Жуырда «Өрлеу» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының мұрындық болуымен Маңғыстау аудандық Халық театрының кәсіби режиссері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Нұритден Мұхамбетжановтың 90 жылдығына орай «Өнері де өмірі де – Театр» еске алу кеші өткізілді.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген Шетпе кентінің құрылғанына 50 жыл толу мерекесі аясында белгілі тұлғаларымызды дәріптеу, жас ұрпаққа таныту бүгінгі күннен басталып кетті. Елуінші жылдардың екінші жартысынан бастап елімізде көркем өнерге бетбұрыс ерекше сипат алған болатын. Түбегіміздің түлектері республиканың түрлі қалаларындағы жоғарғы оқу орындарынан әртүрлі мамандық иелері болып елге оралуы ауданымызға мәдениетке, өнерге ұмтылыс лебін де қоса әкелген еді. «Ел іші - өнер кеніші» деген қанатты сөз шын мәнін ашып, ел ішіндегі өнерге бейім жастар сахна төріне шыға бастады. Сондай өнер ұжымдарының бірі Маңғыстау аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған драма үйірмесі болатын. Бұл ұжым 1962 жылы Мәдениет министрлігінің бұйрығымен Халықтық атаққа ие болды, оны алуға ықпал еткен тұлғалардың бірі әрі бірегейі аудандық халық театр ұжымына 50 жылдай жетекші-режиссерлық еткен Н.Мұхамбетжановтың еске алу кешінде аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров саналы ғұмырын аудан өнерін өрістетуге арнаған тұлға туралы сөз қозғады. Н.Мұхамбетжанов туралы бейне жазба дайындап, көрерменмен қауыштыруға жұмыстанған театрдың ардагер өнерпазы, ақын Қ.Демеубергеновтің «Өнермен өрілген өмір» деректі фильмі көпшілікке жол тартты. Театр сахнасында талай рөлдерді сомдап, жұртшылық жүрегінде айтулы өнерпаз ретінде есімдері жатталған Т.Ахметова, Қ.Адақова, Д.Тілепова апаларымыздың жылы лебіздері тыңдалды.
Шара аясында аудан көлеміндегі драма ұжымдары арасында «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкер» Н.Мұхамбетжанов атындағы драма ұжымдарының байқауы өткізілген болатын. Кеш барысында байқаудың жеңімпаздары марапатталып, Н.Мұхамбетжанов атындағы бас жүлдені Жыңғылды ауылының драма ұжымы, І орынды Шайыр халық театры , ІІ орынды Үштаған ауылының драма ұжымы, ІІІ орынды Онды ауылының драма ұжымы мен Шетпе гимназиясының драма ұжымдары қанжығалады.
Сағынышқа айналған сол бір шақтар еске оралып, әсем ән мен тәтті күй әуелеген кеште Н.Мұхамбетжановтың ұрпақтары ұйымдастырушыларға алғыс арнап, ақ жарма тілектерін айтты.
Г.ШЫҢДЫБАЕВА