Айгүл Үлкенбаева 1962 жылы 23 қаңтарда Атырау облысында дүниеге келген. 1981 жылы Алматы қаласындағы музыкалық училищені, одан кейін Алматы мемлекеттік консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) халық аспаптары факультетін бітірген. Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген әртісі, ІІІ Республикалық жас орындаушылар байқауының, Құрманғазы атындағы І Республикалық орындаушылар байқауының, Баку қаласында өткен У.А.Гаджибеков атындағы халық аспаптары орындаушылары халықаралық байқауының лауреаты, Қазақстанның «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
- Айгүл Нариманқызы, киелі елге келген қадамыңыз сәтті болсын! Өнердегі жаңалықтарыңыз бен осы өнер сапарыңыз туралы әңгіме өрбітсеңіз?
- «Айгүл - күйге бар әлем тамсанады» атты жоспарлы, үлкен дайындықпен дайындаған концерттік бағдарламаммен Астана, Алматыдан бастап, Қазақстанның барлық ірі қалаларында жеке шығармашылық кешімді өткіздім. Енді осы үрдіс аясында республикамыздың ірі орталықтарында өнер көрсетіп келемін. Топырағында талай дүлдүлді дүниеге келтірген, қасиетті 362 әулиелі топыраққа Маңғыстауға келіп өз концертімді өткізіп жатырғаныма өте қуаныштымын. Оның ішінде Форт-Шевченко деген өте көне қалалардың бірі деп естідім. Шынымды айтсам, менің осы Ақкетіктің топырағына табан тіреуім, келуім алғаш рет екен. Осы жердегі өнерімді сүйетін барша жергілікті халыққа өнерімді жақыннан, бетпе-бет тамашалатуға мүмкіндік берген облыс басшылығына, облыстық мәдениет басқармасына алғысым шексіз.
- Домбырамен қазақтың музыкасын әлемге мойындатып, күй өнерін насихаттап, оған талай жанды тәнті етіп жүрсіз. Өзге елдерде төл туындыларымыздың қайсысын жиі орындауды өтініп жатады, қазақы домбырамызға берер бағалары қандай?
- Негізінен әр сапарымызда концерттің тақырыбын сол жердегі көрерменге байланыстырып отырамыз. Сондықтан бағдарламамды өзгертіп, жаңартып тұруға тырысам. Енді домбыраның мүмкіндігіне шетелдіктердің таңданатыны рас. Себебі, қос ішекті кішкентай ғана аспаптан соншалықты музыканың төгілуі таңдай қақтырмай қоймайды. Оған дәлел – өткен жылдары Самарқандта өткен фестивальге қатыстым. Сонда жюридің құрамында отырған Индонезиядағы ұлттық оркестрдің дережеры, мықты музыкант, шетелдік өнерпаз Франкий деген домбыраға аса көңіл аударыпты. Кейін менің дисколарымды алдыртып, тыңдау арқылы домбыраға қатты қызыққан екен. Былтыр қыста осы кісінің шақыртуымен Индонезиядағы фестивальге қатысып қайттым. Индонезия бойынша жалғыз ұлттық әрі жартылай кәсіби оркестр ұжымы бар. Сол ұжыммен мен домбыраны бірінші рет қосып ойнадым. Оларда қобыз, жетіген тектес аспаптар бар да, ал домбыра тектес аспап жоқ екен. Ол кісіге сол жаңалық болса керек, өз таңданысын жасырмаған болатын.
- Күйді шебер орындаушы ретінде әлемге атағыңыз шықты, ал күй шығару ойыңызда жоқ па? Оған сауатыңыз қалай?
- Сөзіңіздің жаны бар, маған үлкен кісілер тарапынан «сенің шеберлігің жеткілікті, енді неге күй шығармайсың?» деген сауал жиі қойылады. Бірақ, көп жағдайда әзірге оған дайын емеспін деп жатам. Алла бұйыртса, бәрі де мүмкін. Өз уақытымен орындалатын шаруа деп есептеймін. Оған сауатым құдайға шүкір жеткілікті, жүрегімде де қалауым бар. Болашақта мүмкін болатын нәрсе болса болар.
- Күй мектебіңіз туралы айтып кетсеңіз? Онда өзге ұлттарынан домбыра, күй үйренушілер бар ма?
- Менің өзімнің Алматы қаласында 2006 жылдан бері мектеп –студиям жұмыс істеп келеді. Ол жерде жалғыз қазақ балалары емес, өзге ұлт өкілдері өте көп. Бұрын мен домбыраны орыспен сахнаға алып шығып, күй орындасам жұрт таң қалушы еді. Қазір, құдайға шүкір, сол орыс ұлтынан бөлек армияндар,түріктер, тіпті ағылшындар оқып, домбыраны шертумен қатар күй үйреніп жатыр. Осының өзі қазақтың домбырасына деген қызығушылық шеңберінің кең екенін көрсетеді.
- Қазір көп әлеуметтік желі арқылы таралып, лезде танылған «Домбыра патти» көпшілік шарасына сіздің көзқарасыңыз? Қолдамайтындар тарапынан пікірлер естіліп жатады. Сіз ше?
- Енді әр шараның меңзейтін бір мақсаты болады. Бәрінен бұрын әйтеуір домбыраны дәріптеу екені мені қуантады. Стамбулда менің Седат деген шәкіртім бар. Сол мені арнайы ұстаз деп керемет қадір тұтады. Сол маған өздерінде өткізген «домбыра патти» шарасының суреттерін жіберіпті. Оның бәрі домбыраны дәріптеу, насихаттау, өзге ұлтқа таныстыру болғандықтан қолдаймын. Бәріміздің осы домбыраның соңында жүргендегі мақсатымыз бір – ұлттық өнерімізді, аспабымызды дәріптеу ғой. Кім, қандай жолмен таныстырам десе де құба-құп.
- Сахнадан жиі көріне бермейсіз. Бір шығарманы сахнаға әзірлеу қаншалықты уақытты қажет етеді және репертуар мәселесін қалай шешесіз?
- Мысалы, мен мына концертке осы бағдарламамды алып шығу үшін де ұзақ дайындалдым, жарты жыл командамен жұмыс жасадым. Астанада, Алматыда өткен концерттерді көрген болсаңыздар, «Джаз», «Рок» командамен жанды дауыста концерт ұсынған болатымын. Әртіс үшін ол өте үлкен тапсырманы орындау болып табылады. Оның материалдық шығынынан бөлек, музыканттармен жұмысының өзі бір бөлек әңгіме. Фонограмма жазып ойнай салмаймыз ғой. Әрбір музыкантпен ұзақ репитиция жасауыңды талап ететін үлкен еңбек. Олардың репетициясынан бастап сахнаға дейін алып шығу үлкен қаржыны қажет етеді. Оның үстіне үлкен топты алып жүріп, концерт берудің өте қиын екенін байқап отырған шығарсыз. Көпшілік ондай жұмыстан үлкен шығын болатындықтан, көп еңбектенуді талап ететіндіктен қашады. Соның ішінде біздің елде жанды дауыста үлкен ұжыммен жүріп концерт беретіндер саны саусақпен санап аларлық. Алайда менің гастрөлдік сапарларым тоқтаған емес. Шағын концерттерде шақыртумен шығып жатамыз, ал үлкен тақырыптық концерттердің бағдарламасына сынмен қараймын. Себебі мен өзім планканы өте биік қоятын адаммын. Бір нәрсе бастасам жетесіне жеткізе істеп, нүктесіне дейін ойластырамын. Сондықтан бұл жұмыстар қиындау соғып жатады.
- Домбыра таңдау бір бөлек, домбыраны күту бір бөлек. Бұл жөнінде жастарға берер кеңесіңіз бар ма?
- Домбыраны күту, баптау оңай шаруа емес, жастарға берген жәй кеңеспен шешілмес. Оны таңдағанда алдымен көру керек, дыбысын құлағыңмен естіп, дұрыс таңдау керек. Негізінен әншілердің домбырасына қарағанда күйшілердің домбырасы бөлек болады. Мысалы әншілер домбыраның дыбысы шығымды болуды алғы шарт етеді. Кішкене шулы, өздерінің дауыстарына көмек көрсететіндей етіп таңдап жатады. Ал бізде керісінше, қосалқы дыбыс болмай, таза, тұнық болғанын қалаймыз. Сондықтан микрафонға тұнық, таза дыбысты аспаптарды таңдаймыз.
- Саяси науқанға қарай келіп қалыпсыз, кезектен тыс президент сайлауы туралы да ойыңызбен бөлісе кетсеңіз?
- Экономикамыз тұрақты, еліміз тыныш, сондықтан алаңдайтын ештеңе жоқ деп есептеймін. Қазақстан халқы өзінің таңдауын дұрыс жасайтынына, елімнің ертеңіне сенемін. Біздің таңдауымыз арқылы болашағымыз жарқын болатынын айтқым келеді.
Сұхбаттасқан Милана ЕЛЕУСІНОВА