Мұнаралы әр жерде Мешіт болған бұл ағаш, Шеберлердің қолында, Кәсіп болған бұл ағаш, - деп жыр дүлділі Қашаған кезінде сонау бір Есқали сұпының «бұл не қылған қу ағаш, қайдан келді бұл ағаш?!» дегеніне қарсы ағаштың қадір-қасиетін айтып осылайша жыр төккені бар еді. Бүгінде сол ағаштан бұйым жасауды жаңғыртып, қазақтың осы бір өнерін дамытып, бабалардың өнегелі жолын жалғаған қолөнер шеберлері қазіргі күнде аз емес. Сол ерекше қолөнер ісмерінің бірі, біздің кейіпкеріміз жаңаөзендік Қуаныш Құрбанбайұлы. Ағаштан түйін түйген жас шебермен қолға алған өнері жайында сұхбаттасқан едік. Әңгімені шебер өзі жайынан бастады: - Мен 1989 жылы Қарақалпақстан Республикасы, Нүкіс қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Жаңаөзенге отбасымызбен 2001 жылы көшіп келген болатынбыз. 6 сыныптан бастап осындағы Орал Таңсыңбаев атындағы 14 орта мектепте оқыдым. 9 сыныпты бітірген соң Алматы қаласына барып, сондағы сәндік қолданбалы өнер колледжіне оқуға түстім. Мұнда 4 жыл мүсінші мамандығы бойынша оқып бітірдім. 2009 жылы Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰУТ-де сәулетші мамандығы бойынша оқуымды жалғастырдым. Отбасымызда 5 ағайындымыз. Әкем Құрбанбай Қынабаев шебер адам, ол көргенін айнытпай салатын керемет суретші, әрі құлпытасшы, анам да өнерден құр алақан емес. Кішкентайымнан әкемнің қасында көмекші болып жүріп, оның салған суреттеріне қызығатынмын. Сол әкемнің әсері шығар, сурет салуға, соның ішінде көшпенді қазақ халқының өмірін бейнелеуге ықыласым ауды. Ал, ағаштан мүсін жасауды аталмыш оқу орындарынан үйрендім. Негізі, кішкентайымда ағашты қолға алып бірдеңе жасап шығаруға әуестенгеніммен, қолға ұстар, бұйым болардай ештеңе шықпады. Ең алғашқы ағаштан мүсінім сол колледжде оқып жүргенімде тапсырма барысында дүниеге келді. Алғашында панда аю жасауға кірістім, бірақ ол әдемі аюдың кескін келбетін бұзып алғаннан соң, ағаштан кенгруды ойдым. Қолым үйреніскен болар кенгрудың мүсіні ойдағыдай болып шықты. Сонда бір ерекше қуаныш сезіміне бөленгенім әлі күнге дейін есімде. - Қуаныш, жеке шеберхана ашып, жұмыс істеп жатыр екенсіңіз? Осы кәсібіңіз жөнінде айтып өтсеңіз? - 2014 жылы Алматыдан оқуымды бітіріп қаламызға келген соң, сол жылдың күзінде «Өнер мұрасы» шеберханасын аштым. Мұндағы мен көздеген мақсат қазақ қолөнерін , ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын ел арасына кеңінен жаю болды. Себебі, тарихта айтуға тиіс бір ақиқат бар. Ол бірнеше ұрпақтың, халықтың жетпіс жыл бойы төмпештеген Кеңес үкіметінің идеологиясынан, оған қоса батыс мәдениетіне еліктеу салдарынан қазақылықтан, болмысымыздан ұзап кеткені рас. Қолдан келген бір шарам осы болар деп, ағаштан ұлттық нақыштағы бұйым жасауды кәсіп еттім. Мектепте оқып жүргенімде қазақтың ауылы, оның тыныс-тіршілігі, киіз үйі, далада бауырсақ пісіріп жатқан апалар, келіндер, қазақтың қасиетті деп саналатын тазы ит, қыран құс бүркіт, қаршыға, жүйрік жылқы секілді жалпы қазақ халқымыздың өмірін сурет қылып салуға әуес болдым. Осы суреттеріммен қалалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленгенім бар. Бүгінгі қолға алып отырған кәсібім де осы мен салған суреттердегідей, қазақтың ұлттық қолөнерін насихаттау болып отыр. Шеберханамда қазақтың тұрмысына қажетті бесік, сандық( кебеже),төсек ағаш, ыдыс-аяқтан: ожау, астабақ, кесе, зерең, сондай-ақ ыдыс-аяқ салатын жиһаз асадал және қобдишалар, кәдесыйлар басқа да ағаш бұйымдары жасалады, сонымен қатар тапсырыс берушінің талғамына көңіл аударамын. - Ісмер адамның бұйымдары қиялында пісіп жетіледі дегендей... - Жалпы сурет салу, ия болмаса мүсін жасау, тіптен кез-келген істі бастар алдында алдымен ойлауды, одан соң ол ойдың жүзеге асуы үшін аса шеберлікті қажет етеді. Жұмысты бастар алдында, бұйымыңның түр-сипатын кішкентай бөлшегіне дейін ойластырып, ерекше әдемі болып шығуына еңбектенесің. Мысалы, бесік, сандық жасар алдында оған түсетін ою-өрнектерді ойласытырып аламын, оған сурет пен өрнектің қай бөлікке түсетінін де көре білу керек. Ал, бұтағы көп без ағаштары сәндік бұйымдар, яғни кәдесыйлар жасауға жарайды. Бірақ,тұрпаты тегіс ағаштан гөрі осындай бұтағы көп без ағаштан бұйым жасау машақаты көп жұмыс. Мұнда, ағаштың пішініне сай келетіндей етіп не шығатынын болжай білу қажет, яғни алдын ала жоспар құрасың. Егер ойлаған өрнекті бұзып алар болсаң, өрнегіміз шықпай қалады. Яғни, бұйым біткенше шебер өте мұқият, ұқыпты болуы қажет. Негізі, кез-келген ағаштан бірдеңе ойлап шығаруға болады. Мұның барлығы шеберлікке келіп тіреледі.- Шын шеберлер ең жақсы өнімдерді негізін жасайтын материалды таңдаудан жаңылмайды. Бұйымға қажетті құрал-сайман, материалды қалай талғайсыңыз? - Іспен айналысатын адам кез-келген жұмысты бастар алдында өзіне қажетті құрал-саймандарын дайындап алады. Мен тұрпаты тегіс ағаш материалдарын Ресейден тапсырыспен алдыртамын. Ал, бұйым жасауға қажетті құрал-саймандар Алматыдан алынады. Негізінен, сапасы жоғары қарағай, қайың, терек, емен, тұт ағаштарын көп пайдаланамын. Ағашты біркелкі жонып, жасайтын бұйымның пішіні келтіріледі. Ыдыс-аяқтардан басқа бұйымдарға арнайы майлы бояулар мен жылтырап тұруы үшін лактар жағылады. Ал, ыдыс-аяқтарда ағаш өз текстурасын сақтап тұруы үшін жылқының майы және де арнайы жақпа майлар қолданылады. - Ісіңізде қолғанат болып, сізден шеберлікті үйреніп жатырған шәкірттеріңіз бар ма? - Әлі жаспын, әрі білгенімнен білмегенім көп дегендей әзірге шәкірт тәрбиелеп, бұл өнердің қыр-сырын үйретіп жатырғаным жоқ. Бұл болашақтың еншісінде. Талпынысы бар жастарды бұл өнерге баулығым келеді. Ал, ісімде көмек көрсететін көмекшім бар. - Болашақтағы жоспарларыңыз? - Алда жоспар көп. Соның бірі «Өнер мұрасы» шеберханамды кәсіпорын етіп кеңейту. Қазір, осы Маңғыстау бойынша ғана тапсырыстар беріледі, болашақта Батыс Қазақстанды қамтығым келеді. Сондай-ақ, шеберханадағы қызмет түрлерін көбейтіп, яғни тек ағашпен шектелмей тері өңдеу, зергерлік бұйымдар секілді қызмет түрлерін ашу. Оған қолдарынан өнер тамған шеберлерді тарту. Ұлттық құндылығымыз бен қазақтың дүниетанымын сырттан келген қонақтарға дәл суреттеп жеткізе алатын бұйым ол кәделік сувенирлер. Осындай сыйларды дайындап арнайы сататын дүкендермен келісім-шартқа отыру да алдағы шаруалардың бірі. Ал, қазір қаламыздағы бизнес-инкубатор ғимаратынан ұлттық галерея ашу жұмыстарымен жүрмін. Егер студия ашылар болса, қала тұрғындары, жас жұбайлар, қала қонақтары суретке түсуге, көріп тамашалауға болатындай ұлттық нақыштағы өнімдер, бұйымдар т.б. қойылған галерея болмақ. Негізінде өз басым бұл кәсіппен тек сәндік үшін, не күнкөріс көзі ретінде емес, ұлттық өнерді дамыту мақсатында айналысамын. Сондықтан да, алдағы жоспардың барлығы осы бағытта болмақ. - Әңгімеңізге рахмет! Алда арман-тілектеріңіз орындалып, еңбегіңіз жана берсін! Негізі жазу өнерінде «жақсы жазатын адам жақсы жазбайды, жақсы ойлайтын адам жақсы жазады» деген бар. Бұл тек қолына қалам ұстағандардың ғана емес, сондай-ақ кез-келген істің шебері боламын деушілерге де қатысты айтылған тұжырым. Біз сұхбаттасқан ағаш шебері ой-қиялы бар, ұлттық қол өнеріміздің мерейін көтеріп жүрген іскер қолөнерші. Автордың жеке жинағындағы сәндік дүниелері бүгінде қалалық әр түрлі байқауларда жеңімпаздарға сый ретінде тартылып жүр.
Сұхбаттасқан Жазира АҚБЕРГЕНОВА