Белбеу күресінен әлем чемпионатынан алтын жүлдемен оралған Нұрдәулет Жарылғапов пен бапкері Қайрат Бурбасовты маңғыстаулықтар құрметпен қарсы алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев пен Нұрдәулеттің спорттағы ұстаздары мен үзеңгілес достары және туыстары чемпионды Ақтау әуежайынан күтіп алды.
Бапкерлер күні қарсаңында туған жеріне әлем біріншілігінен алтын медальмен оралған Нұрдәулеттің талабы жансын деген тілек білдіреміз. Оның жеңісі біз үшін үлкен сый болды. Чемпионды баптап, бәйгеге қосып жүрген Қайрат Бурбасовқа алғыс білдіреміз. Тек Маңғыстаудың емес, Қазақстанның спорт тарихында аты алтын әріппен қалатын спортшы боларына сенеміз, - деді қазақ күресі және дзюдо бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Қабыл Бисенқұл.
Сонымен қатар, Маңғыстау облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев та спортшыны жарқын жеңісімен құттықтады.
Облысымызда қазақ күресінен ең жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Нұрдәулет Жарылғаповқа тек сәттілік тілейміз. Белбеу күресінде де тайсалмай әлем біріншілігінде чемпион болу үлкен мәртебе, - деді ол.
Ал Қара бура деген лақап атпен танылған маңғыстаулық спортшы Нұрдәулет Жарылғапов маңғыстаулықтардың ыстық ықыласына алғысын білдіреді.
Белбеу күресінің әлем чемпионатына алғаш рет қатыстым. Жеңіс оңай келмейді, әрине. Бұл чемпионатта мен жеңісті сәтті ұстап үлгердім деп ойлаймын. Осындай жетістікке жетіп жатқаным бапкерлерімнің еңбегі, - дейді Нұрдәулет Жарылғапов.
Сондай-ақ, ол алдағы уақытта дзюдо спортына да бет бұратынын атап өтті. Қараша айында Орал қаласында өтетін дзюдодан ҚР чемпионатында бақ сынамақ. Дзюдо мен қазақ күресін қатар алып жүремін деген спортшының бұл ойын бапкері Қайрат Бурбасов та құптайды.
Талайдың тізесін бүктірген Нұрдәулетті дзюдодан өтетін ел чемпионатына дайындап жатырмыз. Дзюдо спортының ауқымы да зор болған соң Нұрдәулетті жақсы нәтиже көрсете алады деген сеніммен дзюдо додасына қоспақпыз. Ол қараша айында әуелі қазақ күресінен, сосын дзюдодан ел біріншілігіне қатысады, - деді спортшының жеке бапкері Қайрат Бурбасов.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттер автордан