Бүгінгідей қымқуыт, қарбалас заманда халықтың ән, жыр, өнер атаулыға сусап қалғаны рас. Қалың қазаққа «Маңғыстау жыр мектебін» насихаттап жүрген белгілі әнші Өмірқұл Айниязов осы өңірге келгенін естідік. «Дүрдараз», «Ақжайнақ», Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Ел үшін туған ер болсаң», Ақтан Керейұлы термесі «Айнамкөз», «Сәулем-ай» әндерімен елге танымал Өмірқұл ағамыздың айтары көп екен. Ө.Айниязов облыста өтетін кеші туралы, термелердің эстрадада орындалуы , сондай-ақ Маңғыстау жыр мектебінің ақсап тұрғандығы жайлы өз пікірін ортаға салды. Ендеше, көп созбай сұхбатқа кезек берелік.
- Сіздің репертуарыңыздағы әндердің кейбірі Маңғыстау өңіріне тән. Батыстың жыраулық дәстүрін эстрадада орындап жүрсіз. Тіпті, бір сұхбатыңызда «Өнер жолында бағымды ашқан Ақтанның термесі» депсіз...
- Мені жұрт дәстүрлі, ұлттық-патриоттық әндер, қазақ халық композиторларының әндерін орындауым арқылы таниды. Репертуарымда Бейбіт Оралұлы, Алтынбек Қоразбаев, Серік Сыздықов, Дүйсенхан Сыздықовтың әндері бар. Одан бөлек, батыстық әндер кеңінен орын алған. Атап айтсам, Сүгірдің термесі, Қайыптың әні «Ақбөбек», Досаттың әні «Босмойын» және Ақтанның «Қалағандарың сөз болса», «Жайық деген жанды су» атты термелерін орындап жүрмін. Ақтөбе, Оралға тән әуендер, Оңғар жырау, Тұрмағамбеттің термелері, Жиенбай жырау, Ешнияз салдың әндері де менің қоржынымда. Біз халық әні деп жүрген «Ақжайнақ» әні Болатбек Ердәулетов екенін бірі білсе, екіншісі біле бермейді.
- Маңғыстау өңірінің көп термелері қазір эстрадалық бағытта шығып жатыр. Дегенмен, кейбір термелерді (Нұрым, Қашаған, Ақтан, Сүгір) эстрадаға саламын деп, әдемі қалпын жоғалтып жатқандар аз емес. «Алашұлы» тобы Ақтанның термесіндегі «Мен Адайдың Ақтаны" деген сөзді "Мен қазақтың Ақтаны» деп өзгертіп айтып жүр. Тұтас бір жыраудың сөзін бұрмалап айту қаншалықты дұрыс?
- Менен бұрын Ақтанның термесін Елдос Еміл бастаған ағаларымыз эстрадада шығарды. Қыдырәлі мен Ақылбек «Сүгірдің термесін» өз деңгейінде айтып шықты. Қазақтың иірімін, әуенін түсінетін жігіттер өзгеріске ұшырамайды-ау деген әндерді таңдап, эстрадалық бағытта алып шыға алады деп ойлаймын. Мен нақты деректерден оқығаным бойынша, бұл жерде «Мен Адайдың Ақтаны» деп айтылу керек. Өзім де сол жолдарды айтып жүрмін. Дегенмен, «Алашұлы» тобының бұл сөзді өзгертуінен аса қатты қорқыныш көріп тұрғаным жоқ. Негізінен, жыраулық дәстүрде ортаға қарай жыр сөзін өзгерту деген болады. Өйткені сайып келгенде, Ақтан, Сүгір, Қашаған бабаларымыз Маңғыстаумен шектеліп қалмай, ар жағы Түркіменстан, Қарақалпақстан, бер жағы Батыс, Сыр өңірлерін аралап, халыққа жыр өнерін насихаттап, жер-жерді аралып жүрген. Бұл жерде айтпағым, аталарымыз қай өңірге барса да, сол елдің, тұтас бір ұлттың, рудың рухын көтеру мақсатында сөздерін өзгертіп отырған. Меніңше, бұл жерден астар іздеудің қажеті жоқ. Негізгі мазмұн, қалып, ойы өзгеріп кетпейді ғой бұдан. Ал Адайдың Ақтанын тұтас бір қазақтың дәрежесіне көтеріп жатса, несі айып?!
- Өнер ортасында өзіндік орны бар «Маңғыстау мектебі» қалыптасқан. Бұл мектеп Алматы, Астана қалаларындағы жетекші өнер ордаларында насихатталып жүр ме?
- Біздің кезімізде Маңғыстау мектебін Алматы ордасына әкелген Елдос Еміл еді. Өкінішке қарай, бұл кісі белгісіз бір себептермен өнерден алшақтап кетті. Қазір Амандық Көмекұлы Астанаға барды дегенді естіп қуанып қалдым. Айгүл Қосанова шәкірттеріне осы өңірдің өзіне тән жыр дәстүрін дамытып жүр. Маңғыстауда да дарынды ұл-қыздар көп. Дегенмен, республиканың беделді консерваториясында, өнер академиясында үйрететін мамандар жетіспейді. Мен білсем, өнер ордаларында әдейілеп ашылған «Маңғыстау мектебі» деген бөлім жоқ сияқты.
- Осы күндері Маңғыстау өңірінің біраз жерін аралап, концерт береді екенсіз. Кеңірек жоспарыңызды айта кетсеңіз...
- Маңғыстауға концерттік сапарымыз осы айдың 14-21 күндері аралығында болады деп жоспарланды, міне, бүгін алғашқы концертіміз Құрық ауылынан басталады. Жаңаөзен, Жетібай, Ақшұқыр, Қызылтөбе, Шетпе, Бейнеу, Форт-Шевченкода концерт өткіземіз. 2015 жылдың қараша айында Алматы Республикалық сарайында үлкен шығармашылық концертім өткен еді. Соның жалғасы ретінде осы жылдың қаңтар айынан бастап, республиканың өзге қалаларын аралауға көштік. Марат Жалиев ағамыздың айтуымен, Маңғыстау облысына да кезек келді. Ауқымды кеш сәуірдің 17-сі күні Ақтау қаласында 20:00-де өтеді.
- Маңғыстаудағы кештің өзге кештерден ерекшелігі неде?
- Менен басқа, өзіміз құрған «Өмір» шығармашылық орталығының жігіттері өнер көрсететін болады. «Семсер» тобымен бірге «Бабалар рухы», «Сейхун» деген дуэттерді дайындап жатырмыз. Асыланбек Тәжімұханов деген шәкіртім де бұл кештің қонағы болмақ. Марат Жалиевтің «Жаһан» шығармашылық орталығы да өнер көрсететін болады.
- «Ана – сен бақыттысың» әнін Меломен тобынан кейін өзге әуенде айтып шықтыңыз. Бейнебаянын да көрермен жылы қабылдап жатыр...
- Мен орындап жүрген «Ана – сен бақыттысың» әнінің әуенін Берік Сәметов жазған. Бұған дейін Талдықорған қаласында Болат Құсайынов, Ақжол Мейірбековтер «Аркас» тобын құрған екен. Сол топты тірілтеміз деген ниетпен, 2003-2004 жж. мен «Аркас» тобында осы әнді айтудың сәті туған еді. Соңғы жылдары мен өзгеше лирикалық бағытта бейнебаян түсіргім келді, сөйтіп жаныма жақын Ана әнін қайта орындап шықтым. Бейнебаянда өзімнің туған анам, жиенім және театр актрисалары ойнайды.
- Сахнадағы киіміңіз қазақы нақышта, ерекше болып тұрады. Арнайы киім тіктіресіз бе?
- Барлық киімдерім арнайы тапсырыспен тігеледі. Сахналық костюмімінің басым көпшілігін, 10 жыл бойы Алматы облыстық филармониясында жұмыс істегеннен кейін, Талдықорған қаласындағы «Арсалон» сән үйі тігеді.
- «Қыз дауысты еркекте қуат болмайды, еркек дауысты әйелде ұят болмайды» деген тіркес бар. Қазір қазақтың болмысына жат, жіңішке дауысты, зарлап айтатын орындаушылар көбейіп кеткен сияқты.
- Қазақ эстрадасы 2000 жж. бері қарай өзгеше бір басқа стильге ауысқан сияқты. «Досмұқасан», «АБК», «Нұрмұқасан» топтарынан кейін бертін келе тыңдарман талғамы да, әншілер талғамы да өзгеріп лирикаға әуестене бастады. Біздің эстрадада қыз сияқты шыңғыру, жоғары тонды алып, айқайлау белең алғаны жасырын емес.
- Сіз мұндай әндерді тыңдайсыз ба?
- Ән айту шеберлігі ретінде тыңдайтын бір-екі әнші бар. Димаш Құдайбергенов ерекше созып, шыңғырып айтады дейді, «Меломен» тобындағы Жігер де тым жоғары дауысты алып жүр. Әннің шеберлігін бағалап, өзгешелігін айқындау үшін оларды тыңдаймын. Орта буындағы әнші болғандықтан, ақыл айтып, бағыт көрсететін деңгейге жеттім деп ойламаймын. Десе де, жігіттің өзіне тән қоңыр дауыста ән айтып, жігітше киінгені құба-құп.
Сұхбаттасқан Айгүл ДӘДЕН Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН