Жуырда облыстық стоматологиялық орталығы ғимаратында республикаға белгілі стоматологтардың жергілікті қызметкерлермен кездесуі өтті.
Бұл құрметті қонақтар – ҚР Пародонтологтар мен эндодонтистер бірлестігінің Президенті, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің заманауи стоматология Академиясының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор Майра Копбаева және оның шәкірті, аталмыш академияның доценті, медицина ғылымының кандидаты Гүлшат Календарева Маңғыстаудың тіс мамандарын білім биігіне жетелеп, кәсіби қабілеттерін арттыруды көздеп, Ақтауға арнайы келген.
Оларды құшақ жая қарсы алған облыстық стоматологиялық орталығының директоры Қуат Машырықов жиынды ашып, медицина қызметкерлері кәсіби біліктілігін ұдайы арттырып отыру қажеттігін атап өтті:
-Әрбір маман кәсіби шеберлікке, үлкен тәжірибеге ие болу үшін үздіксіз оқып, мол тәжірибе жинауы қажет. Бұл кездесу терапевтік стоматология саласын дамытуға, жетілдіруге арналған. Біздің орталық елімізге белгілі стоматология мамандарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге тырысады. Олар Маңғыстауға бірнеше мәрте келіп, шеберлік сабақтарын өткізді. Қазірде білімін шыңдауға тілек білдіргендер саны көп. Курсқа 60 адам жазылып үлгерді. Білім мен тәжірибесін ұштастыра білген маман ғана стоматология саласында толағай табыстарға жететініне сенемін. Сондықтан медицина қызметкерлерін дер кезінде стоматологияның инновацияларымен, жаңа технологияларымен таныстырудың маңызы зор,-деді аймақтың бас стоматологы.
Медицина майталмандары орталық қызметкерлеріне стоматология саласындағы өзекті сырқат түрлері бойынша пайдалы дәрістер оқып, шеберлік сабақтарын өткізді. Тістегі ақаулықтарды жою, тістерді реставрациялау, химиялық ағарту, ортодонтия, пародонт аурулары және тағы басқа түйткілді тақырыптарды қозғап, жаңа медициналық құрал-жабдықтар пайдаланып, науқастарды қабылдап, тәжірибе бөлісті.
-Дәрігердің жаңа технологияларды қолданып, ем-дом жасауы – заман талабы. Стоматология саласы өте қарқынды дамуда. Әлемдік стоматологияның дамуына көз салсақ, әрбір екі жылда стоматология нарығында жаңа материалдар, жаңа жабдықтар және тіс емдеудің жаңа тәсілдері пайда болады. Отандық стоматология қызметкерлерінде шетелдік әріптестерінен кем түспейтіндей мол тәжірибе жинауға, жаңа медициналық дағдылар игеруге толық мүмкіндіктері бар. Стоматология – медицинаның ең кең таралған саласы. Себебі, тісін ағартып, пішінін өзгертіп, әдемі күлімсіреп, көркем көрінгісі келетін адамдар ұшан-теңіз. Олардың бәрі - стоматологтардың емделушілері. Бүгінде маржандай ақ тістерге ие болу қиын емес. Шебер стоматологтардың қолына түссе, болғаны. Сондықтан тіс мамандарының кәсіби біліктілігін арттырып, медициналық жабдықтармен жұмыс істеуге үйрету қажет. Біздің академия әрдайым жаңалықтарға қанық, ал техникалары озық. Қандай да жаңашылдықтар енгізілсе, біз онымен бірден бөлісеміз,-деді профессор Майра Копбаева.
Ханым ҚУАТ