Латын әліпбиіне көшудің ұтымдылығы
[ 2017 ] 30 қазан, 10:15 | Рухани жаңғыру
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың сәуіріндегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру керектігіне назар аударған болатын. Елімізде бұл негізгі мәселе қоғамдық талқыға салынып жан – жақты пікір қалыптастырып жатыр. ХХғ басында 1924 жылдың маусым айында қабылданған қаулы негізінде ұлт тарихында бірнеше ғасыр бойы үздіксіз қолданылған араб әліпбиінің маңыздылығы төмендеп, көш бастаған ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Нәзір Төреқұл латын әліпбиіне көшу қажеттілігінің туындағанын дәлелдеп берген. Алаш зиялылары құрастырған латын әліпбиін қайтадан жаңғыртып, Тәуелсіз Қазақстанның дамуы үшін заманның талабы іспеттес. Алаш арыстарының бұл идеясы қазақ тарихында бірнеше жыл ғана қолданыста болып, кейін 1940жылдары орыс кирилицасына ауысқан. Тәуелсіздік алған тұста бұл мәселе қайтадан жаңғыра бастады.
Яғни ұлтымыздың басынан үш алфавит жүйесін өткергендігін білеміз. Олар: біріншіден— араб әліпбиі (1929 ж. дейін), екінші — латын әліпбиі
(1929-1940 жж.), үшіншісі — кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі (1940жылдардан бүгінге дейінгі қазіргі әліпбиіміз).
Қазіргі таңда Елбасымыздың латын әліпбиіне көшу саясатын қолдаймыз. Себебі, біріншіден, латын әліпбиіне көшудегі негізгі ұтымдылық — тіл ауыспай, таңбаның ғана ауысуы. Екіншіден сөзді немесе дыбысты қалай естісек, жазылуын да солай жазамыз.
Көптеген ғалымдардың пікірін ескеретін болсақ, латын әліпбиіне көшу соншалықты қиындық тудырмайды. Қайта қазіргі кезде Қазақстанның халықаралық дәрежеге жетіп қана қоймай, дамыған елдердің қатарына еркін қосылуына жол ашады. Қазіргі кезеңдегі білім саласындағы жаңа реформаның жүзеге асырылуы да жаңартылған білім мазмұнымен жұмыс жасауда латын әліпбиі ертеңгіге қалдыруға болмайтын заман талабы екендігін көрсетіп тұр. Осы жерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыла көтеріп, Алаш зиялылары бастап кеткен латын әліпбиін рухани жаңғыртуымыз керек!
Токмурзинова Динара,
«Н. Оңдасынов атындағы № 5 жалпы білім беру
орта мектебі» КММ тарих пәні мұғалімі
803
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.