©
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы болашақта біртұтас ұлт болу мен бұқаралық сананы өзгертудің кепілі болды. Аталмыш мақалада Мәңгілік ел болудың шарттары көрсетілгені белгілі. Бұл еңбекте ұлттық сананы жаңғырту мен ұлттық бірегейлікті сақтау жолдары айқындалып, қоғамның алдына ауқымды міндеттер жүктелген болатын. Ел жаңғыруының басты міндеті ретінде бірнеше бағдарламалармен қатар латын қарпіне көшу жобасы да бүгінгі таңда жүзеге асырылуда. Мұндай ауқымды жобалардың жүзеге асуы өз кезегінде жастарға жаңа сапалық деңгейде білім беріп, әлемдік бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға жол ашатыны белгілі. Сондықтан тәyeлciз ел болып, рухани жаңғыруда әлiпбидi ayыcтыpy – Мәңгiлiк eл бoлyдың нeгiзгi aлғышapты екені анық.
Ал тарих сахнасына көз жүгіртсек, қазақ жазуын жаңа әліпбиге көшіру мәселесі негізінен ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алғаны белгілі. Алайда қазақ әліпбиінің тағдырына алаңдаған сол уақыттағы қазақ оқығандары өзге ұлт өкілдерінің кесіп-пішіп, шешім қабылдауына үзілді-кесілді қарсы шығып, олардың діттеген мақсатына қол жеткізбеген болатын. Дәлірек айтатын болсақ, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап орыстың миссионер ғалымдары тарапынан қазақ халқының ғасырлар бойы қолданып келе жатқан араб графикасы негізіндегі жазудың орнына орыс алфавитін енгізуді қажет деп тапқан ойлардың пайда болуы араб әліпбиінің кемшілігін көрсетуге негізделген ғылыми бағыттағы жұмыстардың жасалуына әкелді. Сол тұста да қазақтың зиялы қауым өкілдерінің қазақ жазуына қатысты жазылған ғылыми мақалалары өзіндік салмағымен, дәлелді тұжырымдарымен халықтың саяси-мәдени танымдық түсінігіне үлкен ой салып, сол тұстағы қазақтарға арналған орыс әліпбиінің алғашқы жобалары (1862 жылы Ильминский жасаған алфавит, т.б.) іс жүзінде жүзеге аспады, араб әліпбиі бірден ығыстырылмай, 1929 жылға дейін қолданыста болды. Алайда араб жазуын орыс графикасына алмастыру мәселесі XIX ғасырдың II жартысында қызу көтерілгенімен де, өз шешімін таба алмай аяқталған болатын. Мұның себебін шығыстанушы ғалым Н.Яковлев өзінің «Проблемы национальной письменности восточных народов СССР в советскую эпоху» атты мақаласында (Москва, 1926): «Орыс графикасы миссионерлер мектебі арқылы таратылғандықтан кейбір халықтардың ұлттық сезіміне жағымсыз әсер етті. Бұл орыстандыру және зорлықпен ұлттық ерекшеліктерді жою үшін істелінген іс деп есептелінді» − деп көрсеткен болатын. Бірақ патша үкіметінің солақай саясаты аясында жүргізілген қазақ жазуына орыс графикасын енгізу Кеңес үкіметі тұсында нақты жүзеге асып, күні бүгінге дейін сол әліпби бойынша жүріп келеміз. Ал кирилл әліпбиінің қазақ тілінің грамматикасында басы артық ережелердің болуына әкеліп соқты.
Соңғы деректер бойынша кирилл жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл кең таралған жазу. Бүгінгі таңда қолданып отырған жазуымызды латынмен алмастырғанда алдымен, тіл тазалығы мәселесінің шешілері анық. Рухани кемелденудің негізгі алғышартының бірі сауаттылық деңгейі дейтін болсақ, дұрыс жазу – орфографиялық ережелерді жетік меңгеруді талап етеді. Ал орфографиялық ережелердің жетіктігі әліпбидің тілдің фонетикалық жүйесімен толық сәйкес келуімен байланысты. Сондай˗ақ тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.
Тағы оқыңыздар: Қазақ тілінің жаңа эволюциялық кезеңіКелесі ұтымды жағы, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдететіні сөзсіз. Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу әлемдік аренада қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығу мүмкіндігін молайтып, озық технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне қазақ тілінің кірігуіне тиімді жолдар ашары сөзсіз. Бүгінгі таңда бүкіл түркі әлемі, негізінен, латын жазуын қолданатынын ескерсек, түбі бір түркі халықтарымен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуге де кеңінен жол ашылады.
Латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам екендігін ескерер болсақ, мұндай ғаламдық істер адамзаттың игілігіне айналары анық. Сараланып, екшеліп, төл таңбаларымызды ескеріп қабылданар әліпби ұлттық тіліміздің тұғырын бекітіп, рухани жаңғыруға жасалған нақты қадам деп бағалаймыз.
Гүлбаршын АДАМБАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
Ш.Есенов атындағы КМТИУ «Тілдік пәндер» кафедрасының меңгерушісі