Елімізде әйел азаматтардың көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Қоғам мен мемлекет тарапынан да нәзік жандылардың іскерлік белсенділігі мен саяси ықпалдастықтарына деген сенім жоғарғы деңгейде көрініс табуда. Әр бала, әрбір ана қоғамға керек, олар әр уақытта мемлекеттің және қоғамдық ұйымдардың назарында. Әйел басқарып отырған қоғамдық ұйымдардың бірі Жыңғылды ауылындағы «Ауыл әйелдерінің іскерлігін арттыру» қоғамдық қоры. Бұл қоғамдық қор түрлі игі бастамаларға мұрындық болып келеді. Мәселен, жақында ғана осы қордың бастамасымен өткізілген қайырымдылық шарасында Мадияр Шопанов, Жексенғали Бөбек, Сәби Інжу есімді мүмкіндігі шектеулі балалардың отбасыларына көмек ұйымдастырылды. Бұл бүлдіршіндерге мемлекет тарапынан жәрдемақы беріледі, дегенмен қоғамның қамқорлығына мұқтаж жандарға көмек көптік етпейді. Ауыл емханасының аға дәрігері М.Көңілқосова, қордың мүшесі М.Ержанова, ауыл әкімінің аппаратының жастар ісі жөніндегі инспекторы Ораз Әсет аталмыш шараға ат салысқан болатын. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей кәсіпкерлер Ж.Ұлтанов, Б.Жанбосынов, А.Алиев, А.Шаңбасов, Б.Олжабаев және алтыншы сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Т.Ерманов сынды азаматтар қордың қызметіне, әлеуметтің әлеуетін көтеру барысындағы бастамаларына қолдан келген көмектерін аямайды.
Қоғамның әлсіз топтарын мүмкіндігінше қамқорлық құшағына бөлеу азаматтық борышымыз деп білетін біз осындай қызметтерді алдағы уақытта ұйымдастыра беретін боламыз.
С.КӨШБАЕВА, «Ауыл әйелдерінің белсенділігін арттыру» қоғамдық қорының төрайымы