Сайын Шапағатов ауылдық округінде жаңа спорт ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Түгелқызы жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, спорт саласын жетілдіру бойынша жұмыстарға тоқталды.
- Халқымыз «Дені саудың - жаны сау» деп бекер айтпаған. Себебі спорт - бұл денсаулық кепілі болумен қатар, сана мен ақыл-ойдың ашықтығын, төзімділік пен шыдамдылықты тәрбиелейтін басты құрал. Жаңадан ашылған “Сүйінғара” жекеменшік спорт нысанда балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануы үшін бар жағдай жасалып, ғимарат ауылдың барлық балалары үшін қолжетімді болады. Спорт кешенінің іске қосылуы ауыл спортын қарқынды дамытуға, ауыл тұрғындарының спорттық белсенділігін арттыруға, чемпиондарды тәрбиелеуге зор септігін тигізетініне сенімім мол. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр жолдауында спортты дамыту бағытында нақты атқару қажет жұмыстарды айтып келеді. Осындай нысандардың ашылуы өңірімізде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатырғанын көрсетеді, - деді облыс әкімінің орынбасары.
"Сүйінғара батыр" спорт кешенінде қазақша күрес, жекпе-жек, дзюдо, көркем гимнастика, еркін күрес, тоғызқұмалақ, шахмат, зумба және стрип пластика сынды т.б. үйірмелер жұмыс істейді.
Ауыл тұрғындары ризашылығын білдіріп, жылы лебіздерімен бөлісті.
“Бүгін ауылымызда жаңа спорт мектебі ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. Бізде мықты спортшылар бар. Алдағы уақытта осы жерде жаттыққан балалар ары қарай үлкен спортта жетістікке жетеріне сенеміз”, - дейді ауыл тұрғындары.
Ауданда бұқаралық спортты дамыту шаралары тұрақты түрде жүзеге асады. Алдағы уақытта Сайын Шапағатов ауылдық округінен 160 орындық спорт кешенінің құрылысын салу және Қызылөзен ауылынан футзал салу жоспары тұр.