Ақтауда Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен және Қазақстанның облыстарынан келген жүзге тарта былғары қолғап шеберлері республикалық ашық турнирде бақ сынауда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл додалы жарыс - мемлекет және қоғам қайраткері, бокстан КСРО спорт шебері Тарас Киікбайұлы Хитуовты еске алуға арналған.
Кеңестік және қазақстандық өнеркәсіп және мемлекет қайраткері Тарас Хитуов Парламент Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты (2016-2021) болып халықтық игілігі мен елдің өркендеуі үшін қызмет атқарды.
Бокс додасының ашылу салтанатына Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш, Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев және Тарас ағамыздың туған-туыстары мен үзеңгілес достары қатысты.
- Аталған жарыс өңір спортының дамуына өзіндік үлес қосқан, халықаралық аренада ел намысын қорғаған көптеген чемпиондардың жаттықтырушысы, ел игілігі үшін жемісті еңбек еткен Тарас Хитуовтың өнегелі өмірін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылды. Елімізге ғана емес әлемге өзіндік дәстүрімен танымал Маңғыстау бокс мектебінің өшпес тарихында Тарас ағамыздың өзіндік қолтаңбасы бар, - деді Мақсат Мұқаш.
Жарыстың бірінші күнін жеңіспен бастаған спортшы маңғыстаулық Қуаныш Бөлектің айтуынша бұл жарысқа 4 ай көлемінде жаттығып дайындалған. Ол 54 келі салмақтағы басқа қарсыластарынан да басым түсіп, облыс қоржынына медаль салатынына сенім білдірді.
- Жарысты ұйымдастыруға мұрындық болған Маңғыстау облысының әкімдігіне және облыстық бокс федерациясына туған-туыстардың атынан алғыс білдіремін, бүгінгі жарысқа қатысушылар қатарынан болашақ Олимпиада чемпиондары шығады деген үмітім бар, - деді Тарас Хитуовтың ағасы Асқар Киікбайұлы.
31 қаңтар -3 ақпан аралығында Ақтау қаласындағы «Halyk Arena» спорт кешенінде өтетін додада 2006-2007 жылы туған жастар санатындағы спортшылар 14 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Көрермендер бокс жарысын тегін тамашалай алады.
Алдағы күндердегі жарыс бағдарламасы: