- Ақтау қаласында 150 орындық Ана мен баланы қорғау орталығы салынып жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев осылай мәлім етті.
Әкімнің келтірген мәліметтеріне қарағанда, 2015 жылы денсаулық сақтау саласында 7 емдеу амбулаториясы мен 1 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, қолданысқа берілді. Бір ауысымда 40 адамды қабылдайтын бес амбулатория іске қосылған. «Облыстағы денсаулық сақтау саласының негізгі жетістіктері ана мен бала өлімін төмендету болып табылады. Статистикалық мәліметтер бойынша, өңірде медико-демографиялық көрсеткіштер мен халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері оң үдеріске ие. Ана мен бала өлімінің деңгейі де төмендеп отыр. Туберкулез ауруы да азайды. Қазіргі таңда Ақтау қаласында 150 орындық Ана мен баланы қорғау орталығының құрылысы жүргізілуде», - деді облыс басшысы.
Оның айтуынша, аталған нысанның іске қосылуы көрсеткіштердің одан сайын жақсаруына өз септігін тигізетін болады.