«Тәртіпке бағынған құл болмас» демекші ортақ тәртіпті, заңды сыйлауға тиіспіз. Соттағы басты мақсатта дауларды созбалаңға салмай, уақытылы қарау. Істердің сиырқұйымшақтанып, созбалаңға салынуы көп жағдайда сотқа шақырылған кейбір қос тараптың сот отырысына дәлелсіз себептермен келмеуі салдарынан болатындығы жасырын емес. Оған мына бір оқиға дәлел болмақ.
Сот отырысында анықталғандай, азамат Б. жол көлік оқиғасы бойынша әкімшілік ісі бойынша өтетін жері мен уақыты туралы хабардар бола тұра, сот отырысына екі рет дәлелсіз себептермен келмеген. Соған байланысты, оның қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауға мүмкiншілігі болмайтындықтан, сот Б-ны сотқа құрметтемеушілік білдірді деп, оған әкімшілік іс қозғаған. Сотта құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініш білдірген. Соттың қаулысымен азамат Б. Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 653-бабының 1-бөлігімен (процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайларда, олардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер (әрекетсiздiк) кінәлі деп танылып, оған 2 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылған.
Сот отырысына шақыру туралы хабарламалар тараптарға уақытылы жеткізілсе де, сот отырысының уақытында өтуіне кедергі жасау сотты сыйламау болып табылатындығын есімізден шығармағанымыз жөн. Осы орайда, әртүрлі сылтау немесе заңды білмеу тиісті жауаптылықтан босатпайтынын білген жөн. Қазақстан Республикасы Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы кодексінің 653 бабы бойынша Сотты құрметтемеушілік;
1. Процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайларда, олардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер (әрекетсiздiк) – ескерту жасауға не жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк) – отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Ал, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік Кодексінің 157-бабының 2 бөлігіне сәкес дәлелді себептерге мыналар жатады. Шақырту туралы тиiсті түрде хабарланған адамның келмеуiнiң дәлелдi себептерi болып: адамды келу мүмкiндiгiнен айырған ауруы, жақын туыстарының қайтыс болуы, дүлей зілзала, адамды белгіленген уақытта келу мүмкiндiгiнен айыратын өзге де себептер танылады. Күдікті, айыпталушы, сотталушы, сондай-ақ куә және жәбiрленушi шақыру бойынша белгіленген мерзiмде келуге кедергi келтiретiн дәлелдi себептер туралы өздерiн шақырған органға хабарлауға мiндеттi.
Егер, судья сотқа құрметтемеушілік білдіру фактілері анықталған жағдайда кінәлі адамның іс-әрекеттерін сот отырысы хаттамаларында бекітіп, әкімшілік істі қарауы қажет. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сот іс қарау барысында сот отырыстында қоғамды бұзушылық орын алған жағдайда немесе сотқа құрметтемеушілік білдіру фактілері анықталғанда өзінің қаулысымен кінәлі адамға әкімшілік заңнамаға сәйкес, сол сот отырысы залында отырып, әкімшілік жаза тағайындауы қажеттілігін ескеру керек. Сондықтан заңды орындау – әрбір азаматтың міндеті екендігін білгеніміз жөн.
Бауыржан Елемесов,
Мұнайлы аудандық сотының төрағасы