Сабақтан баласы себепсіз қалса ата-анасы сабаққа бармаған баласы үшін әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлейді. Иә, иә тәртібі қатал заманда мұндай шараларды қолдану дұрыс-ақ. Себебі, әрбір ата-ананың міндеті баланы қатарынан қалдырмай әдемі киіндіріп, асыраумен шектелмейді. Сабаққа барып, баласының тегін берілетін орта білімді алуын ата-ана қалтықсыз қадағалауы қажет. Қоғамда таңертеңгісін сөмкесін асынып сабаққа кеттім деп кететін баланың сабаққа бармағанын ұстазынан естіп жататын кездерде жиі кездесіп жатады.
«Баланы жастан» демекші, кез келген ата-ана баласының бос уақытында немен айналысып, кіммен араласатынын сырттай болса да бақылап отыруы қажет. Баланың дегенін жасап, ешкімнен кем болмасын деп бәрін алдына тосу қателіктерге ұрындыруы мүмкін. Сабаққа себепсіз бармау немесе сабаққа кеттім деп кетіп, интернет кафелерге бару, ойын автоматтарын шарлау шектен тыс еркеліктен пайда болады. Елімізде, тіпті шағын аудандардың өзінде ойын автоматтарының бүгінде әр түкпірде ашық орналасуы салдарынан соңғы уақытта мектеп оқушыларының сабақтан қашуы жиілеген.
Мұнайлы ауданында баласы 12 күн себепсіз сабаққа бармағаны үшін әкесі 13 874 теңге айыппұл төледі. Тіпті, сабаққа бармаған баланың ісі сотқа дейін жетіп, сот отырысында қаралды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодектің 127-бабына сәйкес, Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы
1. Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту жөнiндегi мiндеттердi орындамауы – жеті айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады,-деп жазылған.
Сондықтан, дағдарыс жағадан алған заманда ата-ана ретінде қалтаңыздағы санаулы ақшаңыздан қағылғыңыз келмесе балаңыздың уақытылы сабаққа баруын мүлтіксіз қадағалап отырғаныңыз жөн. Ал, егер мұндай қателік тағыда қайталанса, айыппұл көлемі өсіп, бауыр еті баласы үшін он бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу туралы заңда айқын көрсетілген. Әрине, мұндайда беті әрі қылсын дейміз. Бірақ, бала үшін ата-анасы жауапқа тартылатынын естен шығармайық.
Алтынай Қараева,
Мұнайлы аудандық сотының бас маманы