©
Музей – еліміздің өткені мен бүгінін жалғайтын, тарихтан сыр шертетін мәдениет ордасы адамзат дамуымен қатар әр тарихи кезеңде өсіп, дамып келеді. Жыл сайын 18 мамырда Халықаралық музей күні тойланады. Бұл күні музейге келушілерге барлық экспонаттарды тамашалауда тегін қызмет көрсетіледі.
Биыл алғаш рет Шетпедегі С.Қондыбай атындағы мемориалдық мұражайда «Музей түні» өткізілді. Шара көрермендерді мұражаймызға көптеп тарту, жастардың рухани мәдениетпен сусындату, мұражай қорындағы С.Қондыбай еңбектерін жаңа форматта насихаттау және келушілерге кызметкерлеріміздің кәсіби шеберліктерін насихаттау бағытында жүргізілді.
Мерекелік кештің ашылу салтанатында аудан әкімі Ж.Айтуаров, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Т.Жұмалиева, Бейнеу аудандық мұражай қызыметкерлері және аудан тұрғындары қатысып, мұражай қызметкерлерін мерекемен құттықтады.
Алдымен С.Қондыбай еңбектерінде талданған халық ауыз әдебиеті үлгілерінен үзінді оқу сайысында Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің оқушысы А. Лагербаев, Б. Жұмалиев атындағы орта мектеп оқушысы Қ.Тасқара, Шетпе лицейінің оқушысы Ш.Алдабергенова, Онды орта мектебінің оқушысы Р.Есетқызы батырлар жырларын жатқа айтып жеңімпаз атанды.
Мұражай дәлізінде С.Қондыбайдың кітаптарынан көрме ұйымдастырылды және оқып танысуға мүмкіндік жасалды. Содан соң "Бақытын басынан тепкен адам "атты сахналық қойылым қойылды және "Қамажай биі" орындалып оның Серікбол көзімен талданған нұсқалары таныстырылды. Көрме залдарындағы мифологиялық аңыздардың кейіпкерлері "Ұмай ана", "Бақсы", "Пері қыз", "Айдаһар", "Жылан ана" ролдерін мұражай қызметкерлері сомдады. Мұражай алаңында мұражай суретшісі Е.Ещжанов «Аңыздарға саяхат» суретшілер сайысын өткізді. Келушілер үшін мерекелік кешкі дастархан жайылып "Музей түні" мәдени шарасына белсенді қатысушылар марапатталды. Кеш конақтары алғаш ұйымдастырылып отырған шараға өз ризашылықтарын білдірді.
"Жаңа өмір"
Көрнекі сурет сайттың архивінен