©
Ақтау қаласында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «BI-Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалінің облыстық іріктеу туры басталды. Байқау мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылық қабілет-дарынын дамыту, әлеуметтік белсенділігін арттыру, талант-талпынсына қолдау танытуға бағытталған.
«Маңғыстау облыстық білім басқармасы ұйымдастыруымен өтетін фестивалге өңір бойынша 84 оқушы қатысып жатыр. Олар ән салу, би билеу, ым-ишара және қол қимыл-әрекеті арқылы ән шырқау, күй тарту, ұлттық музыкалық аспаптарда ойнау, қолөнер бұйымдары мен көркем-сурет туындыларын халық назарына ұсыну кезеңдері бойынша сынға түседі. Қатысушылардың жас шамасына шектеу қойылмайды. Мүгедек балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаттар мен мамандандырылған мекемелердің оқушылары ат салысуда. Жас өнерпаздар концертін республикалық комиссия мүшелері тамашалап, бейнебаянға түсіреді. Байқау нәтижесі әділ қазылар алқасының қызу талқысынан өтіп, мәлім болмақ»,-дейді облыстық оқу-әдістемелік қосымша білім беру орталығының директорының тәрбие және қосымша білім беру жөніндегі орынбасары Жиде Жеткізген.
Байқау соңында өнерлі жастарға облыстық білім басқармасының арнайы сертификаттары табысталды. Сонымен қоса, өнерлі өрендер көтеріңкі көңіл-күймен «PR» мейрамханасында дастархан мәзірінен дәм татты.
Голрох Жеменей
Фото: Талант Құсайын