Бекер бұлай атамадық. Қазақ тілінің шырайын келтіре сөйлеуі мен ұлттық тағамдарымызды дайындауға әуестігі, қазақи ортамен қоян-қолтық араласуы бұған дәлел. Сұрапыл соғыс жылдары аталары Ресей жерінен Қазақстанға көшірілген көп ұлттардың бірі. Әке-шешесімен Оралдағы Орда поселкесіне қоныс тепкен 6-7 жастардағы Иван мен Ольганың отбасын сол жердегі жұртшылық жылы жүрекпен қарсы алып, барын бірге бөліседі. Ержетіп, бойжете үйленген Иван мен Ольгадан туған 2 ұл, 3 қыздың төртіншісі анасының атын алған Ольга Аравиди. Туған топырағы Жәнібек ауданының Калинин совхозындағы аралас тілді мектепті орыс тілінде тәмамдап, Атырау мемлекеттік педагогикалық институтында да орыс тілінде білім алады.
Сонда Ольга қазақ тілін қайдан меңгеріп алды дегенімізде: «Мектепте қазақ тілін пән ретінде оқыдық. Одан қалса отбасы және қоғамнан үйрендім. Ата-анам да қазақ тілінде таза, мүдірместен сөйлейтін. Анам жергілікті халықтың той-томалағына белсене араласқандықтан салт-дәстүрлерін жақсы білетін. Тойларда жақындарының қолқалауымен қазақша ән салатын»,-деп жауап айтты.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегенді басшылыққа алған ол мектепті бітіре сала әкесінің «әпкең сынды ұстаз болсаң...» деген тілегін екі етпей балалық шақтағы геолог болу арманын тұншықтыра, тағы бір жаңа тілді меңгеруге асығады. Сөйтіп, ағылшын тілінің мұғалімі болуға бет бұрғанымен жол қашықтығы, басқа кедергілерге кезігеді. Содан 1981 жылы Атыраудағы жоғарғы оқу орнынан орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып шығады. Жолдамамен Маңғыстауға жол тартып, Шетпе кентіндегі орта мектептен еңбек жолын бастайды. Араға 3 жыл салып, 1984 жылы Қызылтөбе ауылындағы қазіргі №2 мектептке жұмысқа орналасып, осында 30 жыл бойы ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді. Осы уақыт аралығында озаттығымен көзге түсіп, аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегі, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет Грамоталары, Алғыс хаттарымен марапатталып, түрлі сайыстардан жүлделі орындарды иелеген. Сондай-ақ, өзге ұлтты мұғалімдер арасындағы «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты облыстық байқауда II орыннан көрінген. ҚР халық ағарту ісінің үздігі. Қазірде №2 мектеп директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарады.
− Сол кезде Қызылтөбедегі мектеп директоры Сисен Боқыбаев болатын. Алдына алғаш келгенімде қазақша біледі деп ойламаған, орысша сөйлей бастады. Кенет есіктен кіріп келген мұғалімдердің бірі мені алыстан таниды екен «ағай қазақша сөйлей бермейсіз бе, біледі ғой» дейді. Осындай қызық жағдайлар жиі кездеседі. Құрбы-құрдастарымның көбі қазақтар болғасын кейде «ертең балаларыңды үйлендіресін, құдалық, беташар бар дегендей, анадай-мынадай жасаулар қажет...», деп мені әлдеқашан қазақ деп қабылдап кеткендіктерін көрсетеді, - деген Ольга Аравиди грек халқының бізге ұқсастығы қонақжайлылығында дейді. Айтуынша гректердің тағамдары негізінен кавказдықтар мәзіріне ұқсас және дастарханында хочопури (нанның бір түрі), түрлі көкөністер болуы міндетті екен. Дегенмен оның өз асханасынан бешбармақ, бауырсақ, шұбат пен қазы, қуырдақты жиі көруге болатынын былай баяндады: «қонақжайлылық жайында айтар болсам, біріншіден, келетін меймандардың талғамын ескеруге міндеттімін. Екіншіден, сүйікті асымызға айналған».
− Ольгамен түйдей құрдаспыз. Таныстығымыз 1990 жылы осы білім ошағына жұмысқа келуімнен басталды. Жаны жайсаң жан болғасын ба, тез тіл табысып, араласып кеттік. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» дейді ғой, кәсіподақ төрайымы ретінде көмек сұрай келген қызметкерлердің мәселесін қолдан келгенше шешуге тырысады. Біреудің бетін қайтарды дегенді естімепбіз. 3 перзенті де анасының осындай тәрбиесін көріп өскендігі болар, ортасына сыйлы. Ұлдары Руслан, Максим мен қызы Викторияны бала кезінен білетіндіктен Викторияға «қазақтың келіні қыламыз» деп қалжыңдасақ, миығында күліп қоятын. Олар да ана тілімізді жақсы біледі. Максим қазір біздің ұжымда инженер-оператор болып еңбек етсе, Виктория аудандық «Кәусар» тобының әншісі, Ш.Есенов атындағы үниверситет студенті. Руслан кәсіпкерлікпен айналысады, - дейді мектеп кітапханашысы Балжан Кісібаева.
Бір білім ордасындағы ұстаздық жолдың 30 жылын артта қалдырған Ольга Аравиди бүгінде 6 буынды түлетіп ұшырған құрметті ұстаз. Осы жылы өзі қолынан жетелей жүріп, үлкен өмірге шығарып салған оқушыларының біреулерімен 10 жылдан, енді басқаларымен 20 жылдан соң кездесті. Аймақтың түпкір-түпкірінде қызметтерін абыроймен атқарып, жетістіктерге жетіп жүрген оларды өз балалрындай мақтанышпен еске алады.
− Ең бастысы, қанша ұлт пен ұлысты даладай дархан көңілімен құшақ жая қарсылаған қазақ жұртына, олардың басын біріктіре ұлттық мәдениеттері мен тілі, дінін сақтауға мүмкіндік жасаған ел саясатына, Халықтар Ассамблеясына шексіз ризамын. Бірлік болған жерде, тірлік болары анық»,-дейді болашағын қазақ елімен байланыстырған кейіпкеріміз.
Шахида ЖҰМАН