«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Қарақия ауданының Құрық ауылында еңбек етіп жүрген жас мамандардың бірі-облыстық санаторлық мектеп-интернатының мұғалімі Мөлдір Өтеген. Жас маман 2015 жылдың маусым айынан бастап аталмыш интернатқа тәлімгер болып орналасыпты. Ізденімпаздығы мен тынымсыз еңбегінің арқасында тәлімгерліктен технология пәнінің мұғалімі және қосымша ән үйірменің жетекшісі қызметіне тағайындалған.
Әли мен Әлияның отбасында дүниеге келген Мөлдір мектеп кезінен ұстаз болуды армандапты. Үлкен апалары Зульфия мен Ботагөз де ұстаздық салада еңбек еткен. Сондықтан да талапты қыз мектепті тәмамдаған соң Ақтау қаласындағы Маңғыстау гуманитарлық колледжіне құжат тапсырады. Оқу ордасында өткен шараларға белсене қатысып, зеректігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіпті. Колледжді технология пәнінің мұғалімі мамандығымен тәмамдаған ол «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен аулыға келіп, еңбек етуге шешім қабылдайды.
-«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы-ұлт болашағы үшін ұтымды жасалған жоба және жас мамандарға берілген жаңа мүмкіндік деп есептеймін. Өйткені, бұл жастар қауымының еліміз еркіндік алғалы бергі елді дамытуды көздеген алғашқы қарқынды қадамы. Сондықтан да оқу орнын бітіріп, қолыма диплом алғаннан кейін ойланбастан ауылға келіп, еңбек етуге кірістім. «Дипломмен ауылға» жобасында түлектерге жүктелер үміт үлкен, сенім мол. Сондықтан да сол сенімнен шығып, еңбек ете білген жөн. Ауылға да еңбек ететін, әр саланың алға қарай жылжуына, дамуына үлес қосатын жастар да керек. Ауыл қайнаған тіршіліктің ортасы, сезіне, түсіне білген адамға үлкен мектеп. Біз ұстаз болып шәкіртті тәрбиелесек, бізді ұстаз болуға осы мектеп-интернаттағы Айсұлу Сәуірбайқызы тәрбиеледі. Мектепте әр түрлі бағытта мерекелік шараларды ұйымдастырып, өз деңгейінде өткізу тұрғысынан да көп кеңесін береді. Жас маман ретінде осындай ұжымға келіп, еңбек етіп жатқаныма өте қуаныштымын,-дейді Мөлдір Өтеген.
Бойында қазақ қызына тән адамгершілік пен қарапайымдылық басым Мөлдір мектеп-интернатында технология пәнінен дәріс беріп ғана қоймай, қосымша ән үйірмесіне жетекшілік етеді. Ол құрған «Наз» және «Тұмар» әншілер тобы аудан көлемінде өтетін мерекелік шараларға қатысып, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Жас әншілер тобы ағымдағы жылы аудандық Жабал Құдабаев атындағы «Ұшады Маңғыстаудан шағалалар» атты байқауға қатысқан. «Тұмар» тобы лауреат атанып, «Наз» тобы екінші орынды иеленген.
-Мен мектеп кезінен ұстаз болуды армандадым. Және маған балалармен жұмыс жасаған ұнайды. Сондықтан да мен мамандығымды өте жақсы көремін. Әлі есімде біз жоғары сыныпта оқып жүрген кезімде мектепке жас психолог апай жұмысқа орналасты. Психолог апай барлық
баламен жеке-жеке, ашық сөйлесіп, әр оқушының қырын ашуға тырысатын. Ол кісі менімен сөйлескен кезде менің жаңа қырларымды ашты, тұйық ұстайтын менің ортада ашылып сөйлесуіме, ойымды еркін жеткізуіме көп септігін тигізді. Өзімді жақсы көруге, өмірді сүюге тәрбиеледі. Сол кісінің ықпалымен мен болашақта педагог-психолог боламын деп шешім қабылдадым. Қазіргі таңда технология пәнінің мұғалімімін, болашақта қосымша психолог мамандығын меңгеріп, сол бағытта жұмыс жасағым келеді,-дейді Мөлдір Өтеген.
Мөлдір үнемі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр құя алады» деген сөзін жадынан шығарған емес. Жас маман заман ағымынан қалыс қалмай еңбек етіп, жаңалықты игеріп, оқушыларының жаңа қырын ашып, сөзі шешен, ойы орамды, қиялы жүйрік тұлғаны тәрбиелеуде тынбай еңбек етуде.
Венера МИРЛАН