«Жүз нақты қадам» ұлт жоспары аясында облыс көлемінде бастау алған жоба ауданда «Өрлеу» деген атпен өз жұмысын былтырғы жылдан бері үлестіріп келеді. Жоба аясында әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолығып, өз тұрмысын түзеуге, жағдайларын жақсартып, аяқтан тұрып,жұмысқа орналасып кетуге мүмкіндіктер беріліп отыр. Әлеуметтік белсенділікті көтеруді көздеген бұл жоба отбасы күнкөрісіне қарай қосымша қаржы төлеу арқылы және жұмыссыз азаматты жұмысқа жолдау арқылы жүзеге асады. Бір қуантарлығы, дәл осы жоба аясында ағаш жона білетін шеберлігімен өз кәсібін бастап арамыздан кәсіпкерде шығып жатырғандығы.
«Өрлеудің» өзіңіз жұмысқа тұрғанша отбасыңыздың жағдайын өрлетуге берген қаражатына, отбасыңыздың қажеттігіне орай құрылыс заттарын немесе тігін мәшинесі мен маталарыңызды сатып алып, іс бастасаңыз да, бөдене өсірумен айналысып, кәсіп ашсаңыз да әйтеуір қол қусырмай әркетке көшіп, тіршіліктің талпынысын жасасаңыз болғаны. Сізге бұл бағдарлама демеу болады. Дәл осы мүмкіндігі зор әрі қажет бағдарламаны сөз ету үшін осы бағдарламаның жұмысын үйлестіріп отырған Түпқараған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы Мұратбек Дощановқа жолыққан едік. Бағдарламаға кімдер, қандай құжаттармен қатысады? Қандай міндеттемелері бар?Осы сұрақтарға төмендегі сұқбаттан жауап аласыздар.
- Отбасының әлеуметтік белсенділігін көтеретін жақсы жоба жүзеге асырылып жатырғанын естіп жатырмыз, мемлекеттік бағдарлама ретінде іске қосылды ма? Бұл қандай жоба? Кімдер қатыса алады?
- «Өрлеу» жобасы - «Жүз нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында жүргізіліп отырған әлеуметтік қорғаудың атаулы жағын күшейте отырып, оның тетіктерін жетілдіруді көздейтін жоба. Түпқараған аудандық маслихатының 2015 жылғы 29 маусымдағы шешіміне сәйкес отбасының белсенділігін арттыру келісім шарты негізінде аз қамтылған отбасыға шартты ақшалай көмек көрсету мақсатында пилоттық режимде «Өрлеу» жобасы енгізілді. Бұл жоба ауданымызда 2015 жылдың шілде айынан бастап іске аса бастады. «Өрлеу» жобасының аясында жасалған «Келісімшарт негізіндегі әлеуметтік көмек» (КНӘК) - отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты болып табылады. Отбасының әрбір мүшесіне (адамға) арналған шартты ақшалай көмек мөлшері отбасының (адамның) жан басына шаққандағы табысы мен облыстарда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызы арасындағы айырма ретінде айқындалады. Сондықтан, бағдарламаға орташа айлық табысы жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 60 пайыздан төмен болатын отбасылар (азаматтар) қатыса алады. Алдымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі жоба кеңесшісіне немесе ауылдық жерде тұратын болсаңыз, тұрғылықты жеріңіздегі ауыл әкіміне жолығасыз. Одан соң арнайы үлгідегі өтініш жазып, отбасыңыздың және материалдық жағдайыңыз туралы сауалнаманы толтырасыз, қажетті құжаттарды өткізесіз.Учаскелік комиссия отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайы туралы тексеру актісі жасайды. Алынған ақпарат негізінде «КНӘК» -ке қатысу мүмкіндігі жөнінде шешім қабылданса, әлеуметтік көмек анықталады. Отбасы шартта көрсетілген әлеуметтік талаптарды орындаған кезде ғана әлеуметтік көмек ала алады. «КНӘК»-ке қатысушы отбасы міндетті түрде әлеуметтік жағдайға бейімделуі үшін қиындықты (жұмысқа орналасу, оқу, қосымша жаңа мамандық алуы үшін қайта даярлықтан өту және т.б.) жеңе білуі керек. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өз кезегінде отбасының әлеуметтік белсенділікті қолдау мақсатында жұмыспен қамтып, ай сайын ақшалай көмек беруге міндеттенеді. Қатысу үшін мынадай құжаттар толтырасыз:
«Келісімшарт негізінде әлеуметтік көмек»-ке қатысуға өтініш берушінің отбасы және материалдық жағдайыңыз туралы сауалнама және мынадай құжаттар тапсырасыз: 1) Жеке басын куәландыратын құжат;
2) Отбасы құрамы туралы мәліметтер (бұл нысанды толтыру үшін отбасы мүшелері құжаттарының түпнұсқалары электрондық ақпарат жүйелерінде мағлұмат жоқ болса ғана қажет болады)
3) отбасы мүшесіне (қажет болған кезде) қамқоршылықтың (қорғаншылықтың) белгіленгенін растайтын құжат;
4) Тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат; 5) жеке қосалқы шаруашылығы туралы мәлімет (бұл анықтаманы ауыл округінің әкімі толтырады).
- Бұл көмектің шарттары бар дейді, талаптарын түсіндіріп кетсеңіз?
- Қатысу шарттары туралы консультацияны аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі жоба кеңесшісінен немесе ауылдық жерде тұратын болсаңыз, ауыл әкімінен ала аласыз. Егер, сіз «КНӘК» -ке қатысуға келісіміңізді берсеңіз,сізбен әңгімелесу жүргізіледі. Əңгімелесу барысында мынадай жәйттер: 1) үміткердің әлеуметтік көмек алуға құқығы; 2) отбасы мүшелеріне жеке мүмкіндіктеріне қарай көрсетілетін әлеуметтік қызмет түрлері; 3) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шаралары айқындалады. «Келісімшарт негізіндегі әлеуметтік көмек» (КНӘК) - ті алу үшін, отбасы осы жобаға қатысудың шарты болып табылатын міндеттемелерді өз мойнына алады. Бұл міндеттемелер мемлекет тарапынан болсын (ақшалай көмек,әлеуметтік бейімделуге көмек көрсету),отбасы тарапынан болсын (жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу) “Өрлеу” жобасының ажырамас бөлігі болып табылатын отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісім-шартында қамтылады. Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысу жөніндегі міндеттемелерді, сондай-ақ скринингтік қарап тексерулерден өту, әлеуметтік маңызы бар аурулар (маскүнемдік, нашақорлық, туберкулез) болған кезде емделуге бейімділігі, жүктіліктің он екі аптасына дейін әйелдер консультациясына тіркеуге қою және жүктіліктің барлық кезеңінде қадағалауда болу жөніндегі міндеттемелерді қамтиды. КНӘК-тің біржолғы сомасы бұрынғы қарыздарды өтеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға, сондай-ақ сауда саласындағы қызметтерді жүзеге асыруға арналған шығындардан басқа, әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттерді орындауға байланысты іс-шараларға ғана, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (үй малын, құсын және т.б. сатып алу), жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға қолданылуға тиіс.
- Қандай жағдайда тоқтатылады?
- Келісімшарт негізінде әлеуметтік көмекті тоқтату тәртібі:
Бұл ретте, КНӘК –ті заңсыз тағайындауға әкеп соқтырған жалған мәліметтер ұсынғаны анықталған жағдайда адамға (отбасына) КНӘК төлеу оның тағайындалу кезеңіне тоқтатылады. Артық төлеген сомалар ерікті түрде, ал бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
- Ең қызығы, қаржылай берілетін көмек, жұмыста орналасса да белгілі бір мерзімге дейін беріле береді екен, бұл рас па?
-Жәрдемақы алу мерзімі - 6 ай. Осы мерзім ішінде отбасы әлеуметтік белсенділігін арттыру шартын орындаған жағдайда, отбасының мұқтаждықтан арылуына мүмкіндік туады, тұрақты табыс көзі келеді және еңбек нарығында өзін бекітеді. Егер, отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмысқа орналасса немесе басқа табыс көзін тапса, 6 айға белгіленген жәрдемақы көлеміне ол әсер етпейді.
- Егер де қатысушы талапкер бағудағы 3 жасқа дейінгі бөбегі мен қарауды қажет ететін қариясы болып, Сіз ұсынған жұмыстан бас тартса, бұл бағдарлама шеттей ме әлде....?
- Егер отбасы құрамында әлеуметтік белсенділігін арттыруға қатысатын талапкерден басқа, еңбекке жарамды мүшелері бала күтімінде болса немесе он сегіз жасқа толмаған мүмкіндігі шектеулі мүгедек бала, 80-нен асқан қарт, 1-2 топтағы мүгедек болса, жұмысқа орналасу міндетті шарт емес. Тек отбасының еңбекке қабілетті мүшелері ғана ұсынған жұмыстан бас тартпаса болғаны.
- Бұл бағдарлама аясында ауданда қанша отбасы шартты әлеуметтік көмек алды? Нәтиже қалай?
-Түпқараған ауданы бойынша «Өрлеу» жобасы аясында жасалған «Келісімшарт негіндегі әлеуметтік көмекті» 2015жыл бойынша 5 отбасы (27 адам) және 2016 жылдың мамыр айын қоса алғанда 9 отбасы (38 адам) иеленді. Соның ішінде 1 отбасы жеке кәсіпкерлікпен айналысып жатыр. Қалған отбасының еңбекке қабілетті мүшелері тұрақты жұмысқа орналастырылды. Осылайша, жоба қолға алынғаннан бері 14 отбасының (65адамның) жағдайы жақсарды. Алдағы уақытта жобаға жағдайы төмен отбасыларды тұрақты жұмысқа тарта отырып, әлеуметтік статусын көтеруге қолдау көрсетуге дайынбыз.
Милана ЕЛЕУСІНОВА
Суретті түсірген автор