Самбодан Азия ойындарының тұңғыш чемпионы, Маңғыстау облысының жаттықтырушысы Бағлан Ибрагим Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Қазақстан Республикасы Самбо федерациясының шешімімен ҚР жастар (ұлдар мен қыздар) құрама командасының аға-жаттықтарушысы лауазымына Ибрагим Бағлан тағайындалды», - деді Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіндегілер.
Бұл туралы спортшы жаңа міндетке кірісіп, енді өз тәжірибесін жастармен бөлісетінін атады.
«Елдің батасы мен ағаларымыздың зор сенім артуының арқасында самбодан ҚР жастар құрамасының аға бапкері болып тағайындалдым. Сенімді ақтап, биік белестерді бағындыруға барымызды саламыз», - деді спортшы.
Бағлан Ибрагим 1994 жылы дүниеге келген. Ол 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарында 52 келіде жеңімпаз атанды. Ол самбо тарихында Азия құрлығы бойынша төртжылдықтың басты ойындарында жеңімпаз болған алғашқы спортшы.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Самбо федерациясының шешімімен ҚР самбо құрама командасының команда басшысы лауазымына маңғыстаулық Рамазан Мамаев тағайындалды.