Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 13 мамырда дәстүрлі түрде сегізінші рет аймақта дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнир жалауын желбіретпек. Сондай-ақ, самбо күресінен 2001-2003 және 2005-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында Маңғыстау облыстық самбо федерациясының жүлдесіне арналған «Ақтау кубогі» сарапқа салынбақ. Қос жарысқа дайындық барысы туралы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекеновпен сұхбаттасқан едік.
- Манарбек Жұбатқанұлы, жарыстарға дайындық қалай жүріп жатыр?
-Қос жарысқа да дайындық өз деңгейінде жүріп жатыр. Самбодан өткізілетін жарыс, яғни «Ақтау кубогі» сарапқа салынатын турнир 10-13 аралығында және дзюдодан ұйымдастырылатын халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнир 13-15 мамыры аралығында 1-шағынаудандағы «Каспий» спорт кешенінде өтеді. Халықаралық деңгейде өткізілетін турнирдің басты мақсаты-көршілес елдердің өзара ынтымағы мен қарым-қатынасын нығайтып, спортшылардың біліктілігін шыңдау.
- Көршілес мемлекеттерден кімдер келеді деп күтілуде?
- Жалпы «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнир алғаш рет 2009 жылы Шетпеде өткізілді. Ол кездері мен Шетпеде бапкер болып жұмыс жасайтынмын. Араға жыл салып республикалық, халықаралық деңгейде облыс орталығы Ақтау қаласында ұйымдастыруды қолға алдық. Сол жылдары облыс намысын қорғаған, кішкентай балуандар Бауыржан Сағынғалиұлы, Сұңғат Жұбатқан, Рамазан Мамаев, Бауыржан Нарбаев, Мейрамбек Жаңабаевтар бүгінде Ел біріншіліктерінде, Азия, Әлем чемпионаттарында күресіп, бапкерлер үмітін ақтап жүр. Бұл турнирді екінші рет өткізген жылдары Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен балуандар келіп қатыса бастады. Соңғы үш жылда олардың қатарына Грузия, Түркия, Ресей мемлекетері қосылды. Соңғы жылдары турниріміз қанатын кеңге жайып, географиялық тұрғыдан өсті. Ал, биылғы жылы жарысқа еліміздің ұлттық құрама командасының сапындағы спортшылар мен Түркия, Әзірбайжан, Грузия, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттерінен 1997-1998 және 2002-2007 жылы туған 400-ге жуық балуандар қатысады деп күтілуде. Жарысқа облыстың 2 қаласы мен 5 ауданы, жақында ашылған Жыңғылдыдағы дзюдо мен самбо секциясындағы жас балуандар қатысып, облыс намысын қорғайтын болады. Бұған дейінгі турнирлерде біздің облыстың балуандары командалық есепте жақсы көрсеткіш көрсетіп, үмітімізді ақтады. Бұл жолы да жерлестеріміз намысты қолдан бермейді деп сенеміз. Аталмыш жарыстан топ жарып, 1,2,3 орынды иеленген жеңімпаз балуандарға «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ беріледі. Жарысты өткізуге жағдай жасап, жан-жақты қолдау көрсеткен облыстық әкімдікке, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, облыстық самбо федерациясына, ҚР дзюдо федерациясына, облыстық дзюдо федерациясына, барлық азаматтарға алғыс айтамыз.
- Халықаралық турнирде облыс намысын кімдер қорғайды?
- Аймақ намысын 7 салмақ дәрежесінде спортшылар қорғайды. Бетпе-бет кездесуде 5 салмақ бойынша балуандарымыз шығады. Оған Маңғыстау облысының және Ақтау қаласының арнайы жасақталған құрамасы да қатысатын болады. «Жастар» спорт мектебінің командасында 55 келі салмақта Нұрболат Сеңғалиұлы, 60 келі салмақта Бауыржан Сағынғалиұлы, 66 келі салмақта Сұңғат Жұбатқан, 73 келі салмақта Руслан Мұсаев және аса ауыр салмақта Ақылбек Айжарықов күресетін болады. Маңғыстау облысының командасы сапында 55 келі салмақта Бауыржан Нарбаев, 60 келі салмақта Рамазан Мамаев, 66 келі салмақта Бағдат Ерғазы, 73 келі салмақта Қанағат Қойжан, аса ауыр салмақта Расул Әбдіхалық күреседі. Жарысқа балуандары белгілі бапкер Сергей Волобуев дайындауда. Облыстың құрама командасының 95 пайызын осы «Жастар» спорт мектебінің балуандары құрап отырғанын айта кеткім келеді. Бұл қос жарыстан да жаңа есімдер, жаңа чемпиондар шығады деп сенеміз.
Венера МИРЛАН