Казань қаласында өтіп жатқан белбеу күресінен әлем біріншілігінде маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов чемпион атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Нұрдәулет Жарылғапов бұл чемпионатта үш белдесу өткізді. Бірінші кездесуде өзбек палуанын ұтты. Екінші айналымда қырғыз спортшысынан басым түсіп, ақтық белдесуде Ресей палуанын жеңді», - деді Нұрдәулет Жарылғаповтың бапкері және облыстық Ұлттық спорт түрлері орталығының» директоры Қайрат Бурбасов.
Қайрат Бурбасовтың хабарлауынша, әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы толық құраммен қатысып жатыр. Ел қоржынында маңғыстаулық палуанның жүлдесінен бөлек, бір күміс, үш қола медаль бар.
Еске сала кетейік, Нұрдәулет Жарылғапов биыл Қазақстан барысының қола жүлдегері, қазақ күресінен әлем кубогының чемпионы болған еді.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттер Қайрат Бурбасовтан