Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының президенті Асылбек Тұрарұлының атынан халықаралық оқу-жаттығу жиынына қатысушыларға алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Армения елі мен Атырау, Маңғыстау облыстарының жетекші дзюдошылары біріккен оқу-жаттығу жиыны өтіп жатқанын бұдан бұрын хабарлаған едік. Халықаралық жаттығу жиынына тәжірибе алмасуды көздеп келген татами шеберлеріне өңірдегі дзюдо федерациясы ерекше құрметпен ізгі ниеттерін білдірді.
МО дзюдо федерациясының басшысы Асылбек Жолдыбаевтың алғысын облыстық құраманың аға жаттықтырушылары Айбек Имашев пен Қайрат Бурбасов, Т.Жолдыбаев атындағы дзюдо орталығының директоры Ғалымжан Қыдырсиық жеткізді.
Осындай халықаралық жаттығу жиындары дзюдо спортының дамуы мен дзюдошылардың шыңдалуына үлес қосары сөзсіз. Алыс-жақыннан келген қатысушыларға үлкен алғыс айтамын. Толағай табыс пен қайтпас қажырлық, жемісті жетістік тілейміз, - дейді Асылбек Тұрарұлы.
Сондай-ақ Армения мен Атырау құрамаларының аға бапкерлері ұйымдастырушылардың алғысын қабыл алып, өздерінің ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Ақтауда тұңғыш рет өткізіліп отырған халықаралық оқу-жаттығу жиынына 100-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Халықаралық оқу-жаттығу жиыны спортшылар арасында достық пен ынтамқтастықты нығайтуға кепіл боларына сенім мол.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ