Бүгінгі тақырыбымыз – Маңғыстауға таяуда ат ізін салған белгілі шетелдік қонақтар жайлы. Соңғы айларда Бекболат Төлегенұлы АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол мен «National Geographic» журналисі Пол Салопек есімді азаматтармен бірге Маңғыстаудың таңғажайып жерлерін аралаған еді. Бірі - мықты дипломат, екіншісі білікті журналиске тұтас бір өлкенің тарихы, геологиясы, қасиеті туралы әдемі әңгімелер айтып, жолсерік бола білген Бекболат осы сапарлардан не түйді? Мұндай ғылыми әрі танымдық саяхаттың Маңғыстау үшін, Қазақстан үшін маңызы қандай? Үш тiлдi жетiк меңгерiп, косымша түркi тiлдерiн – көне кыпшақ пен оғыз халықтары сөздерiнiң этимологиясын зерттеп жүрген Бекболат Төлегенұлын әңгімеге тартып, мiнбер ұсындық.
АНЫҚТАМА: Түркітануда Ғұбайдолла Айдаровтың, өлкетану мен елтануда Серікбол Қондыбайдың ілімін, ізін жалғастырушы жас түркітанушы, геолог Бекболат Төлегенұлынан қазірдің өзінде ғылыми ортаның күтері көп. Түркітанушы Қ.Сартқожаұлы, өлкетанушы А.Еділхан, т.б. азаматтардың Бекболаттың зерттеу бағыты мен тырнақалды еңбектері туралы жазған пікірлері несие сөз ғана емес, лайықты баға. Оның оқушы, студент кездерiнде жазған ғылыми-көпшiлiк мақалаларын республикалық баспасөзде жариялауга Ғарифолла Әнес, Аманқос Мектептегi сияқты белгiлi тiлшi, ғалымдар жол ашқан.
«Голливуд келіп, қай жерде кино түсіру керек десе, сөзсіз Маңғыстауды айтар едім»
- Жақында АҚШ елшісі Джордж Крол мырзамен бірге Маңғыстаудың қасиетті орындарын аралап жатқан сәттеріңіз туралы республикалық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Бұл сапарға шығудың сәті қалай туды?
- АҚШ елшісі Джордж Крол келместен бұрын, Қазақстан Стратегиялық зерттеу институтының нұсқауымен, Астана елшілігінің мамандары хабарласып, тарихи-рухани орындарға жолсерік болуымды сұрады. Елшінің Маңғыстауға табан тірегендегі өзге де ресми жоспардан тыс мақсаты Бекет ата мен Шопан ата мешіттерін көру болыпты. Жұма күні таңда Джордж Крол мырзаның әріптестерімен бірге сапарға шықтық. Жүргізушілермен қосқанда 10 адам болып, 3 көлік қасиетті орындарға бағытын бұрды. Жолшыбай Қазақстанның ең төменгі нүктесі Қарақия ойысын көріп, Жаңаөзен арқылы жүрдік. Өзен кен орны маңындағы әр түрлі ландшафттарды тамашалаудың сәті туды. Шопан атаның күйеу тамын көрген сәттен бастап, елшінің таңғажайып тарих пен табиғатқа деген құлшынысы артты деуге болады. Кейін республикалық сайттарда шығып, қол жайып, шырақ жағылып жатқан кездегі әдемі кадрлар да сол күйеу тамында түсірілген.
- Тақия киіп, шырақ жағу рәсіміне қатысу елшінің өз тілегімен болды ма?
- Шыны керек, бұл кісінің Бекет ата жерасты мешіті туралы біліп, азды-көпті мағлұмат жинап келгеніне таңғалдым. Содан болу керек, Джордж мырза мұны өз көзімен көріп, киелі жерден әсерін алып қайтуды мақсат тұтқан. Әрине, қасиетті жерлерге алыстан келген шетелдіктердің мұндай жерге бару тәртібін білмеуі кешірімді. Сол себепті қазақтың дәстүрі бойынша келген қонақтарға анам арнайылап алған тақияны сыйлауды жөн көрдім. Мұндай ырымға ризашылықпен қараған елші мырза тақияны сапар соңына дейін шешпей жүрді. Сенек бағытында Бекет атаға барар жолда «Ата жолы» ескерткішіндегі шар тастарды көру сәтінде ресми табысталған еді. Осы жерде тағы да айтпағым, шар тастар туралы да бұл кісінің біліп-түйгені көп екен. Біздің діни наным-сенімімізге құрметі зор болды деп ойлаймын. Менің жеке байқағаным, мұсылманша білмесе де, қасиетті орындарға кірер алдында іштей күбірлеп, рұқсат сұрап ишарат білдіріп жатты. Ым-ишара белгісі ұлт, дінді талғамайтын ортақ тіл ғой. Ізеттіліктің белгісі болу керек, зиярат орындарына баса көктеп кірмей, білмегенін сұрап, ілтипат танытып отырды. Тәбәрік ретінде әкелген бұйымдарын қойды, садақа-сарқыттарын үлестірді.
- Қонақтың мұндай киелі жерлерден алған әсері қандай?
- Шопан ата мешітінде аз аялдаған соң, Джордж мырза өз әсерімен бөлісті: «Бүгін ерте тұрғаныма қарамастан, мен өзімді өте жеңіл сезініп тұрмын. Расында, қазақтың тылсым табиғаты бойыма күш беріп тұрғандай. Мұндай жерлерді көзбен көрген әсерлірек». Елші өте көңілді, әрі күш-қуаты көп адам екен. Бекет ата мешітіне келген соң, асқа қарамай, бірден төменге түсуге ниет білдірді. Киелі орындарда да жануарларды, соның ішінде арқар, тасбақа сияқты тірі жан дүниелерін өз көзімен көру арманы екен. Шопан атада дәл алдынан тасбақа шықты, біз де мұны жақсылыққа жорыдық. Мұның алдында ғана сәуірде «Тасбақа дауылынан» аман шыққан кезіміз ғой. Кетіп бара жатқанымызда да, тағы бір тасбақа жолығып, жолын кеспей айналып өттік. Қайрақты тауынан өткенде қолындағы 1000 теңгедегі суретпен салыстырып, Марсиан ландшафтына сүйсіне қарады. «Мен білемін», - деді ол, - енді Голливуд келіп, қай жерде кино түсіру керек десе, сөзсіз Маңғыстауды айтар едім». Содан кейін Бекет ата мешітіне жақындап келе жатқанымызда,Үстірттің үстінде ғана көрінетін аран дейтін құрылымдарға кезіктік. Аран деп аңшылардың арқар (муфлондар), қарақұйрықтарды барған сайын ауқымы тарыла түсетін ойма жолға қуып отырып, қырдың құламасынан ұшырып құлатуға арналған құрылысты айтады. Қайрақтының бойынан өткен кезде осы жер мен Қарақия маңы Грант Каньонға ұқсайтындығын да айтты.
- Маңғыстау түбегінің қыр-сырын, ерекше табиғатын жайшылықта байқай бермейміз, дұрысы бағаламай жатамыз. Республикалық басылымдарда Джордж Крол алған әсерін тамаша жеткізіпті...
- Оның рас, Джордж Крол Өзбекстан, Беларусь елдерінде де елші болған кісі екен. «Менің ең сүйікті қалам – Бұқара, онда мешіттердің түрі бар», - деді ол. «Ал сіздің мешіттеріңіз табиғатпен сіңісіп тұрғандай. Адам мен табиғатты бөліп тұратын ештеңе жоқ. Құдайға табынатын жер табиғат болуы керек. Адамдар дінге, ұлтқа, тапқа неге бөлінетінін түсінбеймін. Менің ойымша, біз құдайдың алдында теңбіз. Ал сіздер менің ойымды іс жүзінде дәлелдеумен өмір сүріп жатқан халық сияқтысыз. Дүние жүзінде 4 үлкен держава бар. Ол Ресей, АҚШ, Қытай және Қазақстан». Қонақтың айтқан сөзіне сеніңкіремей себебін сұрадым. «Мен жағымпаздану, яки мақтау үшін асыра сілтеп отырған жоқпын. Бұл айтқаным, жеріңіздің ауқымы жағынан да емес, сіздерде, біріншіден, халықаралық қарым-қатынас жоғары дамыған, ресурстар, табиғи және рухани қазба-байлықтар, географиялық орналасуы жағынан үлкен потенциал бар. Мен елші ретінде осыны мойындаймын», - деді ол.
- Джордж Крол – бірнеше жыл Қазақстанда қызметте жүрген елші. Қазақтың салт-дәстүрі мен тілін тануға ниеттеніп қалған болар?
- Әлбетте, қызметі елшілік болған соң, татулық пен жақсы қарым-қатынас жасау үшін үйренуге, тануға ниет танытады. Ол кісіні алғаш көргенде «Hello» деп амандастым, жауап ретінде елші маған «Сәлеметсіз бе» деді. Өз тілінде сөйлесе қай қазақтың да іші жылып қалады ғой, сол бір ауыз сөздің арқасында елші үлкен істердің оңтайлы шешілуіне ықпал етіп жүргендей көрінді маған. Джордж Кролдың Қазақстанда ең құнды көретін бұйымы киіз үй екен, тіпті, Астанадағы елшілігіне арнайы киіз үй орнатыпты. «Кез келген жыл мезгілінде киіз үйде отыруға ыңғайлы болу үшін ішіне арнайы жылу-салқындату құрылғылары орнатылған. Мен алыс шетелден келген қонақтарды осы киіз үйде күтіп аламын. Киіз үйде қонақтармен шай ішу өзгеше рухани күш сыйлап, қанаттандырады», - деді ол.
Пол Салопек Маңғыстауға кіру арқылы бүкіл ел туралы көзқарасын қалыптастырады
- Бекболат, сізге «National Geographic» журналисі, 2 мәрте Пулитцер сыйлығының иегері Пол Салопек мырзамен Маңғыстаудың кейбір жерлерін бірге аралаудың да сәті түсті. Сол туралы әңгімеңізді кеңірек тарқатсаңыз...
- Алдымен, Пол Салопек туралы айтар болсам, ол жиһанкез журналист. 2013 жылы Пол Салопек «National Geographic» журналы, Knight және Abundance қорларының демеуімен «Out of Eden Walk» («Жұмақтан басталған саяхат») жобасына кіріскен. Жоба бойынша ол ежелгі адам миграциясы жолымен Африкадан Еуразияға, одан Аляскаға жаяу саяхаттауы тиіс. Арада үш жыл өткенде ол Қазақстанға келіп отыр. 2015 жылдың қарашасында қалалық әкімшіліктен шетел журналисі келетінін айтып, көмектесуімді өтінді. Содан кейін Астанадағы «National Geographic» өкілдігі, кейін Алматы елшілігі хабарласып, жоба туралы кеңінен айтты. Осылайша, желтоқсанның 28-і күні Пол Салопек теңіз портынан түсіп, жаяу келіп Ақтауға орналасқан. 31 желтоқсан күні белгілі журналист біздің үйде қонақта болып, ұлттық тағамымыздан дәм татты. Сол күні жобаны нақты талқылап, күрделі жоспар құрдық.
- «Out of Eden Walk» жобасының Маңғыстау үшін маңызы қандай?
- «National Geographic» – 50-ден аса мемлекетте 48 миллион оқырманы бар дүниежүзілік журнал. Қазақ мәдениетінің тұтас бір адамзат, өркениеттің қалыптасуына қосқан үлесін осы журнал арқылы көрсетуіміз керек болды. Пол Салопек Маңғыстауға кіру арқылы бүкіл ел туралы көзқарасын қалыптастырады, сондықтан біз бұл өңірдің бірегейлігі арқылы тұтас Қазақстанның қандай екенін көрсетуіміз тиіс болды. 2-3 адам жаяу жүретін сапар болғандықтан, алдымен қауіпсіздік бірінші орында тұрды. Екіншіден, шөлейтті аймақтардан су көздерін табу жағдайын қарастыру, сондай-ақ жоспарда тарихи киелі орындарды көру керек. Ақтаудан Ақжігітке дейінгі аймақты орта есеппен алғанда жаяу 1 айда жүріп өтуге болады екен. Бұл бағытта шамамен бұрынғы ата-бабаларымыз жүріп өткен кіші Ноғай жолы алынды. Бұдан бөлек, жоспардан тыс Пол Салопек көруі тиіс аймақтарға да бару көзделді. Мәселен, Маңғыстаудың жыраулық дәстүрін көрсеттік. «Манас» – дүниежүзілік рекордтарға кірген жыр, дегенмен Манас жырынан ұзақ бола тұра, «Қырымның қырық батыры» дастаны дүние жүзіне танылған жоқ. Ал «Манас» «Қырымның қырық батыры» жырының бір бөлімі ғана деген де ойлар бар. Сондай-ақ, Пол Салопек Маңғыстаудағы емшілер туралы да кеңінен зерттеу жүргізді. Киелі жерасты орындар шоғырланған Маңғыстаудың бүгінгі мен кешегісінің байланысы қаншалықты деген сұрақтың жауабын іздеді. Адамзаттың аң аулаудан көшпенділікке ауысуы дәлелденетін мекен – Қосқұдыққа барып қайттық. Қосқұдық – адамзаттың қалай пайда болғандығы туралы деректер жинақталған орын, мұны Андрей Астафьев арқылы білеміз. Археолог Астафьевпен бірге Пол Салопек қасиетті орындарды аралады, алдағы уақытта өз жазбалары арқылы бүкіл әлем Маңғыстауды, Қазақстанды танитын болды. Пол Салопек Наурыз мейрамын Маңғыстауда қарсы алды. «Amaltalks» интеллектуалдық ортасында өз тәжірибесін бөлісті.
- Соңғы жарты жыл ішінде Пол Салопек, Джордж Крол сынды өз ісін жетік меңгерген ірі тұлғалармен дәмдес болу бұйырған екен. Бұл сапарлардан не түйдіңіз?
- Тарихшы болуды армандадым, дегенмен, мақсатты түрде техникалық мамандық – геологияны бітіріп шықтым. Менің тарихқа, қазір өзім зерттеп жүрген көне түркі жазбалары, руна ескерткіштеріне деген қызығушылығым өз алдына, анағұрлым нақты факттерді білуді талап ететін геология саласына да аңсарым ауып тұрады. Қалай болғанда да, Маңғыстау геологиясы мен тарихын екі бөліп қарастыруға болмайды. Мысалы, Алан Медонов есімді ғалым өңірімізді тек геологиялық тұрғыдан зерттеп, картаға түсіріп қана қоймай, тарихи ескерткіштерін атап берген. Ілияс Есенберлин, Олжас Сүлейменовтер де солай. Маңғыстау этнографиясы, географиясы, тарихына өшпес із қалдырған Серікбол Қондыбай туризмді дамытудың идеалды бағдарламасын жасап кетті. Маңғыстауға келгенде, турист үшін қымбат қонақ үй, жайлы орын, брэнд кәсіпорындар мен сауда орталықтары, бірегей қызмет көрсетулер мен демалыс орындары қызықты емес, тарихи, киелі орындар, қасиетті жерлер маңыздырақ. Сол себепті мен үшін Маңғыстау туризмін дамытуда осы киелі орындарға бару жолдары, сол орындардағы қызмет көрсетулер мен мүмкіндіктерді жоғары деңгейге жеткізу ең өзекті мәселе болып тұр. Осы жолда кішкентай ғана үлесімді қоса алсам, арманымның орындалғаны деп ойлаймын.
Әңгімелескен Айгүл ДӘДЕН
Суреттер Бекболат Төлегенұлының "Фейсбук" парақшасынан, ғаламтордан алынды