© Архив
Ақтауда спорттық және жауынгерлік самбодан кадеттер, жасөспірімдер, жастар және шеберлер арасында Азия және Океания чемпионаты басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық әкімдігіне сілтеме жасап.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Нұрлан Ноғаев, сондай-ақ Халықаралық самбо федерациясының президенті Алламжон Муллаев қатысты.
Халықаралық чемпионатқа 25 елден 500-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Бес күн бойы спортшылар 62 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Чемпионаттың алғашқы күнінде балуандар 20 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемде белдесті.
- Мұндай жарыстар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы. Тәжірибе көптік етпейді — әрбір жаңа жарыс алдыңғы жарыстағы тәжірибені ой елегінен өткізуге итермелейді. Ақтаулықтар мен облыс басшылығына чемпионатты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын. Әрбір спортшыға сәттілік тілеймін, - деді Халықаралық самбо федерациясының президенті Алламжон Муллаев.
Чемпионаттың ашылу салтанатында Қазақстан спорт және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов құттықтау сөз сөйледі.
- Чемпионатта ел намысын 100-ден астам спортшы қорғайды. Жақсы оқу-жаттығу жиынын өткіздік, спортшылар өз формасының шыңында. Қанжығамызға жүлделі орындарды байлаймыз деп ойлаймын, - деді Айдос Ақжанов.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев спортшылар мен жаттықтырушыларға сәттілік тіледі.
– 2023 жылы Ташкентте өткен самбо күресінен Азия одағының конгресінде осы шараны өткізу үшін 37 мемлекеттің арасынан Қазақстанның Маңғыстау облысы таңдалды. Бұл жарыстың әсем шаhар Ақтау қаласында өтуі - Қазақстандағы спорттық қозғалыстың дамуына септігін тигізіп қана қоймай, туризм саласының дамуына да өз ықпалын тигізетіні сөзсіз. Өлкемізде Қазақстан Республикасының 45 чемпионы мен 5 Әлем чемпионы бар. Бұл - тұрақты еңбектің, ерік-жігердің нәтижесі және еліміздің имиджі. Мемлекет спорт саласына жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын атап өткім келеді, - деді Нұрлан Ноғаев.
13 мамырда басталған чемпионат 17 мамыр күні аяқталады.