пәндік олимпиадада 3-орынға ие болса, 8 сынып оқушысы Қартбай Ақбота Х халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылық фестивалінде 1-орынды иеленді. №2 орта мектептің оқушысы Молдағали Жайна өзін-өзі тану олимпиадасының Облыстық кезеңінің ІІ орын, Кадырова Айнұр І орын иеленсе, республикалық кезеңінде ІІ, ІІІ орындарды иеленді. №3 орта мектептің 11 сынып оқушысы Шомақ Мөлдір «Жарқын болашақ» олимпиадасының облыстық кезеңінде І орын; республикалық кезеңінде І орын алып, Алматы қаласындағы С.Демирел атындағы Университетінің грантын жеңіп алды. 11 сынып оқушысы Әлімжанов Әнуар жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде «Жер және Ғарыш туралы ғылымдар» секциясынан І орын, облыстық «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттерлер бойынша ХІІ халықаралық ғылыми жарыстарының аймақтық кезеңінде «Зымырандық техника, инфрақұрылымдық» секциясы бойынша ІІІ орын алды. Республикалық 1-7 сынып оқушыларының «Зерде» ғылыми жобасында 2 сынып оқушысы Расылбек Дінмухаммед ІІІ орын, 6 сынып оқушысы Нұрбай Мөлдір ІІІ орынды иеленді. №5 орта мекептің 11-сынып оқушысы Симбаева Айгүл «Дарын» республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінен I орын, 9-сынып оқушысы Жолдасбаева Жайна I орын иеленді. Облыстық «Мектеп көшбасшысы» атты сайыстан №6 орта мектеп оқушысы Қыдырбаева Динара ІІ орын, Облыстық «Өзін-өзі тану: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» «Рахмет,анашым!» шығарма жазу байқауында 8 сынып оқушысы Базарбаева Нұржамал І орын иеленді. Облыстық «Өзін-өзі тану: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» онкүндігінде рухани-адамгершілік бағыты бойынша мәнерлеп оқу байқауында 10 сынып оқушысы Мақсұтов Медетхан І орын алды. №10 орта мектептің 10-сынып оқушысы Телепов Балтабай республикалық Мағжан оқуларының шығармашылық бағыты бойынша облыстан І орын алса, облыстық пәндік олимпиадада математика пәні бойынша 7 –сынып оқушысы Төлеева Махира, 8-сынып оқушысы Чанбаева Жанат ІІ орын алды. Биылғы 2015- 2016 жылын қандай көрсеткішпен аяқтаудасыздар? Ауданымыз ҰБТ қорытындысы бойынша соңғы үш жыл қатарынан облыста І орында тұрды. 2015-2016 оқу жылын да сәтті, жоғары көрсеткіштермен аяқтаймыз деп сенеміз. Аудан мектептерінде қанша мұғалім бар, қай пәндерден маман жетіспеушілігі орын алуда? Ауданымызда 2042 мұғалім бар, оның 171 -і жоғары санатты, 382 -сі бірінші санатты мұғалімдер. Қазіргі таңда жас мамандардың ішінде ер мұғалімдер көптеп келіп жатыр. Дене шынықтыру, еңбек, тарих, георграфия пәндерінен ер мұғалімдер бар. Ауданда орыс тілі пәні мен математика пәні мұғалімі жетіспейді, сонымен қатар меткепке дейінгі тәрбие, яғни балабақшаларда тәрбиеші мамандығы бойынша мамандар жетіспейді. Бұл аудандағы балабақшалар санының көбеюіне де байланысты болып отыр. Жаңа мектеп формасы туралы министрлік тарапынан бұйрық шыққаны белгілі, осы мәселе бойынша қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Барлық мектептерде ата -аналармен бірге жиналыстар өткізіліп, жаңа мектеп формасы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, талқыланып жатыр. Келісімге келе отырып, мектеп қандай форманы таңдайтыны шешілуде. Біздің аудан қою көк түсті таңдап отыр. Әңгімеңізге рахмет!
Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙ