Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында еліміздің дамуы үшін шағын және орта бизнесті дамыту керектігін үнемі айтады. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында да шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет екендігіне тоқталды. Бүгінде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілгенін, бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік бергенін де атап өткен болатын. Президентіміздің бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамда» да кәсіпкерлікті дамыту мәселесі назардан тыс қалмаған. Осыған орай жалпы өлкемізде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қандай жұмыстар жасалып жатыр? Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге үкімет тарапынан қолдау өз деңгейінде көрсетілуде ме? Ісін жаңадан бастағысы келген кәсіпкерлерге қандай тиімді ұсыныстар бар? Осы және өзге де сауалдарға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Берік НҰРҒАЛИЕВ жауап береді. – Берік Райысұлы, өзіңіз жетекшілік ететін аймақтық «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жыл басталғалы атқарған жұмыстарына қандай баға бересіз? Алға қойған мақсаттарыңыз Сіз ойлағандай жүзеге асты ма? – Көпшілікке түсінікті болуы үшін мен алдымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының атқаратын міндеттері тұрғысынан бастағанымды жөн санап отырмын. Біздер мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының операторымыз. Және бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қаржы агенттігі болып табыламыз. Осы бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерге олардың банктерден алынатын несиелерін кепілдендіру және сол алынған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету жөніндегі қолдау түрлері көрсетіледі. Кепілдендіру бағдарламасына келетін болсақ ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлерге кепілдеме несиенің 85%-на дейін ұсынылады. Қалған 15%-на кәсіпкер өзі кепілін табуы қажет. Бағдарлама төрт бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағыт-ауылдық жердегі немесе шағын моноқалалардағы кәсіпкерлерді қолдау, екінші бағыт-экономиканың басым бағыттарында жұмыс жасайтын осы бағдарлама шеңберінде айқындалған кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз. Үшінші бағыт-өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетілсе, төртінші бағыт бойынша-кәсіпкерлерді оқыту, оларға сервистік қызмет көрсету бойынша жұмыстар жасалады. Бұл бағдарлама 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Осы бағдарламаның жүзеге асырылған жылдарында Маңғыстау облысы бойынша 136 жобаға жалпы құны – 44 млрд.-тан астам субсидиялау түрінде қолдау көрсетілген. Бұл өзге облыстармен салыстырғанда өте аз көрсеткіш. Басты себеп-облыстағы халық санының аздығы деп есептеймін. Және белсенді түрде жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің саны өте аз. Сондықтан да «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына сәл өзгерістер енгізіп, кәсіпкерлерге тиімді жағын қарастырдық. Енді кәсіпкерлерге 180 млн.теңгеге дейінгі жобаға өз қаражатымен немесе мүлкімен қатысу міндетті емес. Және кәсіпкерлер осы бағдарлама бойынша кепілдеме алатын болса аймақтық үйлестіру кеңесінің қаралуына шығарылмайды. Яғни, алдымен банк қарайды, банктен кейін «Даму» қорына келіп, кепілдіктерін алып, әрі қарай өзінің несиелерін ала береді. – Қазір бұрынғыдай емес, кәсіпкерлікпен айналысам деген адамға мемлекеттің көзі түзу, демеп жіберуге әзір тұрады. Тұрғындар да мемлекетке алақан жайып, арқаны кеңге салып отыра беруге болмайтынын, кәсіп ашып, қамдану керек екенін жақсы түсінеді. Дегенмен, кәсіпкерлікті неден бастау керек екенін білмей, жүрексінетіндер де арамызда бар. Осы тұрғыда халықты бизнес бағытында сауаттандыру, білікті мамандар даярлау мәселесі қалай шешілуде? – Жалпы халықты кәсіпкерлікке дайындау үшін, оларға кәсіпкерлік саласы бойынша білім беріп, біліктілігін арттыру үшін арнайы оқыту курстары жиі ұйымдастырылады. Бірыңғай бағдарламаның шеңберінде «Бизнес кеңесші», «Жас кәсіпкерлер мектебі» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұрын осылардың барлығын жүзеге асырумен «Даму» қоры айналысты. Енді біріңғай бағдараламаға сәйкес онымен кәсіпкерлік палатасы айналысатын болады. Дегенмен, «Даму» қоры да өз тарапынан кәсіпкерлерге үнемі шеберлік сабақтарын, семинар-кеңестер өткізіп тұрады. Және тағы бір айта кететін жайт «Даму» қорының жанында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайды. Орталықта алты кеңесші маман бар. Мобильді-кеңесшіміз «Даму» қорының арнайы жабдықталған автобусымен аудан, ауылдарды аралап, тұрғындарға кеңес береді. Ал, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыс жасайтын кеңесшіміз ісін енді бастайтын кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалардың шарттары мен механизмдерін толықққанды түсіндіреді. Және есепші, маркетолог, заң саласы, бизнес-жоспар, рұқсатнама бойынша арнайы кеңес беретін мамандарымыз бар. Ісін жаңадан бастағысы келген кәсіпкерлерге кеңесшілеріміз тегін кеңес береді. Банктен несие алғысы келетін кәсіпкерлерге құжаттарды қалай толтыру керек немесе бизнес-жоспарды қалай жасақтау керек деген сұрақтарына көмектеседі. Осы бағытта кеңес беріп ғана қоймай, құжаттарды жинауға қолғабыс етеді. – Айталық, өз кәсібін ашуға ынталы, бірақ алғашқы капиталы жоқ тұрғын Сіздерге келіп көмек сұрай ала ма? – Әрине, сұрай алады. Ондай кәсіпкерлерге арнайы бағдарлама бар. Біздің қор бірыңғай бағдарлама шеңберінде кейбір банктермен бірлесіп жобаларды жүзеге асырады. «Сбербанк», «Халық банк», «Банк Центр кредит», «АТФ банк» сияқты банктермен біздің арнайы бағдарламамыз бар. Мәселен, кәсіпкерге 20 млн. теңге қаражат керек делік. Кәсіпкер ол қаражатты алу үшін өзі 15% мүлкін кепілдікке қояды немесе 15% қаражат көлемінде ақшасын депозитке салады. Қалған 85%-на «Даму» қоры кепілдік береді. Бұл бағдарлама арнайы ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған. Себебі банктердің басым көпшілігінің талаптарының бірі-алты ай жұмыс жасаған кәсіпкер болуы керек және оның кепілдікке қоятын жақсы мүлкі болуы керек. Ал, өзіңізге белгілі жаңадан бастаған кәсіпкерлерге ондай жағдай бола бермейді. Осы мәселені ішінара шешу үшін біз банкке кепілдік береміз, біздің кепілдігіміздің нәтижесінде банктер кәсіпкердің болашақ бизнес-жоспарына назар аударатын болады. – Даму көбіне мүгедек кәсіпкерлерге көмек көрсетуде белсенді екенін білеміз. Осы уақытқа дейін қанша мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерге көмектестіңіздер? – «Даму көмек» атты арнайы бағдарламамыз бар. Сол бойынша арнайы сайт жұмыс жасайды. Бізге келіп түскен өтініштерді сайт арқылы қарайтын боламыз. Мүгедек кәсіпкер немесе болашақта кәсіпкерлікпен айналысқысы келген тұлғалар бізге келіп өтінішін береді немесе сайтқа өтінішін орналастыра алады. Сол өтініш бойынша біз демеушілерді іздейтін боламыз. Үлкен кәсіпорындарға, мекемелерге хатпен шығып, өзара қалай көмектесу керек екенін талқылайтын боламыз. Біздің өтініштерімізге мекемелер бейжай қарамай, мүмкіндіктеріне қарай көмектесіп келеді. Солардың бөлген қаражаты есебінен қажетті тауарларды сатып алып, біз кәсіпкерлерге сыйға береміз. Жыл басталғалы Маңғыстау облысы бойынша мүмкіндігі шектеулі 8 кәсіпкерге көмек көрсетілді. Оның ішінде 2-ші топтағы мүгедектер Жұмақыз Абдрахманова, Виталий Жадан, Қуаныш Ибраев, Боранбай Тлеповке өздері сұраған қажетті заттарын демеушілеріміздің көмегімен сатып әпердік. Жалпы алғанда 2010 жылдан бастап осы уақытқа дейін аймақта мүмкіндігі шектеулі 47 кәсіпкерге көмек көрсетілген. Бұл үрдіс жалғасын табатын болады. Бұдан бөлек «Даму» қоры «Казкоммерцбанк» АҚ «Құс жолы» қайырымдылық қорымен бірлесе отырып, «Жұлдыздарға қара» деген жобаны жүзеге асырады. Жобаға биыл-үш жыл. Аталған қайырымдылық қор әр грант алушыға 200 мың теңге көлемінде қаражат бөледі. Биыл облысқа бес грант қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер жобаға қатысуы үшін бизнес-жоспарларын ұсынады. Грант конкурстық негізде беріледі. Бізге келіп түскен өтініштердің ішінен тек ғана бес жоба іріктеліп алынып, гранттар тапсырылады. Биылғы жылға гранттарға конкурстар жарияланды, өтініштер қабылданып жатыр. Бұдан бөлек жастарға арналған «Өз бизнесіңді баста!» деген бағдарламамыз бар. Осы бойынша арнайы семинарлар ұйымдастырылып, жастарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Басты мақсат – өз ісін бастағысы келетін, кәсіпкерлікке икемі бар жастарға қолдау көрсету, жұмыссыз жастардың санын азайтып, ел экономикасын көтеруге, халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қосу. – Енді әңгімемізді жеке өміріңізге қарай бағыттасақ. Сіз бұл салаға қалай келдіңіз? – Жоғары оқу орнын қаржы мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Ақтөбедегі филиалына несие-сарапшысы болып жұмысқа орналастым. Ол кезде ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді тікелей қаржыландыру мақсатында «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» деп аталатын. 2007 жылдың аяғында Үкіметпен шешім қабылданып «Даму» қоры тікелей қаржыландырудан екінші деңгейлі банктер арқылы шартты түрде орналастыруға көшті. Қызметімді несие-сарапшысы болып бастағаннан кейін, «Даму» қорының ішінде көптеген бағыттар бойынша жұмыс жасадым. Киелі түбек Маңғыстау өлкесіне келіп, аймақтық филиалының директоры қызметіне тағайындалғаныма бес ай болды. Өңірде кәсіпкерлік саласының дамуы бар күш-жігерімді, осы уақытқа дейін жинақтаған тәжірибемді пайдаланып, жұмыс жасайтын боламын. – Сұхбатыңызға рахмет! Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.
Венера Мирлан