Ақтау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Өмірзақ Садықовпен сұхбат.
˗ Заң үстемдігін қамтамасыз ету реформасының мақсаты – сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтып, сот төрелігінің тиімділігін арттыру. 2016 жылдан бастап бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көштік. Үш сатылы сот жүйесінің артықшылықтары туралы айтып өтсеңіз. ˗ Ия, 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қолданысқа енген жаңа Азаматтық процессуалдық Кодексі үш сатылы сот жүйесіне көшу нақтыланды. Бірінші саты – аудандық және оларға теңестірілген соттар, апелляциялық саты – облыстық сот, кассациялық саты – жоғарғы саты болып бекітілді. Үш сатылы сот жүйесіне көшу бірақ сәтте ойлап табылған нарсе емес. Оның үстіне үш сатылы сот жүйесі халықаралық тәжірибеде қолданыста бар үрдіс. Әлемдік сот тәжірибесіне сүйенсек, аралық сатылардың көп болуы сот процестерін әдейі ұзартуға және сот шешімін ұзақ уақытқа созуға ықпал етеді. Ал үш сатылы сот жүйесінің артықшылықтары көп. Біріншіден, сот шешімдерінің шапшаңдығын арттырады. Екіншіден, қарапайым халықты әуре-сарсаңға салмай, сот істерінің созбалаңға салынуына жол бермейді. Сот сатыларының бес сатыдан үш сатыға азайуы апелляциялық сатының рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралатын әкімшілік істерге де сот шешімі шығарылады. Сол шығарылған сот шешімдеріне апелляциялық шағым келтірілсе, мұндай істерді судья жеке дара қарайды. Апелляциялық саты бойынша басқа істерді үш судьядан тұратын алқа қарайды. Сонымен қатар қылмыстық теріс қылық бойынша, онша ауыр емес қылмыстар және сот үкімін орындау мәселелеріне қатысты істерді судьялар жеке дара қарай береді. Биылғы жаңа жылдан бастап облыстық сотта тек апелляциялық алқа жұмыс жасағандықтан істерді қарау уақыты бұрынғымен салыстырғанда көп қысқартылады дегенге негіз бар. Бұрын бірінші сатыдағы қаралған істер бойынша ескі заңға сәйкес сот шешімдеріне тараптар шағым немесе арыздарын он бес күннің ішінде берулері қажет болатын, ал қазіргі жаңа заңға сәйкес, бұрынғы он бес күн бір айға ұзартылды. Қысқасы, үш сатылы сот жүйесіне көшуіміз құқықтық қоғамды дамытуға бағытталған басты қадам болды. ˗ Сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігіне қос тарапты бітімгершілікке келтіру де кіреді. Соттың осы бағыттағы жұмысы туралы не айтар едіңіз? Сот залына ұрысып кіріп, татуласып шығатындардың қарасы көп пе? ˗ Әрине, адам сотқа жетіскендіктен келмейді. Әр түрлі дау-дамаймен әділдік, заңдылық іздеп келеді. Бізде әлі де тараптар сотқа дейінгі бітімгершілікке келуге құлықсыздау, тек ескі әдетпен сотқа жүгінгенді жөн көреді. Дұрысы, күрделі әкімшілік істер болмаса, медияцияны пайдаланған көп тиімді, әрі уақыттан ұтады. Ал сотқа түскен іс заң талаптарына сай, белгілі бір мерзімде ғана қаралады. Әзірге байқағанымыз, сотқа келген тараптардың құқықтық санасы, заңды білу деңгейі мықты деп айта алмаймын. Әр түрлі адамдар келеді. Бірақ дені істерді заңды түрде қаратып әділ шешімдерін алады. Дауласып, ұрысып келгендердің көбі сот процесі үстінде татуласып, бір мәмілеге келіп жатады. Бұл орайда сотқа сенім күшейіп келеді деп ашық айта аламын. Дегенмен, істерді бітімгершілікпен бітіруге әлі де құлқымыз кем. Сондықтан бұл бағытта тиісті заңды насихаттық жұмыстар жүргізіле беруі тиіс. ˗ Ұзақ жылдан бері судьялық қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңып келесіз. Жаңа қабылданған заңға сәйкес, судьялыққа үміткерлерге талап қатайды. Судья халықтың ары демекші, бүгінгі судьяға қойылар талап туралы айтып беріңізші. ˗ Елбасының жүз нақты қадамы, ұлт жоспарының бес институцияналдық реформасының бірі толықтай сот жүйесіне арналған. Ол елімізде заң үстемдігін толық қамтамасыз етуді көздейді. Сондықтан да қазіргі таңда жалпы судьяларға және судьяға үміткерлікке кадрлерді іріктеу мен орналастыруға айрықша назар аударылып отыр. Сол себепті де республикада жоғарғы сот кеңесі қайта құрылды. Елбасының тікелей өзі сот жүйесінің дамуына айрықша көңіл бөліп отыр. Сот судьясы лауазымына үміткерлерді іріктеу механизмі де қатайды. Енді сотқа төрелік ету – кәсіби біліктілігі жоғары мамандар еншісінде. Қазір судья болу үшін екі үлкен мүмкіндік бар. Бірі – біліктілік емтихандарын тапсыру болса, екіншісі – мамандандырылған магистратураны бітіру. Біліктілік емтихандарын тапсыру жүйесі де үлкен өзгерістерге ұшырады. Оның ішіне компьютермен жүз сұрақтан тұратын тестілеу, психиалогиялық тестілеу, полиграфиялық зерттеу және билетпен жауап беру сияқты емтихандар да кіреді. Бұл күрделі жүйе, жүйе және тәжірибелік сынақ арқасында сот жүйесі біліктілігі мықты мамандармен қамтамасыз етіледі деп ойлаймыз. ˗ Қарапайым халық әлі де сот атауын естігенде үрке қарайтыны жасырын емес. Осы көпшіліктің сот төрелігіне деген сенімін нығайту үшін не істеу қажет деп ойлайсыз? ˗ Қазіргі таңда сот жүйесінде жасалып жатқан барлық реформалар халықтың сотқа деген сенімділігін арттыруды көздейді. Соңғы қабылданған заңдар сот корпусының сапалы жұмыс істеп заңның толық үстемдігін қамтамасыз етуге барлық мүмкіндіктерді туғызып отыр. Біз өз тарапымыздан сот жұмысының ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге барлық іс-шараларды алып жатырмыз. Сотқа келген әр адамға қажет болса тиісті заңдық түсінік бағыт беруді де, мамандарымыз келуші тараптармен қоян-қолтық жұмыс жасайды. Қазір бір сөзбен айтқанда бұрынғы кеңестік кезде сотқа халық қорқып, үрке қарайтын болса, бүгінде сотқа деген халық сенімі айтарлықтай күшейіп келеді. ˗ Өткен жыл қорытындыланып жаңа жылға аяқ бастық Өмірзақ Даулетиярұлы өзіңіз басқаратын сот ұжымының өткен жылдық жұмыс қорытындысына қысқаша тоқталып өтсеңіз. ˗ 2015 жылдың 12 айында 6190 әкімшілік іс түсіп, оның ішінде 9 әкімшілік құқық бұзушылық іс кері қайтарылған, 22 ведомстволық бағыныстылығы бойынша қарауға және соттылығы бойынша жолданып, 6116 тұлғаға қатысты 6116 әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралды. Қаралған әкімшілік құқықбұзушылық істердің 515 қысқартылған, оның 276 әкімшілік құқықбұзушылық ісі тараптардың бітімгершілікке келуіне байланысты, оның ішінде 114 әкімшілік құқықбұзушылық іс медияция тәртібімен қысқартылған, 31 әкімшілік құқықбұзушылық ісі әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты, 42 әкімшілік құқықбұзушылық ісі заң күшінің жойылуына байланысты қысқартылған, 221/34,5%/әкімшілік құқықбұзушылық ісі құқықбұзушылықтың құрамының болмауына байланысты қысқартылған, 5 әкімшілік құқықбұзушылық ҚР ӘҚБтК-нің 32 бабына сай қысқартылып, тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін жолданды. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында, жыл басында әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы хаттама жасақтауға уәкілетті мемлекеттік және құқыққорғау органдарына әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамаларды мүмкіндігінше мемлекеттік тілде жасақталуын қамтамасыз ету жөнінде хаттар жолданып, шолу жасақталды. 2014 жылдың 12 айының есептік кезеңімен салыстырғанда, 8 пайызға көтеріліп, қазіргі кезде мемлекеттік тілде қаралған әкімшілік құқықбұзушылық істер 82,4 пайызды құрайды.Аманбек Қалпақов,
Ақтау қаласының әкімшілік сотының кеңсе меңгерушісі