Қазақстан мен Әзербайжан арқылы Украинадан Транскаспийлік халықаралық көлік маршруты арқылы Қытайға баратын алғашқы тестілік контейнерлік пойызы Баку халықаралық теңіз сауда портына келді.
Бұл туралы бүгін порт таратқан хабарламада айтылды.
«10 вагоннан, 20 40-футтық контейнерден тұратын тестілік пойыз Аляттағы Баку портының паромды терминалына келді. Бұл жерден пойыз паромды өткел арқылы Каспий теңізі бойынша Қазақстанға, одан әрі Қытайға жол тартады», - делінген хабарламада.
Украина-Грузия-Әзербайжан-Қазақстан-Қытай (Каспий мен Қара теңіз арқылы) бағыты бойынша тестілік контейнерлік пойыз 15 қаңтарда Ильичевскіден шығып, 20 қаңтарда грузиндік Поти портына келді.
Бұл ретте 14 қаңтарда Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Украина Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша жүк тасымалдауға бәсекеге қабілетті жеңілдік тарифтерін белгілеу туралы хаттамаға қол қойған.
Транскаспий халықаралық көлік маршруты Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркиядан өтіп, одан әрі Еуропаға шығады. Шихэцзы (Қытай)-Достық-Ақтау-Алят маршруты бойынша жүретін алғашқы тестілік контейнерлік пойыз өткен жылғы тамызда Баку халықаралық теңіз сауда портына келген.
ҚазАқпарат