©
Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің бұйрығымен өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы қызметті жетілдіру жөніндегі ұсыныстар мен нұсқауларды шығару мақсатында метрологтар кеңесі құрылған-ды. Осы аптаның сәрсенбісінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде және «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында метрологтар кеңесінің IX отырысы өтті. Алқалы жиынға Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Б.Қанешов, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар, «Қазақстан метрологтар институты» РМК, «Ұлттық аккредиттеу орталығы» ЖШС және республикадағы метрологиялық қызметтің мамандары қатысты.
Жиында «Қазақстан метрологтар институты» РМК бас директоры Василий Михалченко «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету» туралы Қазақстан Республикасы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» заңының тұжырымдамасымен таныстырды.
- Заңнамада халықаралық тәжірибеге сәйкес, қауіпсіздік, сауда- коммерциялық есеп, денсаулықты және қоршаған ортаны қорғау сияқты ерекше маңызды салалармен қатар мемлекет тарапынан бақылауды қажет ететін қызметті жүйелендіру және нақты салдарларды жою арқылы мемлекеттік метрологиялық бақылау аясын оңтайландыру қадамдары қарастырылады. Заң аясында кәсіпкерліктің дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау, оны метрологиялық жұмыстар мен қызмет көрсетуді іске асыруға тарту, калибрлеудің таралу саласын кеңейту, бақылаушы органдар тарапынан бизнеске жасалатын қысымды азайту көзделген. Аталмыш метрологиялық бақылау түрлері мен саладағы кедергілерді азайту арқылы бизнестің дамуына көмектесу, Кеден Одағы елдерінің заңнамаларын үйлестіру және халықаралық ұйымдардың метрологиялық тәжірибелерін есепке алу, өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру негіздерін функционалды өзгерту мақсатында жүзеге асырылады. Жаңа заң мемлекеттік метрология бақылау саласына жататын өлшемдерді мемлекеттік басқару органдарымен анықтау және бекіту тәртібі белгіленіп, заңды тұлғалардың метрологиялық қызметтердің уәкілеттілік тәртіптері және шарттарын бекіту функцияларымен толықтырылады. Бірнеше рет талқыланған заң жобасы шілдеде Сенаттың қарауына жіберіледі, - деді Василий Николаевич.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған метрологтар «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету» туралы заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ұсыныс-пікірлерін айтып, ойларын ортаға салды. «Қазақстан метрологтар институты» РМК бас метрологы Шыңғыс Қуанбаев мұнай-газ және энергетика саласындағы кәсіпорындарда өлшем құралдарын калибрлеу мәселесі жөнінде ой-пікірін білдірді.Кеңес отырысында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС техникалық реттеу, автоматтандыру және метрология департаментінің директоры Александр Хапин өндірісті метрологиялық қамтамасыз ету жағдайынан хабардар етті.
- Кәсіпорын облыс халқын электр қуаты, жылу энергиясы және тоқ көзімен үздіксіз қамтып отыр. Өндірістік алаңда екі жылу электр орталығы, бір конденсациялық электр стансасы және өзге де өндірістік зауыттар жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда электр энергиясын тұтыну көлемі артқандықтан қуаттылығымызды 1100 МВт-қа арттырдық. Жыл сайын электр энергиясын тұтыну көлемі орта есеппен 4 пайызға өсіп отыр. Сондықтан да келер жылы комбинаттың электр қуатын 804 МВт-қа жеткізу жоспарланып отыр. Кәсіпорынға ауыз су өндіру көлемін тәулігіне 50 мың текше метрден 70 мың текше метрге жеткізу жөнінде тапсырма берілген-ді. Келешекте газ-бу арқылы электр энергиясын өндіретін қондырғының құрылысы салынады. Ақтау қаласында жыл сайын суға сұраныс орташа есеппен 4-6 пайызға өсіп келеді. 2008 жылдан бері су тұшыту қондырғыларын қайта жаңғыртуды қолға алдық, - деді Александр Васильевич.
Жиынға қатысушылар мұнай-газ және энергетика саласын метрологиялық қамтамасыз ету,өлшеу құралдарын калибрлеуді жүргізуде мұнай- газ және энергетика саласындағы кәсіпорындардың аумағын кеңейту мәселелерін талқыға салды. Кеңес отырысының алғашқы бөлімі аяқталған соң, метрологтар «МАЭК-Қазатомөнеркәсіптегі» мұражайды аралап, тарихи мағлұматтарға қанықты. Осы күні түстен кейін метрологтар кеңесінің IX отырысы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кеңсесінде жалғасты. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ автоматтандыру, ақпараттық технология және байланыс департаментінің директоры Ербол Мұқашев кәсіпорынды метрологиялық қамтамасыз ету жөнінде ақпарат берді.
«Біздің акционерлік қоғамда 30 мыңнан аса бақылау және өлшеу аспаптары бар. Бүгінде жылдық мұнай өндіру көлемі шамамен 6,285 млн.тоннаны құрайды. Өндіріске соңғы үлгідегі технологиямен жасақталған құрал-жабдықтар енгізілуде. Бізде қолданбалы метрология бақылауда, талдауда, болжамда, жоспарлауда, шикізат туралы ақпаратты реттеуде және тағы да басқа жағдайларда қолжетімді,сенімді түрде пайдаланылады. Күмәнді ақпарат өнімнің сапасының төмендеуіне, апаттық жағдайларға, ғылыми зерттеулердің нәтижесіздігіне әкеліп соғады. Компания «Қазақстан метрологтар институты» РМК-нің қызметтерін 10-нан аса кәсіпорынмен серіктестікте жұмыс жасайды. Акционерлік қоғамның метрологиялық қызметінің жұмысы денсаулық сақтау саласын,коммерциялық есеп пен қоршаған ортаны қорғауға, озық технологиялар енгізуге, өнімнің сапасын арттыруға, өлшеу аспаптарын және сынақ құрал-жабдықтарының санын арттыруға бағыттылаған. Компания метрологиялық қызметке 100 млн.нан астам қаржы жұмсады. Қазіргі кезде физикалық-химиялық өлшем бірліктерін және сынақ қорытындысының анықтығын қамтамасыз етуді жолға қойып отырмыз. Метрологиялық қызметті жетілдіру қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өнімнің саны мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деген Ербол Мырзабекұлы метрологиялық қызметті жолға қоюды ұсыныс етті.
«Қазақстан метрологтар институты» РМК бас директорының орынбасары Денис Черкашин «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірісін және айналымын мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы Сенаттың қарауына жіберілгенін жеткізді.
- ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 27 маусымдағы №484 «Мұнай өнімдерін өндірушілердің өндірістік объектілерінің, мұнай өнімдері базаларының және жанармай құю бекеттерінің (жылжымалы үлгідегі жанармай құю бекеттерінен басқа) резервуарларын есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандыру бойынша қағидалары және талаптары» қаулысы» бекітілді. Заң аясында, мұнай өнімдерін өндірушілер, мұнай берушілер, мұнай өнімдерін арзан берушілер немесе мұнай өнімдерінің, резервуарларының базасынан өнімдерді бөлшектеп өткізушілер үшін 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, АЖС-тан (жылжымалы үлгідегі бекеттерді қоспағанда) мұнай өнімдерін бөлекшеп өткізушілер үшін 2017 жылғы 1қаңтарынан кейін қаралады. Институт өлшеу құралдарының мемлекеттік тізіліміне ережеде көрсетілген талаптарға метрологиялық сипаттары бойынша сәйкес келетін құралдарды дайындады, - деді Денис Петрович. Жиын барысында метрологтар саладағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН