Әйелдерді нәзікжанды дегенімізбен, оларды әлсіз деп айта алмайсыз. Өйткені әйелдің нәзіктігімен қоса батырлығы, батылдығы да бар. Бұл сөзімізге жартылысы нәзік болса да, спортты өміріне серік етіп, осы жолда толағай табыстарға қол жеткізген қос ару Бибігүл мен Гаухардың өмір жолы дәлел.
Қазақтың бұлбұлымен аттас Төлегенова Бибігүл Бердіғалиқызы дзюдо күресінен талай халықаралық жарыстарда топ жарып, елінің намысын абыроймен қорғаған ару. Жастайынан спорт залға барып жаттығып, әке үмітін, бапкер сенімін ақтаған аруымыз қазақ қыздарының ішінен алғашқылардың бірі болып, әйелдер арасында дзюдо күресінен КСРО-ның спорт шебері, бірнеше дүркін ҚР чемпионы атанған. Бүгінгі таңда ол облыс орталығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінде директордың оқу ісі бойынша орынбасары қызметін атқарады.
-Әкем Бердіғали-ұзақ жылдар бапкер болып, ал анам Сәуле-дәрігер болып жұмыс жасады. Әкем 1985 жылы Батыс Қазақстан бойынша елімізде дзюдодан әйелдер құрамасын алғаш жасақтаған жандардың бірі. Мен 7 сыныптан бастап күреспен айналыстым, спорт залға әкем жетелеп әкелді. Кейін ізімнен ерген сіңілім Бибінұр да спортқа келді. Екеуміз де төккен тердің, еселі еңбектің арқасында әйелдер арасында дзюдо күресінен КСРО-ның спорт шебері атандық. Бибінұр-бүгінде Орал қаласындағы спорт мектебінің директоры қызметін атқарады. Жолдасы да дзюдо күресінен білікті бапкер,-дейді Бибігүл Төлегенова.
Спортта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген Бибігүл Төлегенова 1995 жылы кезекті жарыста жарақат алып, боз кілеммен қоштасып, бапкерлікке бет бұрады. Оралда, Өскеменде, Қарағандыда дзюдодан бапкер болып жұмыс жасаған. Бірнеше шәкірт тәрбиелеп, ел чемиондарын шығарған. «Ұстаздан шәкірт озса игі»,-демекші, ардақты ұстаз алдын көрген қос шәкірті бүгінде Мәскеуде бапкер, тағы бір шәкірті Лилия Насырова Оралдағы спорт мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Білікті бапкердің шекпенінен шыққан балуандар Алла Попова-дзюдодан Спартакиада чемпионы атанса, Елена Совитская-дзюдодан Спартакиаданың қола жүлдесін иеленген.
Жемісті еңбегімен еленген Бибігүл отбасының да ұйытқысы. 1996 жылы өмірлік серігі белгілі бапкер Сергей Волобуевпен шаңырақ көтерген. Қос жұпты тек махаббат ғана емес, спортқа деген қызығушылық, бір-біріне деген сенім, бір-біріне жанкүйер болу да жақындастырған.
-Жолдасым Сергеймен 1994 жылы Минскте өткен халықаралық жарыста таныстым. Жарыс аяқталып, қонақ үйге келсем алдымнан жас жігіт шығып «Қарындас Сіз қандай мемлекеттің намысын қорғауға келдіңіз?» дейді. Мен Қазақстаннан келгенімді айтқанда «біздің елімізде де дзюдомен айналысатын нәзік жандылар бар екен ғой» деп таң қалған болатын. Екеуміз тез тіл
табысып кеттік, кейін елімізде, шет мемлекеттерде өткен жарыстарда жиі кездесіп тұрдық. Таныстығымыз үлкен сезімге ұласып отбасын құрдық. Биыл отасқанымызға 20 жыл, бақытты отбасымыз,-дейді Бибігүл Төлегенова.
Бүгінде спортшылар отбасында Лунара мен Анара есімді екі қыз бойжетіп келеді. Лунара-Орал қаласындағы жоғары оқу орнында ағылшын және неміс тілін тереңдетіп білім алуда. Екеуі де спортпен айналысады. Анара-садақ атудан спорт шеберіне үміткер. Қазіргі таңда Теміртауда өтетін ҚР чемпионатына дайындалуда.
-Мен тағдырыма шексіз ризамын. Өйткені спорттың арқасында біраз жетістікке қол жеткіздім, жұбымды да осы жолдан жолықтырдым. Шет мемлекеттерде болып, әр мемлекеттен достар таптым. Спорттың арқасында сабырлылықты, байсалдылықты, қиындыққа төзуді үйрендім. Жолдасым Сергейді Ақтауға шақырғанда ұзақ ойландық, ақылдасып, кейін отбасымызбен келуге шешім қабылдадық. Оған еш өкінбейміз. Өйткені, бізге ауызбіршілігі мол ұжыммен жұмыс жасау бұйырған екен. Осы жерден тәлім алып жүрген әрбір жастың болашағынан үлкен үміт күтемін. Еліміздің даңқын Әлемге танытатын мықты балуандар бүгінде осы мектепте тәрбиеленуде. Ұзақ жылғы тәжірибиемді осы мектептің болашағы үшін жұмсап, сол бағытта еңбектенудемін. «Жастар» спорт мектебінің балуандарының Олимпиада шыңын бағындырғанын көргім келеді, бапкерлер де сол жолда күні-түні тынбай тер төгуде,-дейді Бибігүл Төлегенова.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінде әдіскер болып жұмыс жасайтын Гаухар Чайкузованың да спорт саласында бағындырған белестері көп. Алғаш нағашы ағасы Арман спорт залға жетелеп әкелгенде Гаухар он жаста болатын. Орал қаласында өткен ҚР-ның чемпионатында бірінші рет 3-орынды иеленіп, қоладан алқа таққанда шексіз қуанған. Осы жылдардан бастап кейіпкеріміздің өмір жолы толағай табыстармен өрнектелген. 2008 жылы Көкшетауда өткен ҚР чепионатында және Қызылорда да өткен Орталық Азия чемпионатында 1-орынды еншілеп, бапкер сенімін ақтаған. Халықаралық жарыстарда да талай рет Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, өзге мемлекеттерде еліміздің әнұранын асқақтатып, көк байрағын желбіреткен. 2009 жылы Шымкентте өткен ҚР чемпионатында және Душанбіде өткен Орталық Азия чемпионатында, Грузияда өткен «Президент кубогі» халықаралық турнирінде топ жарып, алтыннан алқа таққан. Сондай-ақ, Қытайда өткен Азия чемпионатында 2-орынды, Малайзияда өткен халықаралық турнирде 1-орынды иеленген. Ал, 2010 жылы Бакуде өткен «Опен Баку» халықаралық турнирінде күмісті еншілеп, 2-орыннан көрінсе, 2011 жылы Ақтауда өткен үшінші жаздық ҚР Спартакиадасында 1-орынды, Шымкентте өткен ҚР чемионатында және Алматы қаласында өткен халықаралық турнирде, 2012 жылы Оралда өткен ҚР чемпионатында 1-орынды, Стамбулда өткен халықаралық «Босфора Кубогінде» 3-орынды, 2013 жылы Қырғызстанда өткен Орталық Азия чемпионатында 1-орынды, Таразда ересектер арасында өткен ҚР чемионатында 1-орынды, 2014 жылы Тәжікстанда ересектер мен жасөспірімдер арасында өткен Орталық Азия чемпионатында 1-орынды, Қытайда өткен Азия Кубогінде 2-орынды иеленіп, күмісті місе тұтқан. Өткен жылы Стамбулда ұйымдастырылған «Опен Түркия» халықаралық турнирінде 1-орыннан, Қарағандыда өткен ҚР Спартакиадасында 2-орыннан, Жапонияда ересектер арасында өткен Азия чемпионатында 3-орыннан көрінген. Осылайша, каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған.
-Мен анам мен әжемнің тәрбиесінде өстім. Анам дәрігер болғандықтан, мен де кішкенен кезімде анам сияқты адам жанының арашасы ақ халатты абзал жан болуды армандайтынмын. Алайда менің тағдырыма каратэ-домен айналысып, спортты таңдау бұйырған екен. Бірақ қазір осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Замандастарымды да салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысуға шақырамын. Әрбір адам өз мамандығын шын жүрегімен беріліп жақсы көріп, сүйікті ісіне жан-тәнімен беріліп, оған өзінің барлық күш-жігерін жұмсаған кезде марапат пен сый-құрмет оны өзі іздеп табады. Сол үшін барлығымыз қажырлы еңбек иесі болайық дегім келеді,-дейді балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінде әдіскер Гаухар Чайкузова.
Бейбіт заманда өз батырлықтарын боз кілемде дәлелдеп, қажырлы еңбекті жанына серік еткен қос аруымыздың өмір жолы өзгелерге де өнеге болары сөзсіз.
Венера МИРЛАН