- Маңғыстау облысындағы баға тұрақтылығына шағын және орта бизнес үлкен рөл атқарып отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев мәлім етті.
Облыс басшысының айтуынша, былтырғы жылы азық-түлік тауарларының индексі республика бойынша ең төменгі көрсеткіштердің біріне ие болып, 108,8 пайызды құрады.
«Былтыр облыс әкімдігі әлеуметтік маңызды тауарлардың тапшылығы мен жосықсыз баға өсімін болдырмауға көп күш салды. Мұнда шағын және орта бизнес үлкен рөл атқарды. Шындығында, өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың оң динамикасы қалыптасып отыр. Мәселен, шағын кәсіпкерлікпен айналысатын халық саны 5 пайызға өсіп, 106 мың адамды құрады. Олардың жалпы экономикалық белсенді халық санынан үлесі 35 пайызға жетті», - дейді А. Айдарбаев.
Әкімнің келтірген мәліметтеріне қарағанда, бизнесті дамытудың бірыңғай бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 5 млрд теңгені құрайтын 124 жоба мақұлданған. «Бұл жерде айта кетерлігі, аталған бағдарлама аясында 2015 жылы 1153 жұмыс орны құрылды. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда екі есеге артық көрсеткіш», - деді А. Айдарбаев.
ҚазАқпарат