Жаңаөзен қаласында елеулі оқиға орын алды. Жарты ғасырлық тарихы бар мұнайлы қалада тұңғыш «Жаңаөзен жұлдызы» журналы жарық көріп, мамыр айының басында алғашқы нөмірі оқырмандардың қолына тиді.
Журналдың бас редакторы Айнагүл Күшікбайдың айтуынша, мерзімді басылым айына бір рет шығады. Танымдық әдеби-көркем бағытты ұстанған журнал Маңғыстаудың тарихын, шежірелі өлкесін, ұлтымыздың рухани құндылықтарын қамтитын болады. Оған қоса, қаламыздың өркендеуіне өз үлестерін қосып, күнделікті тыныс-тіршіліктің нар жүгін көтеріп жүрген азаматтар жайында очерк, сұхбат, құттықтаулар баспасөз бетінен орын алады. Түрлі-түсті болып шыққан алғашқы санында танымал азаматтардың лебіздері, мамыр мерекелеріне орай арнайы материалдар, тарихи тұлғалар, түрлі кеңестер, ақпараттар жарық көрген.
Журналдың редакциялық алқасы өз ісінің білікті мамандарынан құралған, ұйымдастырушы - Қазақ хақық шежірешісі Қаржаубай Рейімбайұлы. Журнал «Ел жаңалықтары», «Денсаулық-зор байлық», «Мұнайшының бір күні», «Ұстаз жолы-ұрпаққа», «Кәсіп түбі-нәсіп», «Халықтың бата тілектері» сияқты айдарларлардан және қыз келіншектерге арналған арнайы беттен тұрады.
Жаңаөзен-Ақпарат