Бүгін Ақтауда шахматтан ҚР чемпионатының жартылай финалы басталды. Жарысқа 120-дан аса шахматшы келді. Қатысушылар шахматтың стандартты классикалық түрінен сынға түсуде, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жарыстың ашылу салтанатына Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы міндетін атқарушы Қанат Жұмабаев, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аббат Өрісбаев және Маңғыстау облыстық шахмат федерациясының директоры Фатима Рысбекқызы келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Ақтауда екінші рет ҚР чемпионатының жартылай финалы өткізіліп жатыр. Осы ретте ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне және облыстық шахмат федерация ұжымына алғыс білдіремін. Додаға әр аймақтың намысын қорғауға келген мықты шахматшылар жиналды. Соның ішінде маңғыстаулық 21 ер, 8 әйел адам бүгінгі бәсекеде бақ сынауда. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!» - деді Қанат Жұмабаев.
Ойынның алғашқы жүрісін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы міндетін атқарушы Қанат Жұмабаев бастап берді. Жартылай финалда жеңіске жеткен 3 қатысушы Алматыда өтетін ел біріншілігінің финалына жолдама алады.
Айта кетейік, жарыс 26 ақпан күнге дейін жалғасады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН