©
Елімізде «Ақпараттық Қазақстан -2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында белсенді жұмыстар жасалып, ауқымды істер қолға алынды. Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында жүзеге асырылған жұмыстар сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де халыққа өз жемісін, нәтижесін беруде десем артық айтпағаным. Аталған бағдарлама арқылы жүргізілген жұмыстың бірегейі – сот жүйесіне заманауи технологияда енген «Сот кабинеті» электронды сервисі еді. Алғаш рет 2014 жылдың 5 шілдесінде «Сот кабинеті» сервисі Жоғарғы Соттың www.sud.kz ресми сайтында іске қосылды. Бүгінде сервистің іске қосылғанына аз уақыт өткеніне қарамастан, бұл берекелі істің шапағатын халқымыз көруде. Олардың қатарында Маңғыстаулықтар да бар. Осы орайда, аудандық және оған теңестірілген соттардың 2015 жылғы қортындысы бойынша «Сот кабинеті» арқылы түскен талап арыздарға назар аударсақ. «Сот кабинеті» арқылы барлығы 8179 (43,3 пайыз) талап арыз тіркелген. 326 өтініш пен қарсылық, 1286 электрондық өтініштер, 129 апелляциялық шағым, 52 кассациялық шағым түскен. Сондай-ақ, он екі ай ішінде «Сот кабинеті» арқылы 6694 (39,3 пайыз) әкімшілік іс тіркелген. Бұл өткен 2014 жылмен салыстырғанда нәтежелі көрсеткіш. Біз бұдан облысымызда «Сот кабинетінің» қолданыста екендігін анық көреміз. «Көш жүре түзеледі» демекші, күн сайын жүйені қолданатындардың саны өсіп, болашақта Қазақстандықтар талап арыздарын тек қана «Сот кабинеті» сервисі арқылы жолдайтындығына сенімдіміз.
«Сот кабинеті» — сот органдарының сервисіне электронды түрде кіруге арналған бірыңғай терезе болғандықтан, жүйені пайдалану үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландыру орталығының электрондық сандық қолтаңбасын алуы қажет. Осы жерде мынаны айтып кеткен жөн. Жоғарғы Сот қалың бұқараның сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру мақсатында Халыққа қызмет көрсету орталықтарымен (ХҚО) бірлесіп, өзіне-өзі қызмет ету бұрыштарын ашқан болатын. Негізгі мақсат, азаматтардың кезек күтпей, Жоғарғы Соттың интернет-ресурсының «Сот кабинеті» электрондық ақпараттық сервисі арқылы соттарға талап арызды дербес бере алуына мүмкіндік жасау. Осы мақсатта Маңғыстау облысы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да өзіне-өзі қызмет ету бұрыштары ұйымдастырылғаны белгілі. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлерімен оларға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алуға және «Сот кабинеті» электрондық ақпараттық сервисі арқылы талап арыздарды беруге көмек көрсетіліп, кеңестер берілді. Сондықтан, бұл «Сот кабинеті» сервисіне үйінен кіруге мүмкіндігі жоқ азаматтарға өте қолайлы.
Сервис арқылы халық сотқа талап арызбен жүгініп қана қоймай, электронды сот құжаттармен танысуға толық мүмкіндігі бар. Ұялы телефонына немесе электрондық поштасына оның арызы бойынша сот құжатының шыққаны және онымен таныса алатындығы жөнінде SMS-хабарлама жолданады. Бұрын азаматтарға сотқа шақырту қағазын поштамен жолдау үшін қыруар қаржы жұмсалатынын айта кеткен жөн. Ал, қазір «Сот кабинеті» сервисін қолдану арқылы шығын азайып, қаржы үнемделуде. Жаңа жүйені қолданудан мемлекет ғана емес, қарапайым халықтың да ұтары көп. Біріншіден, уақытын үнемдейді, бұрынғыдай сотқа барып, кезек күтпейді, екіншіден, дағдарыс алқымнан алып, жүрген, тұрғаныңа ақы сұрайтын мына заманда қаражаты өз қалтасында қалады. Үшіншіден, сыбайлас жемқорлыққа бейімділікке тосқауыл қояды. Әлбетте, бұл электронды сервис болғандықтан «Бармақ басты, көз қыстыға» жол жоқ.
Әлі күнге дейін сотқа талап арызын аяқтай әкеліп, «Сот кабинеті» сервисі туралы естіп, таңданыс білдіретін адамдардың кездесетіні жасырын емес. Сондықтан, аталған сервисті барынша насихаттау мақсатында дайындалған арнайы «Сот кабинеті» атты бейнероликті аудандық және оған теңестірілген соттардың күту залдарына, Ақтау халықаралық әуежайының рейстерді күту залына, Маңғыстау теміржолы вокзалының күту залына, Ақтау қалалық ХҚО-на және аудандық ХҚО-ның залдарына орналастырдық. Сондай-ақ, Ақтау қаласы бойынша «Сот кабинетінің мобильді нұсқасы» электрондық сервистерінің қызметтері туралы ақпараттық баннерлер орнатылды. Баннерлерде «Сот кабинетінің» ұсынатын қызметтері және сервисті қолдану туралы қысқаша ақпараттар көрсетілген.
Заманға сай инновациялық технологияларды пайдалану сот ісін жетілдірудің басты бағыты болмақ. Бұл жүргізіліп отырған шаралардың барлығы құқықтық саясаттың тиімділігін арттыруға, мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуына, халықтың сот қызметіне деген сенімінің артуына ықпалын тигізері сөзсіз.
Меңді Епенова,
Маңғыстау облысы бойынша соттар әкімшісі басшысының міндетін атқарушы