©
Елбасымыз қашанда ел тыныштығының тұтқасына айналған құқық қорғау органдарын назардан тыс қалдырып көрген емес. Сонау 1998 жылғы 20 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Жарлығына қосымша ретінде 2007 жылы «23 маусым – Полиция күні» деп жариялап, кәсіби мерекелердің тізбесіне енгізуі осының айғағы. Сол уақыттан бері бұл күн полиция қызметкерлері мен ардагерлерінің еңбектерін ескеріп, оларға ризашылық пен алғыс айту күні болып мерекеленуде.
Мерекеге орай Маңғыстау аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Қожабек Тастеміровпен сұхбат жүргізген болатынбыз.
- Қожабек Мұратбекұлы, әңгімемізді былтырғы жылдың қорытындысы мен ағымдағы жылдың бес айында жасалған жұмыстардың нәтижесінен бастасақ?
– Елбасымыз бекіткен «Ұлт жоспарының» 30-қадамын жүзеге асыру аясында 2016 жылы аудандық жергілікті полиция қызметі жұмысын бастады. Заңмен бекітілген талапқа сәйкес жергілікті полиция қызметінің бастығы өкілдік және атқарушы органдардың алдында жылына кемінде екі рет, халық алдында жылына бір рет жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы есеп береді. Осылайша атқарған жұмыстарымыз тұрғындардың пікірімен бағаланады. Сондай-ақ халықпен етене байланыста қызмет атқаратын учаскелік полиция инспекторларының тоқсан сайын тұрғындармен кездесуі кезінде олардың көкейкесті сауалдарына жауап қайтарады. Бізге негізгі міндеттелген мәселе – ол құқық бұзушылықтың алдын алу. Жергілікті полиция қызметінің құрамына учаскелік полиция инспекторлары және олардың көмекшілері, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, табиғатты қорғау бөлінісінің қызметкерлері, арнайы қабылдау және қабылдап, тарату орнының қызметкерлері, жол-патрульдік полиция қызметкерлері, сондай-ақ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөліністің қызметкерлері кіреді. Маңғыстау ауданында жергілікті полиция қызметі жұмысын бастағалы бері көптеген құқық бұзушылықтың алдын алды деп айта аламын. Қоғамда қылмыс жоқ емес,бар, бірақ соның ізін суытпай анықтап, қайта жол бермеуге жұмыстанып немесе алдын алу шараларын жүзеге асырып отырамыз. 2017 жылдың 5 ай қорытындысы бойынша 74 қылмыс тіркелсе, 2018 жылдың 5 ай қорытындысымен 91 қылмыс тіркелді. Қылмыстың ашылуы 84,1 пайызды құрап отыр, атап айтсақ, ауыр емес қылмыстың 13 фактісі тіркеліп, жүз пайызы ашылса, орын алған 4 ауыр, 1 аса ауыр емес қылмыстың барлығы да жүз пайызға ашылды.
Жалпы қоғамның бүгінгі бас ауруы - ұрлық. Мысалы, қылмыс атаулының көп пайызын бөтеннің мүлкін қолды қылу деректері құрап отыр. Қалтаға түсу, пәтер тонау, мал ұрлау жиі орын алады. Оларға төтеп беру де мүмкін болмай отыр, өйткені әр үйдің немесе малдың жанына бір полиция қызметкерін күзетке қою мүмкін емес қой. Сондықтан азаматтар бірінші кезекте сақтық шараларын өздері танытуы тиіс. 2017 жылы тіркелген 42 ұрлықтың пайыздық көрсеткіші 69,7 құраса, биыл 32 ұрлық тіркеліп, 54,3 пайызды құрап отыр. Пәтер ұрлығы бойынша 2017 жылы 6 іс, 2018 жылы 4 іс тіркелді. Мал ұрлығы бойынша былтыр 4, биыл 5 іс тіркеліп отыр. Қызметкерлеріміздің қауырт қимылының арқасында барлық іс жүз пайыз деңгейінде ашылды. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 5 айында жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен рейдтік іс-шаралар өткізіліп, нәтижесінде ауданымызда өткен жылғы осы уақыт аралығымен салыстырғанда қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 66,7 пайызға төмендесе, көшелерде жасалған және жасөспірімдер арасындағы қылмыс әлі тіркелген жоқ.
Жол-көлік оқиғасы бойынша былтыр 11, биыл 6 оқиға тіркеліп, 45,5 пайызға, жарақат алғандардың саны былтыр 13, биыл 10 болып, 23,1 пайызға төмендеп отыр. Жол - көлік оқиғасы көбіне Шетпе-Өтес-Бейнеу бағытындағы жолдан тіркеліп отыр, қаза болғандардың саны - 8. Өздеріңізге белгілі наурыз айында сол жол бойында үлкен жол-көлік оқиғасы болып, 7 Өзбекстан азаматы қаза тапты.
- Жоспарлы жұмыстарыңыздың бір легін айта кетсеңіз?
- Әрине, жаңа міндетімізге кіріскенімізге көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен осы уақыт аралығында жол-патрульдік қызметі мен учаскелік инспекторлар көптеген құқық бұзушылықты анықтады. Құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидатын сақтау аясында мобильді топтармен ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда алкогольді ішімдік ішу, темекі шегу, қоқыс тастау, белгіленбеген жерлерде сауда жасау, қоғамдық орындағы тәртіпсіздік сияқты ұсақ құқық бұзушылардың жолын кесу шаралары өткізілді. Елбасының тікелей тапсырмасымен «нөлдік төзімділік қағидаты» аясында былтыр 469, биыл 477 әкімшілік хаттама толтырылып, заң бұзған жүргізушілерге был- тыр 641 466 теңге, биыл 33 72 136 айыппұл салынды және 91 пайызы өндірілді. Жыл бойына жедел жағдайлардың жай-күйін ескере отырып, шулы шағын учаскелерде бірқатар алдын алу іс-шараларын өткіздік. Атап айтсақ, мал ұрлығын төмендету мақсатында «Соғым», пәтер ұрлығын азайту мақсатында «Пәтер» және заңсыз балық аулауды алдын алу мақсатында «Бекіре», «Броконьер» іс-шараларын өткіздік. Ал учаскелік испекторлар мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Сәлеметсіз бе! Мен сіздің учаскелік полиция инспекторыңызбын» акциясы өтті. Жол - көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Құқық тәртібі» секілді сауықтыру шаралары өтті. Жол - көлік оқиғасының басты себептері түнгі мезгілде жүретін көліктерден тіркеледі. Қалғып кетеді не болмаса жылдамдықты асырады. Осыған орай Шетпе-Өтес, Шетпе–Бейнеу бағытында арнайы топ құрылып, көлікті заңсыз жүргізуші мен жылдамдықты шектен тыс үдеткендерді анықтап келеміз.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Үй салынды, ал мектеп ше?- Полиция қызметкерлерінің қоғам алдында қалыптасқан имиджі көңіліңізден шыға ма?
- Маңғыстау аудандық жергілікті полиция қызметінің құрамына мені және екі орынбасарымды қосқанда 45 адам жұмылдырылған. Олардың 12-сі учаскелік полиция қызметкерлері, 11-і көмекшілері, 14-і мектеп инспекторлары, 5-еуі жол полициясы ротасының қызметкерлері. Қазіргі заманғы полиция қызметкерлерінің тек қана кәсіби маман болып қоймай, жоғары адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген жеке тұлға ретінде қалыптасуы біз үшін аса маңызды. Бізге маман емес, алдымен адам керек. Сондықтан бүгінгі күні негізгі басымдық ішкі істер органы болашақ қызметкерлерінің бойында азаматтық, адамгершілік, рухани және басқа да тұлғалық кәсіби маңызды қасиеттерді қалыптастыру, олардың құзыреттілік және құқықтық мәдениетін көтеру, жедел-қызметтік міндеттерін орындауда жоғары дәрежедегі уәждемеге жеткізу, қызметтік тәртіпті, заңдылықты және қызметтік кәсіби-этикалық нормаларды сақтауды нығайтуда болмақ. Әр адам құқығы біз үшін маңызды. Үнемі болмаса да полиция қызметкерлерінің ескерту жасағаны үшін жағасынан алып, немесе әкімшілік хаттама толтырғаны үшін ұялы телефонға түсіріп, әдепсіздік жасап жататын азаматтарымыз жоқ емес. Бірақ бұл қоғамдағы полиция имиджін түсіреді деп айта алмаймын. Себебі полицияның қоғам алдындағы бет-бейнесі жылдан жылға жақсарып келе жатыр.
- Қызметкерлеріңіздің материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз етілуі қалай, әлеуметтік мәселесі толық шешілген бе?
- Полиция қызметінің барлық қажеттіліктері жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Әр ауылға бөлінген учаскелік полиция қызметкерлерінің барлығы үй-жаймен, көлікпен қамтамасыз етілген. Жылына бір қызметтік киім тегін беріледі. Ішкі еңбек тәртіптерінің барлығы сақталады, жалақыларына коммуналдық төлемдер қосылып тұрады.
- Сұхбатыңызға рахмет!Айгүл РАХМЕТОВА
Көрнекі сурет сайт архивінен