Ақтаулық 22 жастағы Бекжан Бекболатұлы Лондондағы Huawei компаниясына жұмыс істеуге шақырту алған. Ол 2 қаңтардан бастап, Ұлыбританияда аталған мекемеде тәжірибеден өтуде. ҚазАқпарат тілшісі байланысқа шығып, Қазақстан программисінің қалай жұмысқа шақырту алғанын, алпауыт брендке қалай қызмет етуге болатыны туралы сұқбат алды.
- Бекжан Бекболатұлы, бәрімізді қызықтырған сұрақтан бастайын. Huawei technologies Ltd компаниясына қалай шақырту алдыңыз?
- Қызық болды, негізі. Менің ойымда да, жоспарымда да осы жерде жұмыс істеу болмап еді. Менің досым қызығатын. Ол әртүрлі компаниялармен байланысқа шығып, жұмыс іздеп жүрді. Кейін осы Huawei компаниясы досыммен байланысқа шықты. Ал, досым болса, мен туралы да айтқан. Кейін компанияның кадр маманы менімен байланысқа шығып, сұқбаттасуға шақырды. Оларды негізінен менің Қытайда студенттер арасында өткен халықаралық олимпиадаға қатысқаным қызықтырған.
- Сұқбаттасу қалай өтті? Оларға өзіңіздің қандай қырыңызды таныстырдыңыз?
- Сұқбаттасу алдымен, онлайн өтті. Олар әртүрлі алгоритмдерді сұрады. Мысалы, жасанды интеллект туралы, оның ішінде телефондағы бет-бейнені тану сияқты. Осы салада білетінімді айтып бердім. Мамандарға ұнаған болуым керек, Лондондағы кеңсе директорымен сұқбаттасу болатынын айтты. Осылайша, сұқбаттасудан сәтті өтіп, тәжірибеден өтуге шақырды. Енді осында 8 ай боламын.
- Бекжан, сіз түскі үзіліске шыққанша 3 сағат күтуге тура келді. Жұмысыңызда телефон қолданбайсыз ба?!
- Енді, жаңадан келген соң компанияның тәртібіне үйрену керек. Қазақстанмен 3 сағат уақыт айырмашылығы бар. Сондықтан сізді күттіруге тура келді.
- Лондон қалай екен? Жаңа жұмысыңа үйреністің бе?
- Huawei компаниясының ғимараты әйгілі Google корпорациясының ғимаратымен қатар орналасқан. Менің баруыма себеп болғаны, біріншіден, компания қаржылай көмектесті. Яғни, виза толтырудан бастап, жолақысына дейін төлеп берді. Ең алғаш келгенде, қонақ үйге орналастым. Лондон – әлемдегі қымбат қала екенін білесіздер. Қонақ үйдің де шығынын компания өзі көтерді. Яғни, талантты маманды өздеріне шақыру үшін бар жағдайды жасайды екен. Бір қызығы, бұл компанияда Қазақстаннан келген жалғыз мен емес екенмін. Бірнеше қазақ жасы жұмыс істеп жатыр. Келгелі танысып жатырмын. Үйлеріне шақырды. Жақсы араласып жатырмыз.
- Тәжірибеден сәтті өтсеңіз, Лондонда қаласыз ба?
- Әрине, неге қалмасқа?! Мен Қазақстанда жұмыс іздеп жүрдім. Аяқ астынан осындай ұсыныс түсті. Бұл маған Алланың сыйы шығар! Алдағы уақытта штатқа алынсам, айлығым 1 млн. 500 мың болады. Отбасыма көмектесемін. Келген кезде жеке ноутбукке дейін берді. Қазіргі таңда компаниядағы әртүрлі жобалармен танысып, телефон камераларына жасанды интеллект орнату бойынша біліктілігімді арттырудамын.
- Бекжан өзіңіз туралы айтыңызшы?
- Мен 1998 жылы Ақтау қаласында дүниеге келдім. Ақтаудағы білім инновация лицейін тәмамдадым. Мектеп қабырғасында жүріп, талай жарыстарға қатыстым. 7–сыныптан бері программалауды қызық көрдім. Жетістіктеріме тоқталсам, информатика пәнінен республикалық олимпиаданың 4 жыл қатарынан жеңімпазымын. Халықаралық Еуразия олимпадасында күміс жүлде, «Asia-Pacificinformatics» олимпиадасында қола жүлде, халықаралық Жәутіков атындағы олимпиадада күміс алдым. Мектеп жасынан өзімді осы IT саласынан көрдім.
- Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?
- Алдағы уақытта осы салада кәсібімді ашуды жоспарлаймын. Мүмкін, веб-қосымшалар, сервистер мен технологияларды өндіру немесе стартап жобалармен айналысатын шығармын. Бәлкім, Лондонда жақсы серіктес тауып, бірге ісімізді ашатын шығармын.
- Сұқбатыңызға рахмет! Ендеше, сәттілік!
Дереккөз ҚазАқпарат