©
Түпқарағандықтардың тағы бір толқыны үлкен өмірге аяқ басты. Балалықты мектеп қабырғаларында тастап, болашағына таңдау жасап, азаматтықтың алыс сапарына шықты.
Аудандағы 8 мектепті биыл 187 қыз-жігіт бітіріп шығыпты. Осы жастардың таяу болашақта Түпқарағанның маңдайалды азаматтары болатынына сенім бар. Олай деуге себеп – олардың білім деңгейінің жоғарылығы. Аудандық білім бөлімінің бастығы Айбаршын Өтесбаеваның айтуынша, биылғы түлектердің ішінде Алтын медальдан үміткер 7 қыз-жігіт бар екен! Бұндай көрсеткіш бұрын-соңды болып көрмеген. Әрине, алда әлі Ұлттық бірыңғай тест бар, жүйріктен жүйрік озар жарысқанда дегендей, Алтынның кімді күтіп тұрғанын сонда білеміз. Әзірше, жеткіншектерімізге жол болсын дейміз дағы!.. Айта кетейік, түпқарағандық түлектер Ұлттық бірыңғай тестен 9-маусым күні өтеді. Оған мектеп бітірген 187-нің 160-ы қатысатын болды.
Олардан басқа түлектеріміздің ішінде халықаралық, республикалық ғылыми жоба байқауларының жеңімпазы болған 16 жас бар!
Соңғы қоңырау салтанаты мектептеріміздің барлығында да көңіл толқырдай әсерлі, әдемі болып өтті. Ақшұқырдағы мектеп-лицейдегі салтанатқа аудан әкімі Темірбек Асауов қатысты. Аудан басшысының осы мектеп-лицейді таңдауы тегін емес – Алтын медальдан үміткер аталмыш 7 түлектің алтауы осы білім ордасынан шығып отыр! Директоры Қаламқас Тілеубаева кезінде Сайын ауылындағы №1 мектеп-лицейді басқарып, қатарынан бірнеше жыл бойы білім сапасының жоғарылығы жағынан облыста алдыңғы қатардан табылған болатын. Таңдаулы ұстаз, шебер ұйымдастырушының қолтаңбасы тағы да көрініп отыр.
-Біз, аға ұрпақ өкілдері, соңымыздан сіздердей білімді, дарынды, талапты, өжет ізбасарларымыздың жаңа толқыны келе жатқанына қуанамыз. Ауданымыз – облыстағы донор аудандардың бірі, яғни, алдыңғы қатардағы, жедел дамып келе жатқан өңір. Оның болашағы қазіргіден де жарқын. Бүгін мектеп бітіріп отырсыздар, алдарыңызда жоғары білім алып, білікті, білгір маман болып, туған жерге оралу міндеті тұр. Тізгін ұстауларыңыз керек, ел басқарып, жаңа технологияларды игеріп, жаңа өндіріс құруларыңыз керек. Мен сенемін, сіздер туған жерімізді жаңа биіктерге шығаратын боласыздар, -деді аудан басшысы.
- Менің байқауымша, қазіргі балалар жоғары техникалық білім алуға ынталы. Еліміз жылдам дамып келеді, осы заманғы өндіріс орындары көптеп салынуда. Күн, жел энергиясын игеруге деген ұмтылыстың өзі ынталы, жаңалыққа құмар жастар үшін жаңа көкжиек, жаңа мүмкіндіктер емес пе! Барлық жерде білікті инженерлерге, физиктерге, химиктерге деген сұраныс өте күшті. Балалар осыны жақсы біліп отыр деп ойлаймын, - дейді Қаламқас Тілеубаева.
Ал бүкіл облысымыздағы ең алғашқы оқу ордаларының бірі, кезінде С.Киров атымен аталған, қазір Е.Өмірбаев атындағы мектептегі соңғы қоңырау салтанатына осы мектепті 50, 40, 30, 20 және 10 жыл бұрын бітірген түлектер де келіп қатысты. Осыдан 50 жыл бұрын мектеп бітіргендердің арасынан аймағымызға танымал азаматтар, уақытында ауданның басшылығында болған Аманғали Қапуов, Қалпен Есетов, марқұм Тілеумұрат Қожабеков, мықты менеджер болған марқұм Аманқос Қарабалаев, Аман Күзембаев, айтулы музыкант Айтберген Жаңбыршин, атақты сәулетші Жамаладин Есбергенов сынды азаматтар шықты. Осы күнге дейін ұйымшылдығымен танылып, достықтарына сызат түспеген осынау аға-апалардың өмірінің өзі мына жас түлектерге өнеге болғандай.
- Біздер заманның қиын кезінде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қаланы басқарып, экономикасын тұралатпай аман сақтап қала алдық. Көптеген жақсы, жасампаз істердің бастауында болдық. Сөйтіп, жаңа, қарышты дамудың іргетасын қаладық. Осы жетістіктерді, жасампаздықты сіздерге, жас түлектер, айналайындар, аманат етіп қалдырдық. Туған жердің болашағы сендердің қолдарыңда! Тезірек білім алып, тәжірибе жинап келіп, туған жердің тізгінін қолдарыңа алыңдар! Сендерге ақ жол, сәт сапар тілейміз, - деді салтанатта Қалпен Есетов.
Сонымен, оқу жылының соңғы қоңырауы соғылды. Жас түлектер үшін бұл қоңырау – өмір мектебінің алғашқы қоңырауы болмақ. Толқу да, қобалжу да, алаңсыз балалыққа деген қимастық та, ата-анасындай болған ұстаздармен қоштасардағы тебіреніс те осыдан. Көзге мөлтілдеп жас та келді, әрі қимастық жасы, әрі қуаныш жасы.
Жолдарың болсын, айналайындар! Жолдарың болсын!
Айсағали ҚЫДЫР
Анар РАХИМБЕКОВА