Бірнеше айдан бері әлемде мұнай бағасының құлдырауы жаһандық экономиканың өсімін баяулатып, дағдарыс алпауыт елдердің өзін қыспаққа алуда. Табысын «қара алтыннан» еселеп отырған мұнай өндіруші мемлекеттермен қатар біздің елімізде де экономиканың салмағы өндіріске артылғаны белгілі. Жаһандағы қаржылық-экономикалық өзгерістерге байланысты мұнай компаниялары отандық экономиканың даму қарқынын бәсеңдетіп алмауға әрекет етіп, қысылтаяң шақтан шығуға қам-қарекет жасауда. Қарақұрым халықты алаңдатқан қиындықты еңсеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды білмекке «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары Бақыт Иманбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Бақыт Алтайұлы, алдымен акционерлік қоғамның өткен жылы атқарған жұмысы мен жаңалықтарын көпшілікпен бөліссеңіз. «Қара алтын» өндірудің қарқыны қалай? Жылдық өнім өндіру көрсеткіші межелі мөлшерге жетті ме?
– Әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуіне байланысты орын алған дағдарысқа қарамастан өткен жыл біздің компания үшін жемісті болды. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы 50 жылғы белесінде келешегі кемел, өндірісі өрге домалаған қуатты компанияға айналды. Өткен жылы 50 жылдық мерейтойымызды тойлап, өлкеде компанияға тұңғыш ашқан ардагер мұнайшыларды сый-құрметке бөлеп, өндіріс озаттарын марапаттадық. Өндірістік көрсеткіштерге келсек, өткен жылға 6 млн. 151 мың тонна мұнай өндіруді жоспарлаған едік. Жылдық көрсеткіштің нәтижесі бойынша жоспар артығымен орындалып, жер қойнауынан 6 млн. 273 мың тонна «қара алтын» өндірілді. Бұл ретте еңбек өнімділігін арттырып, ел ырысын еселей түскен мұнайшылардың еңбегі құрметке лайық деп ойлаймын. Компания ұжымының ауызбіршілігі мен еңбекқорлығының арқасында алған асуларымыз бен бағындырған белестеріміз де аз емес. Жерасты байлығын игеруде жаңа технологияларды өндіріске енгізу арқылы өнім сапасын арттыруды қолға алдық. Өткен жылдың қыркүйек айында «Қаламқас» кен орнында орналасқан №2041, 2049 айдау ұңғымаларының учаскелерінде жер қыртыстарына полимер айдау жұмыстары басталып кетті. 2014 жылдың қорытындысы бойынша қосымша өнім көлемі 1 341,2 тоннаны құрады. Алдын ала есептеуіміз бойынша полимермен суландыру технологиясын қолдану арқылы 2023 жылға қарай «Қаламқас» кен орнының жылдық өндіріс көлемін 6,547 млн. тоннаға жеткізуге болады. Ал қолданыстағы су айдау технологиясын жалғастыра беретін болсақ, жылдық өнімді өндіру 3,620 млн. тоннаға дейін төмендеуі ықтимал. Полимерлік суландыру әдісінің тәжірибелік сынағы жақсы нәтиже беретін болса, облысымызда полимер өндіру зауыты салынуы мүмкін.
Өткен жылдың қазан айында «Қаламқас» кен орнында қуаттылығы 2х45 мегаватты құрайтын газтурбиналық электр станциясының іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, энергия қуатын өндіруші және оны тасымалдаушы мекемелерден электр қуатын сатып алуға жұмсалатын қаражатты қысқартуға, электр тораптарына түсетін салмақты азайтуға сеп болды. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нің электр станцияларында қосымша электр қуаты босап, оларды жаңа өнеркәсіп нысандарына тасымалдау мүмкіндігі туды. Демек, газтурбиналық электр станциясының қолданысқа берілуі тек компанияның дамуына серпін беріп қоймай, жалпы облыс экономикасының дамуына да оң әсерін тигізіп отыр.
– Әлем мемлекеттерін алаңдатып отырған мұнай бағасының құлдырауы еліміздің мұнай-газ секторында жетекші орынға ие «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қалай әсер етуде?
– «Қара алтын» бағасының күрт төмендеуі салдарынан еліміздегі мұнай өндіруші компаниялармен қатар біздің акционерлік қоғамда да туындаған қаржылық қиындықтарға төтеп беруге тырысып-бағудамыз. Бюджетімізді қайта қарап, қатаң үнемдеу шараларын қолға алдық. Бұл жағдай қызметкерлердің жалақысына немесе бұған дейін берілетін әлеуметтік жеңілдіктерге еш әсерін тигізбейді. Бірақ, кейбір бағдарламалардан бас тартуға тура келді, негізгі бағыттар, төлемдер сол қалпында қалды. Ауған соғысының ардагарлеріне және жаңадан шаңырақ көтерген қызметкерлерге төленетін жәрдемақы, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан қызметкерлерге берілетін көмек тоқтатылды. Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отырған қызметкерлерге төленетін жәрдемақы көлемі 100 айлық есептік көрсеткіштен 50-ге азайтылды. Ұжымдық шартқа сәйкес, 2014 жылы қызметкерлерге көрсетілген жалпы материалдық көмек ретінде 694 млн. теңге бөлінсе (бұл қаржыға балалардың сауықтыру орындарындағы жазғы демалысы, бала туылғанда көрсетілетін көмек, мүгедектерге төленетін жәрдемақы т.б. кіреді), шаңырақ көтеруге байланысты бөлінген жәрдемақының мөлшері 10 млн. теңгені құрады. Демек, біздің бас тартқан жеңілдіктеріміз жалпы әлеуметтік жәрдемақылардың шағын ғана бөлігін құрайды. Бұл- амалсыздықтан жасалып отырған қадам екенін айтып өткім келеді. Мұнай бағасы тұрақтанса, тоқтатылған жеңілдіктер қайта жалғасатын болады. Үнемдеу арқылы өндірістік және шаруашылық бағыттардың шығындарын азайтуға жұмыстанып жатырмыз. Мысалы, бөлім басшыларына көлік жалдауға кететін және т.б. сол сияқты шығындарды қысқартуды қайта қараудамыз. Сонымен қатар 2015 жылы Мұнайшылар күні, Жаңа жыл сияқты мерекелік шаралар өткізілмейді. Өзіңіз көріп отырғандай, мекеме қызметкерлері алдындағы әлеуметтік міндеттерімізді мейлінше толыққанды орындап жатырмыз.
– Өткен жылы қаржылық қиындықты бастан кешірген компания тарапынан жұмысшыларға бонус, яғни қосымша сыйақы берілді ме?
– 2013 жылы жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымының, сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің арасында үшжақты ұжымдық шарт жасалды. Осы ұжымдық шарт тармақтарының бірінде жылдық өнім өндіру жоспары артығымен орындалған жағдайда бонус төлеу қарастырылған. Жоғарыда айтқанымдай, компания 2014 жылы жоспардан тыс 122 мың тоннадан астам мұнай өндірді, яғни бонус төлеуге негіз бар. Алайда, оны төлеудің шарты бойынша мұнай бағасы барреліне 96 АҚШ долларынан кем болмауы керек. Өткен жылы құлдыраған мұнай бағамының желтоқсан айында 46-47 долларға дейін төмендегенінен көпшілік хабардар. Бірақ нарықта мұндай жағдайдың орын алуына, әлемдік геосаяси және экономикалық ахуалдың қиындауына жыл бойы адал еңбектенген мұнайшылардың кінәсі жоқ. Осыны ескере отырып, жағдайдың қиындығына қарамастан басқарма бонустарды төлеуге шешім қабылдады. Осы шешімнің жүзеге асуына қолдау көрсеткен акционерлеріміз «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ және «СNРС» компаниясына алғысымды білдіремін. Тікелей өндіріс жұмыстарымен айналысатын «Қаламқас» пен «Жетібай» кен орындарының жұмысшылары үш бонустан және осындағы қосалқы қызметкерлер (аспазшылар, медицина қызметкерлері, кір жуушылар, күзетшілер және т.б.) 2,5 бонустан, ал Ақтау қаласындағы орталық аппараттың қызметкерлері бір бонустан алды. Осылайша, бонус мәселесі де шешілді. Бір қуантарлығы, қызметкерлер барлық жағдайға түсіністікпен қарады. 90-шы жылдарды еске түсірсек, жұмысшылар бонус түгілі айлап жалақыларын да ала алмай жүрді емес пе?! Ол қиындықтарды да еңсердік. Ерте ме, кеш пе әлемдегі өтпелі кезең шегіне жетіп, экономикалық ахуал тұрақтанары сөзсіз. Сол кезде біздің компания еңсесін тіктеп, қайта қалпына келеді деген сенімдемін.
– Бүгінгі таңда мұнайшы мамандығын игерген кадрлар көп, мәртебелі мамандық бойынша жұмысқа тұрсам дейтін жастардың қарасы қалың. Мұнай мекемелеріне, өндірістік басқармаларға жұмысқа орналасу да қиын. Осы мәселе жөнінде не айтасыз?
- Тұрақты жұмысқа орналасу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналды. Мұнай компанияларына жұмысқа тұрғысы келетін жастарды түсінуге болады. Жоғары жалақы алып, әлеуметтік жеңілдіктерге ие болғысы келеді. Алайда, мұнай мекемелері ниет білдіргендердің барлығын бірдей жұмыспен қамти алмайды. Қазіргі таңда «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында 6000-ға жуық қызметкер бар. Үстіміздегі жылдың 22 қаңтарынан бастап 1 маусымға дейін жұмысқа алуды мүлдем тоқтатып қойдық. Бұдан бөлек бізде қызметте кезінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ арнайы бағдарламасы бойынша Алматы қаласындағы Каспий қоғамдық университетін бітірген тағылымдамашыларымыз да бар. 2008 жылдан бері Каспий қоғамдық университетін бітіріп келген 369 жас маман жұмысқа орналасу жөнінде өтініш берді, солардың 121-і бүгінгі таңда әлі тағылымдамашы ретінде, яғни штаттан тыс қызмет етіп жатыр. Оқу бітіріп келген жастар жұмыс сұрайды, бізде бос жұмыс орындары жоқ. Олардың көпшілігі қазір тағылымдамашы ретінде қызмет етеді, оларды да тұрақты жұмыспен қамтуымыз қажет. 2014 жылы әкімдіктің жолдауымен және аз қамтылған отбасылардан 30 азамат «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына жұмысқа қабылданды.
– Бақыт Алтайұлы, сіз жоғарыда үнемдеу шаралары қолға алынғаны жөнінде айтып өттіңіз. Мұнай бағамы одан әрі құлдырай берген жағдайда атқаратын іс-шаралар жоспары құрылды ма? Қызметкерлер өз болашағына қаншалықты сенімді бола алады, жұмысшылар қысқартуға ұшырап қалмай ма?
– Облыс әкімі Алик Серікұлы өңірдегі ірі мұнай және газ өндіретін компаниялардың басшыларына мұнай бағасының төмендеуіне байланысты еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, жұмыс орындарының қысқаруына жол бермей, осы мәселеде тиісті шаралар алуды тапсырған болатын. Өздеріңізге белгілі, ақпан айының басында Ақтау қаласында ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник, ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев және Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев қатысқан аймақтағы жұмыс жүйесін тұрақтандыру және жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде форум өтті. Облыс әкімдігі, жұмыс берушілер мен облыстық кәсіподақ кеңесінің арасында «еңбек құқығын және жұмысшыларға еңбек кепілдемелерін қамтамасыз етуге бағытталған өзара әріптестік туралы», «Өңірдегі ірі мекемелер мен отандық тауар өндірушілер арасында жергілікті үлесті арттыру бойынша әріптестік туралы» меморандумға қол қойылды. Яғни, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның штаттық санында қысқарту болмайтындығын ерекше атап өткім келеді.
– Кен орындарындағы еңбек ұжымдарымен жиі кездесіп тұрасыз ба? Еңбек қатынасында, өндіріс басында туындаған қиындықтар мен өзге де мәселелер қалай реттеледі?
– Өндірістік басқармалардағы жұмысшылармен кездесу тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасарлары, департамент басшылары, кәсіподақ ұйымының өкілдері және «Қаламқас» пен «Жетібай» кен орындарының еңбек ұжымдары қатысқан жиын өтті. Осындай кездесулер басшылық пен қызметкерлер арасындағы түсініспеушілікті жойып, қандай да бір мәселелерді шешу үшін тікелей басшылықпен тілдесуге мүмкіндік беретіндіктен мұндай басқосулардың маңызы өте жоғары деп ойлаймын. Кен орындарда мекеме басшыларының қатысуымен өтетін кездесулерде әртүрлі мәселелер талқыланып, шешімін тауып жатады. Сондай-ақ, адам ресурстарын басқару департаменті мен әкімшілік сұрақтар және әлеуметтік даму департаментінің өкілдерінен құралған кен орындардағы әлеуметтік нысандар мен жұмыс орындарының жағдайын бақылайтын арнайы топ құрылды. Жұмыс тобы тоқсан сайын «Қаламқас» және «Жетібай» кен орындарына барып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды, еңбек қатынастарын, жұмысшылардың қауіпсіздігін және т.б. тексеріп, туындаған мәселелерді шешуге жұмыстанады. Осылайша, компания басшылығы және мемлекеттік құрылымдар тарапынан өндірістік жағдайды тұрақтандыру, мұнайшылардың ішкі еңбек тәртібін сақтау қажеттілігі жөніндегі шараларды түсіндіруге және әлеуметтік-еңбек шиеленістерінің алдын алуға бағытталған шараларды тұрақты жүзеге асырамыз.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, отандық тауар өндірушілерді қолдау арқылы экономиканың өркендеуіне ықпал ету басты назарға алынып отыр. Акционерлік қоғам елімізде отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, кәсіпкерлерліктің кеңге қанат жаюына қаншалықты септігін тигізіп отыр?
– «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарттарында қарастырылған міндеттемелеріне сәйкес, жергілікті тауарларды жылдық сатып алу жоспары – 30%, жұмыстар – 60% және қызметтер – 80%-дан кем болмауы керек. Бұл мәселе бойынша біздің компания міндеттемелерді қатаң назарда ұстап, тіпті кей жағдайларда артығымен орындап келеді. Мәселен, 2014 жылы компания жалпы сомасы 260 млрд. теңгені құрайтын тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алды. Оның ішінде қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің үлесі 200 млрд. теңгеден асып түсті, демек, жалпы сатып алу сомасының 76 пайызын құрайды. Таяуда жергілікті ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілермен құны 547 миллион теңгені құрайтын меморандумға қол қойдық. Сонымен қатар, жергілікті сүт өнімдерін өндіретін мекемелермен де осындай меморандумға отыру жоспарда бар. Жуырда жергілікті шаруа қожалықтарымен келісілген меморандумға сәйкес, мұнайшыларды етпен қамтамасыз етіп отырмыз. Осы орайда компания отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған міндеттемелерді артығымен орындайтындығын тағы да атап өткім келеді.
– «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ–ның жергілікті әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қосып жатқан үлесі қандай?
– Біздің акционерлік қоғам алдына қойылған әлеуметтік жауапкершілікті әрдайым жете түсінеді. Компания мұнай мен газ өндіріп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымының дамуына, халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына белсенді атсалысып келеді. Соңғы бес жылдың өзінде-ақ әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға 2 млрд. 598 млн. теңге қаржы жұмсалды. Соның ішінде ауыл- аймақтарды дамыту үшін 713 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржыға спорттық алаңдар салынып, жолдар жөнделді. Электр желілері тартылып, бірқатар мектептер компьютер сыныптарымен жабдықталып, мәдени-әлеуметтік нысандар, т.б. жөндеуден өтті. Мәселен, Жетібай ауылында спорттық кешен мен музыка мектебі салынып, халық игілігіне тапсырылды. Шебір елді мекенінде де спорттық кешен бой көтерді. Ақтау-Қаламқас тасжолын жөндеуге 523 млн. теңге, Ақтау қаласының №10 балабақшасын күрделі жөндеуден өткізуге 333 млн. теңге қаралды. Теңіз суын тұшытатын зауыт коммуналдық меншікке ақысыз түрде тапсырылды. Бұл біз жасаған жұмыстардың аз бөлігі ғана, атқарылған шаруалар көп.
Биылғы жылы экономикалық жағдайдың қиындығына қарамастан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ облыс шеңберінде әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруге 300млн. теңге бөлуді жоспарлап отыр. 2014 жылдың өзінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жергілікті бюджетке 304 млрд. теңге қаражат салды. Ал соңғы бес жылда мемлекеттік бюджетке 1 трлн. 346 млрд. 560 млн. теңге салық төленді.
– Өткен жылы акционерлік қоғам жанынан құрылған Жас мамандар кеңесінің қызметі туралы айтып өтсеңіз.
– 2014 жылдың тамыз айында мекеме жанынан Жас мамандар кеңесі құрылды. Оның құрамында белсенді, жан-жақты, компанияның қоғамдық өміріне етене араласып жүрген жастар бар. Кеңес мекеменің жас мамандарын біріктіру, өндіріске тез сіңісуін қамтамасыз ету, жастардың шығармашылық қабілеттерін тиімді пайдалану мақсатында құрылды. Кеңес өз қызметінде мекеме алдында тұрған өндірістік тапсырмаларды орындауға көмектеседі. Бұл кеңесті құру туралы шешімнің стратегиялық жоғары маңызы бар, компанияның дамуына тікелей әсер етеді. Осы жастар – біздің күш-қуатымыз, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның болашағы! Компанияда білікті, бәсекеге қабілетті ұжым қалыптастыру да, мекеме алдында туындайтын күрделі мәселелерді шешу де сол жастардың қолында!
Кеңес жақында құрылса да, жас мамандар мекеменің аясында ғана шектеліп қалмай, аймақтың қоғамдық өміріне белсенді араласып келеді. Өлкеміздің тарихи-мәдени орындарына тазалық жұмыстарын, әртүрлі қайырымдылық шараларын өткізумен қатар мұқтаж жандарға көмек қолын созып, мұнайшы ардагерлермен кездесулер ұйымдастырып, тағы да басқа шараларды қолға алды. Осындай болашағынан зор үміт күттіретін ұрпақтың өсіп келе жатқанына қуанамын. Болашақта осы жастар майталман мұнайшылардың ізін жалғап, шынайы патриот боларына сеніммен қараймын.
– Қой жылы атқарылатын жұмыстар мен өндірістік жоспарлар туралы қысқаша мағлұмат берсеңіз...
- Биыл «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 6 млн. 250 мың тонна, оның ішінде «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасынан 4 141 605млн. тонна, «Жетібаймұнайгаздан» 2 108 395 млн. тонна «қара алтын» өндіру жоспарланып отыр. Жаңа техника мен технологияларды өндіріске енгізу туралы айтсақ, 2015 жылы ұңғымалардың жөндеуаралық мерзімін ұлғайту және өндірілетін мұнай көлемін арттыру мақсатында «Қаламқас» кен орнында бұрандалы сораптарды штангалы түріне алмастыру жұмыстарын жалғастыра бермекпіз. «ННАБ-95» маркалы штангалы сорабы жоғары дебитті 16 ұңғымаға қондырылғаннан кейін 9 845,3 тонна көлемінде қосымша мұнай өндірілді. «Қаламқас» кен орнында тәжірибелік-өндірістік сынақ жұмыстарын жүргізу барысында өткен жылы маусым айында №2235 ұңғымаға «Штангалы сораптың желілік тартпасы» орнатылды, содан бері өндірілген қосымша мұнай көлемі 847,7 тоннаны құрады. Қазір тәжірибелік жұмыстар жалғасын табуда.
2014 жылдан бері «Жетібай» кен орнындағы екі ұңғымада «Жиілік түрлендіргіші бар VLT SALT интеллектуалды басқару станциясының» тәжірибелік-өндірістік сынақтары жүргізілуде. Мұнай өндіру кезінде штангалы-батпалы сораптардың тартпасының жиілігін реттеуге және максималды дебитке автоматты түрде икемдеуге арналған станция сораптардың тиімді толтырылуын арнайы құрылғыларсыз да қадағалай алады. Тартпаның жиілігінің ұңғыма ағысының қарқынына автоматты түрде икемделуінің арқасында жұмыс тиімділігін арттыруға және жұмсалатын электр қуатын үнемдеуге болады. Тәжірибелік жұмыстар жалғаса бермек.
Жоғарыда айтқанымдай, «Қаламқас» кен орнындағы ұңғымаларды полимерлік суландыру әдісінде тәжірибелік сынақ жұмыстары тиімді нәтиже берген жағдайда осы технология «Қаламқас» кен орнында кеңінен қолданысқа енгізілетін болады. Өндірістік тауарларды «Жетібаймұнайгаз» кен орнының қоймалары мен базаларына тікелей жеткізу бойынша пилоттық жобаны іске қостық. Бұған дейін жүктер алдымен Маңғышлақ станциясындағы базаларымызға жеткізіліп, содан кейін кен орындарына жөнелтілетін. Ал енді өндірістік басқармаларымыз артық жұмыстардан арылып, жүктерді тікелей қабылдап алуда. Осылайша, жүк тасымалдауға кететін уақытты қысқартумен қатар оны сақтауға кететін шығындарды да азайтып отырмыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ