©
- Маңғыстау облысында қолжетімді бағада ұсақталған асфальтбетон мен битумды эмульсия өндіріле бастады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Биыл «КаспийТасЖол» ЖШС өндіріс ауқымын кеңейте түспек. Зауыт ірі және ұсақ түйірлі асфальтбетоннан, қара қиыршықты тастан басқа ұсақталған асфальтбетон мен битумды эмульсия өндіретін болады», делінген хабарламада.
Айта кетейік, судың құрамында болатын дисперсия есебінен битум сұйық күйге айналады. Сондай-ақ, онша жабысқақ болмауының арқасында тас материалдарын құрғатпай және қыздырмай отырып, қайта өңдей алатын қабілетке ие болады.
Эмульсия жол жасайтын материалдардың құрамына судың сіңуі және булануы кезінде ыдырайды. Кең көлемде пайдалануға болатын битумды эмульсияның технологиялық қасиеттері - жұмыс барысындағы тиімділігі мен жоғарғы қауіпсіздігі. Сонымен қатар, атмосфераға шығарылатын залалды заттар да айтарлықтай төмендейді.
«Біз битумды эмульсия өндіруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта үш қызметкер арнайы оқу орындарында оқытылуда. Италиядан әкелінген жабдықтар да құрастырылып қойылды. Ұсақталған асфальтбетонды шығару үшін қосымша целлюлоза қоспасы қосылған агрегат алынды. Соның арқасында бір уақытта орнықты, су өткізбейтін әрі кедір-бұдыры жоқ асфальтбетонның түрлерін шығарамыз», - деді «КаспийТасЖол» ЖШС өндіріс орнының басшысы Асқар Елешов.
Қазіргі таңда асфальтбетон шығаратын заманауи кәсіпорын сағатына 160 тонна асфальт шығарады. 2015 жылы кәсіпорын 120 мың тонна асфальт шығарған болатын.
Еске сала кетсек, асфальтбетон шығаратын «КаспийТасЖол» зауыты 2014 жылы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағында іске қосылды. Осыдан екі жыл бұрын «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына қатысып пайыздық жарнасы субсидияланған 160 млн теңгенің несиесі «Форте банктен» алынды. Қазіргі уақытта зауытта 14 адам еңбек етеді.
ҚазАқпарат