Маңғыстауда бокстан 2006-2007 жылы туған жастар арасында КСРО спорт шебері Тарас Хитуовты еске алуға арналған ашық республикалық турнир өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Осыған орай өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш жарыстың маңызы туралы айтты. Оның сөзінше, ашық біріншілік Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен, сондай-ақ өңірлік бокс федерациясының ұйымдастыруымен өтпек.
Ал республикалық турнирде 14 салмақ дәрежесі бойынша еліміздің 10 облысынан және көршілес 5 мемлекетінің жасөспірімдер құрамасы арнайы келіп қатысады.
«Ресей, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері және Қазақстаннан 200-ге жуық былғары қолғап шебері бақ сынайды. Олардың қатарында ұлттық құрама мүшелері де бар. Алдағы уақытта аталған республикалық ашық турнирге дәстүрлі сипат беріп, республикалық күнтізбелік жарыстар тізіміне енгізіп, халықаралық дәрежедегі жарыс деңгейіне жеткізу жоспарда бар», - деді Мақсат Мұқаш.
Баспасөз отырысында Марат Молдағұлов бокстан КСРО спорт шебері, үзеңгілес досы Тарас Хитуов туралы естеліктерімен бөлісті.
«Тарас Хитуов - мемлекет және қоғам қайраткері. Ол Парламент Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты болды. Бұл жарыс өңір спортының дамуына өзіндік үлес қосқан, халықаралық аренада ел намысын қорғаған көптеген чемпиондардың жаттықтырушысы, ел игілігі үшін жемісті еңбек Тарас Хитуовтың өнегелі өнерін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылғалы отыр», - деді Марат Молдағұлов.
Маңғыстау бокс мектебі өзіндік дәстүрлерімен танымал. Аталған спорт саласының дамуына жаттықтырушылар мен Олипиада шыңындағы спортшылар зор үлес қосты. Осы орайда Ердос Жаңабергенов, Әділбек Ниязымбетов, Берік Абдрахманов, Бекзат Нұрдәулетовтің жоғары жетістіктерін ерекше айтуға болады.
Маңғыстау облысының бокс бойынша Олимпиадалық резервке мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің басшысы Әділбек Ниязымбетов, жарысқа дайындық үздіксіз өтіп жатқанын және спортшылардың ынтасы жоғары екендігін жеткізді. Бұл сынға Маңғыстау өңірінің атынан 25 былғары қолғап шебері қатыспақ.
Сонымен қатар «Маңғыстау бокс клубы» ЖШС директоры Ердос Жаңабергенов жарыс IBA ережелеріне сәйкес өтетінін алға тартты.